Жемқорлықтың алдын алу – ортақ міндет

698

0

Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті етіп қойды. Бұл тұрғыда сыбайластық қатерлерін төмендетуге, мемлекеттік органдар қызметіне қоғамның сенімін арттыруға бағытталған қоғамдық бақылаудың тетіктерін енгізе отырып, жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жасау басымдыққа алынды. Осы орайда қоғам үшін қауіпті қатердің кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру «Nur Otan» партиясының да маңызды бағыттарының біріне айналды.

Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту мақсатында партия тарапынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданып, жоспарлы жұмыстар жасалып келеді. Жемқорлықты тудыратын себеп-салдарды жою, сыбайластық тәуекелдерін анықтау, лауазымын асыра пайдалану сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы істер бүгінде партия филиалдары жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер мен Партиялық бақылау комиссиялары тарапынан жүйелі жүргізілуде.

2021 жылдың 9 айы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында аймақтық 8, аумақтық қоғамдық кеңестерде 48 отырыс өткізілсе, партиялық бақылау комиссияларының ұйымдастыруымен 72 отырыс өтті. Жиындарда Сырдария, Қармақшы аудандық, Қызылорда қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағаларының, облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, құрылыс басқармалары басшыларының есептері тыңдалып, тиісті ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, Партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің  қатысуымен әлеуметтік құрылыс нысандары мен жолдардың сапасына, облыстың әлеуметтік-экономикалық саласындағы жобалардың іске асырылуына және бірнеше мәрте  резонанстық мәселелерге талдау жасалды.

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасында жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда облыс бойынша жыл басынан бері 21 партия мүшесі жауапкершілікке тартылып, 16-на «ескерту», «сөгіс» түрінде партиялық жазалар қолданылса, 5 мүше сыбайлас жемқорлық сипаттағы әрекеттері үшін партия қатарынан шығарылды.

Жалпы сыбайлас жемқорлықпен ортақ күресте қоғамның белсенділігін арттыру партияның тұрақты назарында. Бұл бағыттағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында түрлі кездесулер мен  қоғамдық, көшпелі қабылдаулар  өткізіліп, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың қызметіне тұрғындардың сенімін арттыруда біріккен жұмыстар атқарылуда. «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалы партия басшысының әрбір бастамаларына дем беруші ғана емес, алға қойылған міндеттерді шешу үшін қоғамды жұмылдырудың шынайы діңгегі болып отыр. Осы орайда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «ҮЕҰ-ның, сарапшылар қоғамдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге облыстың мемлекеттік органдары басшылары мен жұртшылығын тарта отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, «Antikor Ortalygy» сервистік орталығы, «Ашық әкімдік», «Халыққа қызмет ету орталықтарында» тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы мұндай жұмыстарды партия  филиалдары жанындағы кеңес мүшелері тұрақты түрде жүргізіп келеді. Елбасы атап өткендей: «Уақыт сынынан өткен партияның тәжірибесі қайбір мәселеге болса да тың серпілісін қоса алады. Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып, жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді жоғалтып, ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады». Сондықтан  баршамыз бұл маңызды міндеттерді сәтті іске асыру үшін өз үлесімізді қосуға, мемлекет мәртебесін жаңа биікке көтеруге және сыбайлас жемқорлықсыз қазақстандық қоғам құруға барынша қолдау көрсетуіміз қажет.

Бұл орайда партия елдің келешегі мен азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті арқалай отырып, қоғам мен мемлекеттің күшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, оның пайда болу себептерін жоюға жұмылдыра беретін болады.

Ләйлә ТӨРЕШОВА,

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<