Қамшыбектің атасы

331

0

Әл Фараби мұрасын зерттеуші ғалым Ақжан Машанов ағамыздың: «Тарихтан баста, тарихпен аяқта» дегені есіме түсіп мақаламды  ертеректен бастауды жөн көрдім.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Қызылорда мен Қарағанды облыс­тарының шекараларындағы жайылымдық жерлерге байланысты  келіспеушілік іс-әрекеттері жиі орын алады.  Бұл  даулы мәселеге екі облыстың  ішкі істер қызметкерлері де араласады. Содан, бұл мәселеге байланысты бітімгершілік кездесуге Қарағанды облысынан Жезқазған аудандық  ішкі істер бөлімінің  бастығы Сағындық Жабағыұлы, Қызыл­ордадан милиция майоры Балықбай Қоңқабаев  қатысады. Ең қызығы,  екі  өңірдің дау-дама­йын  шешу барысында танымал Құтан әулиенің екі ұрпағы кездеседі. Бұл жерде  аталастығы жақын екі туыстың табысуынан көп жылдар бойы шешілмеген  іргелес  қоныс­танған қандастарымыздың даулы мәселесін екі жақты мәмілемен реттеуге ықпал етеді.

Осылай Сыр мен Арқа елдеріндегі аталастар арасына алтын көпір жолы  қалыптасқан. Кейін, Халық ағарту ісінің үздігі жолдас Жүсіпов­пен шипажайда  кездестім. Ол кісі маған Балықбайдың есімін Бағаналы жұртының төрт босағасының бірі Сандыбайдың Дүзенінің тұқымы Қасқабайдың Қасенінің қойғанын әңгімелеп берді. Бұл жерде бәрін баяндауды жөн көрмедім. Дегенмен, Қасқабайдың Қасені ат қоярда былай депті: – Қоңқабай шырағым, атадан жалғыз екенсің. Өмірге келген нәрес­тең де жалғыз екен. Нәрес­те перзентіңе ырым етіп ат қоя­йын. Мен бір-екі жыл болды, мына кісілерге басшы болып, балықты кәсіп етіп жүрмін. Жазда аулаған балықты жыңғылды жағып ыстап, ысталған балықты түйелерге артып Шиеліге жеткіземіз. Қыста тоң балықтарды түйе шаналармен жеткіземіз. Игілігін халқым көруде. Бұл бізге сарқылмас  байлықтың көзі, әрі тарықтырмас несібе болып тұр. Таусылмас дегенім, бір балықтың уылдырығынан бәлен мыңдаған балық өседі екен. Жұрттың бәрі айтылған сөзге ұйыған сәтте:   

Ал енді қолыңды жай, Қоңқабай шырағым, берген батам, періштенің құлағына шалынып, Алла қабыл етсін. Балаңның аты – Балықбай болсын, балықтай ұрпақ шашсын, әумин!» деп ат қою рәсімін жасайды.

Дуалы ауыз Қасен ханның батасы қабыл болған Балықбай қажының ұрпақтары, шүкір, өркен жайып, егемен еліміздің әр жерінде жемісті еңбек етіп жүр. Балықбай қажы ағамның немерелері арасынан басқасын айтпағанда, Қамшыбектің әрбір жеңісін теледидардан тамашалап,  Кетбұқа, Бөгембай, Қабанбай, Бауыржан Момышұлы, Аталық, Құтан, Құттымбет және басқа бабаларымыз­дың рухы қолдап, жеңіс туларын желбірете беруіне құдіретті Алла тағаланың мақұлдауын тілегім кеп тұрады. Өйт­кені Балықбай ағамен Жезқазғанда жиі кездестім. Ол кісі отырған үйіне сәлем беруге тездетіп бармасаңыз, кезігу қиын, бір жерге көп тұрақтамайды. Бірде сәлемдесуге барғанымда, дастархан төріндегі ол топ адамның ішінде орнынан шапшаң тұрып, менімен құшақтаса амандас­ты. Мен  ұялғаннан: «Аға, тұрмай-ақ қойыңыз, өзім сізге жақындап амандасамын» ­десем: «…Өй боқмұрын, былшылдама, мен саған сәлем беріп жатқан жоқпын, сенің әкең – ағам Жәлелге сәлем бердім. Жәлел ағамыз халықтың ағасы болды емес пе?» дейді.

Сондай-ақ, Балықбай аға қандай ортада отырса да: «Қиындықты жең, ризық-несібеңді тер», «Дананы да, батырды да, Абайды да, Шоқанды да, Бөгенбайды да, Қабанбайды да, Бабыр, Кәдір, Сандыбай, Шегірді де дүниеге келтірген аналар, сондықтан аналарды сыйлаңдар» деп  ұлағатты ойларымен түйіндейтін еді.

Балықбай Қоңқабайұлы жастық жалынын Ұлы Отан соғысының сыз­ды окоптарында өткізіп, бейбіт күнде ішкі істер саласында қызмет етті. Өзі милиция майоры. Әлденеше рет облыстық басылымдарда Балықбай туралы материалдар шықты.

Әсіресе «Кызылординские вес­ти» (22 науырыз 2000 ж) газетіндегі «Нау­рыз Ата» атты мақалада оның Аяз Ата болып, мектептер мен қоғамдық орындардағы Жаңа жыл шыршаларында үлгі болғандығы майданда да, еңбекте де, зейнеткерлікте де, жастарға өнеге көрсеткен тынымсыз жан болғанын айғақтайды.

Балықбай қажыны ақтық сапарға шығару рәсіміне Жезқазғаннан көп адам бардық. Ал Қазақстаның әр өңірінен келгендерде есеп жоқ. Қызылорда халқы жаназада түгел болды. Өмірдің қилы-қилы иірімдерін дұрыс па­йымдай білетін Балықбай аға сияқты қариялардың еліміздің әр өңірінде көп болып, ұрпақтарымызға дұрыс бағдар беруі – ел егемендігін нығайту шарттарының бірі әрі рушылдық пен жерлестікке жол бермейтін сара жол деп ұғыну керек. Балықбай ағамды жүз жасқа толуымен есіме алғанымда Токио олимпиадасына  іріктелген спортшыларды ҚР Президиенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтің салтанатты қабылдауында Қамшыбек Бейсембайұлы Балықбай немересі Қоңқабаевқа еліміздің көк байрағының сеніммен тапсырылуы оқиғаның тарихтан басталып, жаңаша тарихпен жалғасу мысалы екенін жүрегіммен сезініп:

«Көк байрақтың мысы бассын, қарсыластардың сағы сынсын, алтындармен елге оралсын, Жаратушы құдырет, Қамшыбекке тілегімді ет» деп, Қыдыр бабамнан тілеген едім. Алайда, биылғы психологиялық факторлардың әсерінен бе, «Алтын» медальдің бұйырмауы, өкініштілеу  болғанымен, келешектегі жарыстарда ұлы жеңістерге жете беруі үшін, Қамшыбектің «Қола медалі» тек өз басына емес: спорттағы үстаздары мен бапкерлеріне, ұлтымызға, халқымызға Токиодан әкелген «тарихи тартуы» деп түсінелік.

Өміртай ЖӘЛЕЛҰЛЫ,

Қазақ педагогика ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор,

Жезқазған қаласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<