Қауіпсіздік талаптары құр сөз емес

401

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, салалық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.

Отырыста 2021-2022 жылғы жылу беру маусымында көмірқышқыл газы мен табиғи газға улану жағдайларының ал­дын алу мәселелері талқыланды. Ай­мақ басшысы биылғы жылу беру мау­сы­мында тұрғын үйлерде 205 өрт оқи­ғасы тіркеліп, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 2 процентке өскенін атап өтті. Өрттің алдын алу үшін бірлескен жұмыс­тарды күшейту қажеттігін қаперге салды.

Бүгінде облыс аумағында әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңға жуық отбасы тіркелген. Оның ішінде қатты отынмен жылытылатын пеш пайдаланатын 7691 отбасы бар. Бұған дейін облыс бюджетінен бөлінген 4,1 млн теңгеге 3750 отбасына көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғылар орнатылған.

Жиында төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Ізбасаров маусымдық кезеңдегі оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Сондай-ақ, оқиғалардың басым бөлігі тұрғындардың қарапайым өрт қауіпсіздік шараларын сақтамауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыру, электр желілерінің қысқаша тұйықталу салдарынан туындайтынын жеткізді.

Биылғы жылу беру маусымында 126337 тұрғын үй секторының ауласына бақылау жүргізіліп, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жасалған. Тұр­ғындармен 223 рет кездесу ұйым­дас­тырылып, ZOOM платформасы арқылы 42 онлайн сабақ өткізілген.

Анықталған жағдайларды саралаған облыс әкімі маңызды мәселенің бірі газ баллонынан болатын жарылыс салдарын зерттеп, алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде іске асыру қажеттігін қатаң тапсырды.

Комиссия отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жанмұрат Балғабаев, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрма­ғамбетов үйлерге көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғылар орнату, газ құю бекеттерінде газ жарылу жағдайларын талдап берді.

Облыс әкімі тиісті сала басшыларына газ құю бекеттеріндегі талаптарды бұзу деректерін анықтау үшін рейдтер ұйым­дастыруды, тұрмыстық газ баллонды автогаз бекеттерінде тол­тырудың қауіп­тілігін түсіндіру туралы арнайы медиажоспар әзірлеп, ақпараттық түсін­дірме жұмыстарын күшейту қа­жеттігін қаперге салды.

Аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, облыс аумағындағы әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 97 отбасының жарамсыз жылыту пештерін жөндеу немесе қайта салу, 42 отбасының тозығы жеткен электр желілерін өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келтіруді тапсырды. Сонымен бірге облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, Қызылорда қаласы және аудандар әкімдерімен бірлесіп, тұрмыстық газ баллондары мен газбен жабдықтау жүйесін қауіпсіз пайдалану бойынша қажетті шараларды қабылдау керек. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына жыл соңына дейін тұрғын үйлерге табиғи газды анықтайтын құрылғы орнату бойынша жұмысты ұйымдастыруды жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<