«Қоныстойымызға Елбасы қатысқан»

627

0

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылы Сыр еліне жұмыс сапары барысында «Арай-2» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді пайдалануға беру салтанатына қатысқан болатын. Салтанатта Тұңғыш Президент жас отбасының қуанышына ортақтасып, қоныс тойымен құттықтап, дастарханнан дәм татты.

Бұл Шалқар Демес пен Айзада Бұрханованың отбасы еді. Олар – білім саласының қызметкерлері. Отағасы об­лыс­тық білім басқармасында еңбек етсе, жары – қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінде ұстаз. Баспаналы болуды армандап, үй кезегіне тұрған. Қоныс тойына Елбасы қатысқан сәт естен кетпейді. Отанасы Айзада:

– Елбасының Қызылорда қаласына сапары біз үшін үлкен қуаныш болды. Содан бері бұл күн отбасымызда мереке. Үй кезегіне тұрғанымызға 5 жыл болған. Үш баламыз бар және тағы бір сәбиімізді күтіп отырғанбыз. Балаларымыз да ерекше қуанды. Әлі күнге дейін достары мен сыныптастарына үйімізде Елбасының өзі қонақта болғанын мақтанышпен айта­ды.  Нұрсұлтан Әбішұлы қыз­да­рыма ақ батасын берді.

Балаларым сол сәттің ес­те­лігіндей фотосуретке қарап, «болашақта білікті маман болып, ата-анамыздың сенімін ақтаймыз» деп уәде берген. Бүгінде үлкен қызым Самал М.Мәметова атындағы педаго­гикалық жоғары колледждің 4-курс студенті. Оқуын аяқтаса, еліне қызмет етуге даяр. Ал, Жанерке мен Гүлсезім мектепте оқиды. Үлгілі, озат оқушы. Жетістіктері де аз емес,– дейді көпбалалы ана.

Жаңа қонысқа келген соң бұл отбасы үш қыздан кейін ер баламен толықты. Ата-анасы, туған-туыс ырымдап, баланың атын Нұрсұлтан қойды. Қазір кішкентай Нұрсұлтан 5 жаста. Қабілеті ерекше. Алғыр, өте бауырмал.  Ата-анасы оның болашағынан зор үміт күтеді. Нұрсұлтанның ізінен  Аяна есімді қарындасы ерді.

Отағасы Шалқардың ай­туын­ша, баспанасы құтты ша­ңыраққа айналған. Жылдан-жыл­ға жағымды жаңалықтары есе­леніп, қонағы үзілмей келеді.

– Жыл сайын біз секілді қаншама  жас, көпбалалы отбасы баспанаға қол жет­кізіп, жылы да сапалы үй­лерде бақытты өмір сүруде. Мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­лардың арқасында бас­па­налы болған бақытты ша­ңырақтар қатарынанбыз. Бе­­рекелі ұямызда өніп-өсіп,  ба­лаларымыздың қуанышына бөлену және ол қуанышты бастапқыда Елбасымен бөлісу біз үшін бақыт бастауындай болып қала береді, – дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<