Рухия рухымыз бен көк туымызды көтерді

466

0

Белоруссияның Витебск қаласындағы атақты «Славян базары» фестивалінің 17-18 шілде күндері өткен биылғы байқауы оның 30 жылдық мерейтойымен қабат келді. Оған  18-31 жас аралығындағы 14 елдің өнерпаздары қатысты.

Әркім өз жүйрігін үкілеп қосқан әлем назарындағы ән додасында «Алтын лира» статуэткасы мен 20 мың долларлық Гран-Приді Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Сахнаға еліміздің көк туын алып шыққан қазақтың дарынды өнерпазына бас бәйгені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады.

Витебскіден оралған жеңімпаз жерлесіміз Рухияны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді жеңісімен құттықтап: «Әлемнің көптеген елінің кіл мықты таланттары қатысқан осынау айтулы байқауда көрсеткен өнеріңіз – сіздің кәсіби даралығыңыздың, табиғи дарыныңыз бен артистік шеберлігіңіздің дәлелі», – деп ризашылық танытты.

22 жастағы Рухия Байдүкенова – Талдықорған қаласының тумасы.   Қазір бойжеткен Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Осы ән мерекесіне «Арт парад-2019» конкурсының бас жүлдегері атанған қызылордалық Дінмұхаммед Төлеубай облыс әкімінің қолдауымен қонақ ретінде қатысты.

Ұлы Даланың дарынды жастары биік шыңдарды бағындыра берсін деп тілейміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<