Төтенше жағдай: Бастысы – бағыт айқын

361

0

Облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Онда Арал ауданы аумағындағы қуаңшылыққа орай төтенше жағдай жариялау туралы мәселе қаралды.

Аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселенің маңызын және осыған дейін жасалған жұмыстарды ескере отырып, бірқатар шұғыл шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Арал ауданында құрғақшылық болып, 559 бас мал шығынға ұшырады. Қы­зылорда және Маңғыстау облыстарындағы қуаңшылыққа байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті шаралар қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бірінші кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымаларын қазу, жайылымдық және шабындық жер­лерді суландыруға каналдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеп, «Аспай» суағытқысын іске қосу ар­қылы, «Ақшатау-Қамбаш» көлдер жүйе­сін суландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстар ірі көлем­дегі қаражат қажет етуіне байланысты рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлу жө­нінде Үкіметке хат жолданды, – деді облыс әкімі.

Атқарылған шаралар бойынша Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов баяндама жасады. Ахуал жан-жақты зер­деленіп, 23 маусым күні аудан көлемінде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, 12 шілде күні Әділет министр­лігінен тіркеуден өтті. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі аудандық комиссия екі рет отырыс өткізіп, суаттар мен көл жиектерінде ауыл тұрғындарынан құрал­ған еріктілер көмегімен кезекшілік ұйым­дастырылған. Сондай-ақ, call-орталық іске қосылып, малды падамен бағу күшейтілген. Ветеринариялық топтар ауру малды тегін емдеуде. Бұл өз кезегінде мал өлімін тоқтатуға септігін тигізген. Өлген малды тиісті сала мамандары актілеп жойған. Шөп шы­ғымына байланысты ауылдық округтер «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарға бө­лініп, тізбесі әзірленген. Оның ішінде «қы­зыл аймаққа» 13, «сары аймаққа» 6, «жасыл аймаққа» 4 ауылдық округ кіріп отыр.

– Алғашында «қызыл аймақтағы» жеке адамдардың қорада тұрған мал басын есептеп, 9095 тонна шөп қоры қажет екенін анықтадық. Алайда 1 шілдедегі жағдай бойынша, биылғы төлді қоса есептегенде және алдағы қыста даладағы барлық малды қолға ұстау керектігін ескере отырып, ауданға қажетті шөп көлемі 205 822 бас малға 180 күнге 184 640 тонна болып нақтыланды. Қазір оның 2331 тоннасы жеткізілді. Ауданның шабындық жерлерінен 36 453 тоннасын қамтамасыз ету жоспарда бар. Қалған 146 мың тонна шөпті сырттан тасымалдау қажет, – деді аудан әкімі.

Мұнан бөлек, ауданда төтенше жағдайға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, күнделікті қуаңшылыққа байланысты шараларға мониторинг жүргізілуде. Арал қаласынан және 12 елді мекеннен ерікті азаматтар жасақтарға бас біріктірді. Олар Қазалы ауданының Қара­шеңгел, Көларық ауылдық округтерінен, Қармақшы ауда­нының Жаңажол ауылынан және Сырдария ауда­нының Нағи Ілиясов, Шіркейлі ауыл­дарынан шабындық шабуға жұмылуда.

– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 11 шілде күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына барып, шөп бағасын қолжетімді етуге, шабындық оруға келісімге келдік. Бұл ауданда қазір аралдық 5 бригада шөп оруды бастап кетті. Ондағы шабылып жатқан шөпті Сексеуіл кентінен бастап шалғай елді мекендерге бағыттаймыз, – деді С.Сермағамбетов.

Сондай-ақ, аудан әкімі төтенше жағдай салдарын жою мақсатында атқарылатын жұ­мыс­тардың есептемелерін баяндады. Атап айтқанда, Сырдария өзені бойындағы жайылымдық, шабындық, егістік жерлер мен «Ақшатау», «Қамбаш» көлдерін суландыратын каналдарды тазартып, су тоспасын салу және жобалау жұмыстарына қаржы қажет. Аталған каналдарды тиісті деңгейде суландыру үшін Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасын уақытша бөгеп, «Аспай» суағытқысын іске қосу керек. Сондай-ақ, ауданда есепке алынған ұңғымалардың бірінші кезекте «қызыл аймақтағыларын» іске қосуға, алдын ала іздестіру жұмыстары атқарылуы тиіс.

Мұнан бөлек, шөп тасымалына кететін шығындарды өтеуге, Ақирек, Аманөткел, Бекбауыл, Жетес би және Райым ауылдық округтеріне шабындық алқаптарды суландыру, қосымша жоңышқа егуге, шөптің қорын молайтып, қыстық мал азығын дайындауға су айдағыш насостар алу үшін қаржы керек.

Ауа райының ыстықтығы мен шөптің шықпауынан құмды дауыл, құм көш­кінінің әсерінен жолдардың жабылуы, әлеу­меттік нысандардың құм астында қалу фактілері де бар. Оның салдарын жоюға техника алу қажет.

Ауданда ауызсудан қиындық көріп отыр­ған шалғайдағы екі елді мекен – Ақбасты және Беларан. Мәселен, Беларан ауылдық округі ауызсуды 35 шақырым қашықта орна­­ласқан Шалқар ауданына қарасты Бозой ауы­лынан тасымалдайды. Осыған орай, су та­ситын автокөлік алуға да қаражат қажет етіледі.

Аталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырып, жүргізуге барлығы 1 млрд 936 млн 400 мың теңге керек.

Аймақ басшысы Арал ауданы әкімдігіне облыстық ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларымен бірлесіп тиісті министрліктермен жұмыс жасап, пысықтауды тапсырды. Облыс бюджетінен атқарылатын жұмыс көлемі де айқындалып отыр. Осыған байланысты, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп төтенше резервтен қаржы бөлу үшін тиісті құжаттар тізбесін әзірлеп, қаржы басқармасына ұсынуы тиіс.

Бірінші кезекте ауданға қарасты елді ме­кендер малын суару үшін қажетті үш су ұңғымасын қазу қажет. «Ақшатау-Қа­мбаш» көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеп, «Бектау» каналы тазартылып, тоспа салынады. Жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында Сыр беткейінде орналасқан елді мекендердегі 7 каналдың арнасын тазалау және су тоспаларын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда құрылысын жүргізіп, сонымен бірге 12 ұңғыманы іске қосу керек. Бұл жұмыстар облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына тапсырылды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына «Нұралы жарма» каналының арнасын тазалауды, су тос­пасын салу жұмысына әзірленген жоба-сметалық құжат­таманы мемлекеттік сараптамадан өткізуді, жем-шөп тасымалдауға қажетті жанар-жағармай шығынын өтеу үшін облыс­тық төтенше резервтен қаржы бөлуге қажет құжаттар мен қаржы есептерін дайындауды, облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жем-шөп бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, осы саладағы кәсіпкерлердің бірінші кезекте өңірдегі шаруа­шылықтарды қамтамасыз етуін бақылауға алуды жүктеді.

Сондай-ақ, аудан бюджетінен «Аспай» суағытқысын іске қосу және 49 ұңғыманың төлқұжатын әзірлеп, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда су насостары мен арнайы техника сатып алуды тапсырды.

***

Қазір Арал ауданының ерікті азаматтарынан құрылған жасақтар шөп шабуға жұмылуда. Көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен де  келісімдер жасалған. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Сырдария өзенінің бойындағы жайылымдық, шабындық, егістікті және көлдерді суландыратын каналдар тазаланбақ. Шөп тасымалына кететін жанар-жағармай шығындары да есептелді. Құм көшкінінің әсерінен болған қиындықтарды да шешу қолға алынады.

Бейболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<