Түркияны дүр сілкіндірген қылмыс: «жаңа туған нәрестелер» арқылы пайдаға кенелмек болған

174

0

Фото: Anadolu ajansı

Түркияда «сәбилерге» қатысты жанжал шықты. Аталмыш қылмысқа 47 адамнан құралған топ арасында дәрігерлер, медбикелер мен аурухананың өзге де қызметкерлерінің қатысы бар болуы мүмкін. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне ауыр науқасқа шалдыққан жаңа туған нәрестелер арқылы қаржылай пайда табу мақсатында жекеменшік емдеу мекемелеріне заңсыз жөнелтіп отырған деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Тергеу амалдары көптеген арыз-шағымдардан кейін басталған. Күдіктілер Түркияның мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінен (SGK) төлемдер алу үшін шоттарды негізсіз өсіріп, науқас балаларды ауруханаларда мейілінше ұзақ жатқызуға тырысқан.

Тергеу анықтағандай, жаңа туған нәрестелер ауыстырылған жекеменшік ауруханаларда медициналық көмек көрсетуге оңтайлы жағдай болмағандықтан, кемінде 10 нәресте қайтыс болған.

Банданың жетекшісі ретінде Түркияның жедел жәрдем желісі арқылы жаңа туған нәрестелерді жеке ауруханаларға жіберуді үйлестірген доктор Фират Сары деп танылған.

Тергеу барысында жан түршігерлік жайттар, соның ішінде қылмыстық топ мүшелерінің сәбилердің тағдырын бейқамдықпен талқылаған әңгімелерінің жазбалары анықталған. Кейбір дәрігерлер мен медбикелер көмек көрсетуге қасақана салғырттық танытып, жаңа туған нәрестелердің жағдайын ауырлатып, тіпті өлімге әкеліп соқтырған деректер анықталып отыр.

Қазіргі уақытта 22 адам қамауға алынып, осы іске қатысы бар жеке клиникалардың жұмыс істеу лицензиясы тоқтатылды. Түрік үкіметі, оның ішінде елдің Денсаулық сақтау министрлігі ауқымды тексерулерге кірісіп, барлық кінәлілерді жазалау үшін істі аяғына дейін жеткізуге уәде берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<