ҮЕҰ жұмысы жанданып келеді

1002

0

Аймақта үкіметтік емес ұйымдар саны көбейіп, азаматтық белсенділік деңгейі артып келеді. Кеше Жастар ресурстық орталығында «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты.

Бірқатар ҮЕҰ өкілдері жиылған шарада алдымен Жастар ресурстық орталығы ғимаратында орналасқан «Азаматтық орталық» жұмысы таныстырылды.

Бүгінде өңірдегі өзекті проб­лемалардың шешілуінде азамат­тық сектордың өзіндік ықпалы бар. Облыс әкімінің орынбасары азаматтық қоғам өкілдері ел үшін аса маңызды жұмыстар атқарып жүргенін ерекше атап өтті.

Аймақта қазір 1094 ҮЕҰ тіркелген. Былтырғымен салыс­тырғанда биыл мұндай ұйым саны 98-ге артқан. Оның 454-і өңірдің қоғамдық-саяси өміріне араласып, жауапты жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

– Ел тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы аясында биылдан бастап Азаматтық Альянс базасында 242 ҮЕҰ-ға кеңес беріліп, 62 ҮЕҰ дерекқорға мәлімет тапсырды. 29 ҮЕҰ мемлекеттік тапсырыс порталы арқылы әлеуметтік жо­баларға, Тұңғыш Президент қоры грантына өтінім беріп, нәти­жесінде Азаматтық Альянс мүшесі – «Арал Аруана» қоғамдық бірлестігі грант иегері атанды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам өкілдері Азаматтық форумға, «Мерейлі отбасы» ұлттық кон­курсы мен «Жомарт жүрек» сый­лы­ғына қатыстырылуда, – деді облыстық ішкі саясат бас­қар­­масының басшысы Мира Қазбекова.

Өңірде әлеуметтік-эконо­ми­калық бірқатар мәселе ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде оң шешімін табуда. Облыс әкімдігі жанында Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдіктері жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі 8 кеңес бар. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалардың нәтижесі мен өзектілігін бағалау үшін облыстық «Сарапшылар кеңесі» құрылған.

Жиында «Қызылорда облы­­сы­ның Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ас­социациясы» ЗТБ-ның төрайымы Анар Ізден Аза­маттық орталықтың жұмысын ұйым­дастыру стра­тегиясына, атқарыл­ған жұмыс­тарға кеңінен тоқталды.

Бүгінде шетел гранттарын ұтып алып, өңірдің әлеуметтік, экологиялық мәселелерінің шешілуіне үлес қосып жүрген ұйым бар. «Арал теңізі» ҚБ төрайымы, Ассоциацияның Арал ауданы бойынша өкілі Айнакүл Баймаханова жоба жасауда ауданда орналасқан ауылдардың басты қажеттіліктерін ескерген. Айталық, соның нәтижесінде 4 ауылдың балабақшасы керует, шкаф, стол, орындық, әткеншек сынды жабдықтармен қамтылған. Ал, енді бір ауыл медициналық құралдармен қамтылса, екі көршілес ауылға май құю бекеті салынған. Көк теңізде толқынмен арпалысып, апталап үй көрмейтін балықшылардың жағдайы да ескерілген. Оларды ыңғайлы вагонжайлармен қамтамасыз етсе, ұялы байланыс жоқ жерлерде бір-бірімен хабарсыз қалатын балықшыларға рация қондырғылары табысталған. Қо­ғамдық бірлестік осы кезге дейін тұрғындардың талабын тыңдап, шалғай ауылдарда ау құралдарын жөндейтін цех пен инкубациялық цех сынды ең қажетті деген нысандардың ашылуына еңбек еткен.

Мұнан бөлек, «Өркениетті өлке» ҚҚ төрағасы, Ас­социа­цияның Жаңақорған ауданы бойынша өкілі Нұрхан Айдаров, «Сырдария ауданының әйелдері» ҚБ төрайымы, Ассоциацияның Сырдария ауданы бойынша өкілі Ұлмекен Жаналиева ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар туралы сөз қозғады.

Жиында облыс әкімінің орынбасары азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, ҮЕҰ-ның жұмысын кеңінен насихаттау бағытында брифингтер өткізіп, аудандарға пресс-тур ұйымдастыру керегін атап өтті.

Сондай-ақ, шара барысында аймақта 20 жылға жуық белсенді жұмыс істеп келе жатқан ҮЕҰ өкілдері Алғыс хатпен ма­ра­патталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<