Уақытты тиімді пайдаланған ұтады

325

0

Қыста қар аз жауып, тоң болмады.  Көктен тамшы тамбауы маң даланы сүреңсіз күйге түсірген. Қайда қарасаңыз да, сап-сары болып күнге  күйген жалаңаш төбе-қырқаны көресіз. Жоғарыдағы себептерге Сырдария өзеніндегі судың тапшылығын қосыңыз. Осының бәрі мал бағып, бақша еккен қарапайым тұрғындарды алаңдатуда.

Рас, жақын күндері нөсер жауды. Алайда білетіндер бұл жауынның пайдасы шамалы деседі. Ал қыс болса, иек астында. Мал азығына қажетті жем-шөп қорын жасақтау ең өзекті мәселеге айналды. Сонда не істемек керек?

Осы тақырып Қазалы ауда­нының әкімі Мұхтар Оразбаев­тың төрағалығымен  мал азы­ғын қымбаттатпау және өнім­дер бағасын тұрақтандыру тақыры­бында өткен штаб отырысында кеңінен талқыланды. Оты­рыс­қа қатысқан егін және мал шаруа­­шылығымен айналысатын кәсіпкерлер, қала, кент және ауыл­дық округ әкімдері өз пікір­лерін ортаға салды.

– Биылғы жыл шаруалар үшін қиын болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан Сырдария өзеніндегі су төмен. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алып отыр. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып саналатын аудан шаруаларына қиыншылық тудыруда, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Жуырда ҚР Парламент Мә­жілісінің депутаттарымен кездес­кен аудан тұрғындары жеке шаруа­шылықтардың субсидия алудағы қиыншылықтары, Сыр­дария өзеніндегі судың жетіс­пеу­шілігі, мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселе көтерген болатын.

– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес мал қыстату науқанына аудан бойынша 140 мың тонна шөп, 30 мың тонна жем қажет. Қажет шөптің 65%-ін, ал жемнің 20%-ін өзіміз қамтамасыз ете аламыз. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандар және солтүстік өңірлерден тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет, – деді аудан әкімі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай бірқатар келелі ұсыныстарын бөлісті. Аудан әкімі бөлім басшысына жеке шаруашылықтардан қажет жем-шөптің мөлшері жөнінде мәліметтерді күнделікті алып отыруды тапсырды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлермен меморандумға отырып, еліміздің солтүстік өңірінен делдалсыз операторлар арқылы тікелей жем тасымалдау мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін атап айтты.

Штаб отырысында аудандық ветеринариялық станция дирек­торының міндетін атқарушы Темірлан Мұратов мал басының сақталуы жөнінде баяндама жасады. Басқосуда Алимуса Қожағұл, Алғашбай Байкөбеков бастаған кәсіпкерлер жем-шөп дайындауға қатысты өздерін толғандырған мәселелерін айтты.

Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков шабындық болмауына байланысты мал азығын дайындауға мүмкіндігі жоқ Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және Майлыбас, Шәкен, Құмжиек, Басықара, Сарыкөл ауылдық округтеріне аудандағы өзге елді мекендерден шөп оруға мүмкіндік жасау, қажет болған жағдайда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен шаруалардың жайылымдылық жерін оты бар Қызылқұмға ауыс­тыру және тағы да басқа ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларына өздерінен ауысқан шөпті тұрғындарға тегін орып алуға мүмкіндік жасау туралы ұсыныс айтты.

«Рза-Агро» ЖШС директоры Нұрлан Имандосов, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсенов халыққа көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізді.

– Қазір  жем-шөпті үйімізге әкеліп береді деп қарап отыруға болмайды. Қуаңшылық тек біздің өңірімізде орын алып отырған жоқ. Сондықтан әркім осы бастан әрекет жасауы керек. Біз шаруашылық басшыларымен егістік басындағы шөпті орып алуға, күріш орағынан кейін қалатын сабанды жинауға келісіп отырмыз. Енді әр ауылдан бригадалар дайындап, осы шөпті ору керек. Өзіне қажеттісін алып, ауысқанын ауылдағы ағайындарға сатса да болады. Бұл бір жағынан уақытша кәсіп деп айтсақ артық емес. Бірақ бағасы халыққа қолжетімді болуы қажет.

Бұдан бөлек қуаңшылыққа байланысты өз тарапымыздан қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ауданға келген Мәжіліс депутаттары мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өкіліне жағдайды көрсеттік. Олар бұл жайды Үкіметке жеткізіп, шаруаларды қолдау шараларын қарастырады, – деді аудан әкімі.

Штаб отырысы өзара ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Осы меморандум арқылы аудандағы «Сыр маржаны», «Рза-Агро»,  «Жалаңтөс батыр», «Агро-Өркен», «Алшын» серіктестіктері және «Мерей», «Ақмаржан» шар­уа қожалықтары ауданда мал азығының тапшылығына, жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермейтін болады.

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<