Әз ана жорыған түс

657

0

Біздің ауылдың киелі топырағынан небір айтулы азаматтар, білікті ғұламалар түледі. Баршасы ерекше дарынымен ел жадында жатталды. Суханберлі, Сарқұл қожалар, Қожаназар, Ерлепес, Сарынысан ишандар жамағатты хақ жолына баулыды. Алпамыс емші өмірден күдер үзген ауыр сырқаттарды ажал тырнағынан арашалады.

Осындай тектілерден тараған ұрпақтар баба аманатын адал ақтауға тырысады. Өздеріне нар көтермес жауапкершілік жүгі артылғанын бек ұғынады. Ауыл орталығындағы кезінде Ерлепес ишан атамыз салдырған ескі мешіт – жақсыдан қалған белгі. Бір бөлігінде ұзақ жылдар бойы Ыбырайдың отбасы (танымал әнші Мәдина Ералиеваның туған нағашысы) тұрды. Ол он саусағынан өнер тамған ісмер, айтулы ағаш шебері еді. Естуімізше «Зингер» тігін машинасын соғыс жылдарында майданнан әкеліпті. Өзінің бет-бейнесі Сталинге ұқсайтын. Ойын баласы біз  мешіттің төңірегіне жақындауға сескенетінбіз. Бойымызды белгісіз үрей билейтін.

Табиғат тылсым күштен құралады. Тосын құбылыстардың сыры әліге дейін толық ашылмағанын ғалымдар да мойындайды. Соның бірі – түс көру. Бұлай түйіндеуіме басымнан өткерген мына жайт та себепші болғандай.

Ауылдағы үйде жүр екенмін деймін. Бір кластасым бөлмеге асығыс кірді. Мінезі қайсар, бұзықтау болатын. Маған қарап:

– Тез маған еріп жүр. Сені аталар күтіп отыр, – дегені.

Жалма-жан сыртқа ұмтылдым. Екеуміз Ерлепес ишанның мешітіне келдік. Міне, ғажап! Уақыт ағынымен мүжіліп, бұрыштары шөккен мешіт жап-жаңа күйінде тұр. Қазіргі кейпіне мүлде ұқсамайды. Тым  еңселі әрі айбатты көрінеді. Аулаcынан жанға жайлы самал еседі. Азан айтылып жатыр екен. Құран аяттарының асқақ сазынан жер-көк күңіреніп тұр. Ал әсем мешіттің іші ақ сәлде, аппақ шапанды адамға лық толы. Дәл ортада ақ сақалды, өте сұсты ата отыр. Кластасым әлгі атаға мені ертіп келгенін баяндады. Атадан бастап мешіт ішіндегі жамағаттың баршасына қос қолымды ұсынып, амандасып шықтым. Толқып ояндым. Бір кездескенде кластасыма көрген түсімді айтып бердім.

Арада тура 10 жыл өтті. Бұл кезде кластасым бақилық болған еді. Бірде ауылдан анамның құрбысы Ханзада әжемнен  «маған жолығып кетсін» деген хабар жетті. Анамды аңсап жүрген басым құрбысы шақырғанда кідіремін бе?! Құстай ұшып, жетіп бардым. Әже маңдайымнан сүйгенде көзіме жас іркілді. Ханзада әже өте білікті, кітапқұмар жан еді. Маған Ерлепес ишан атамыз жайлы өзі жазған қолжазбаны ұсынғанда жүрегім дір ете түсті. Ойыма көп уақыт бұрын көрген түсім оралды. Үйге жетісімен қолжазбаға үңілдім.

Дерек «Ерлепес ишан Қаракесек руының Байбағыс аталығынан, ал Айтманбеттен Нұржан, Ерлепес, Пірлепес, Арзымбет тарайды» деп басталыпты. Айтманбет ерте дүние салыпты. Төрт баласын шешесі Жұмагүл бағып-қағады. Бірде ағайынына өкпелеп, қатты налыпты. Ашу үстінде қайнысына барып «балаларымның нәпақасына бір тақия тары егіп бер» деп өтініш жасапты. Ол тұста дақыл шығырмен суарылып, атпаланады екен. Егіні өте бітік өсіпті. Күзде қырман толы астық жинайды. Ішіп-жемнен ауысқанын сатып Ерлепесті оқуға жібереді. Жұмагүлдің өзі Қарақалпақстанда медресе ұстаған ғұламаның қызы екен. Ерлепес нағашысының қолынан дәріс алады. Оқуын тәмамдап елге оралады. Молдалық құрады. Шәкірт тәрбиелейді. Мешіт салады. Артық мал жинамаған, дүниеге қызықпаған адам болыпты. Шүлен қазан (кедей-кепшікке, жетім-жесірге, жолаушыларға ас беретін үлкен қазан) таратыпты. Жолаушыларға арнап мешіттің бір бөлмесіне дойра (қамыстан өріліп, дайындалған төсек) төсеп қояды екен. «Халқым таза су ішсін» деп мешіттің жанынан құдық қаздырыпты. Ақиректен түйемен тас әкелдіріп өргізіп, шегендетіпті. Суы айнымауы үшін арша ағашын салғызыпты. Шариғатта көпір салған, құдық қазған, мешіт салған сауапты іс саналады. Ишан атамыз да сондай сауап арқалап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген.

Бай, молда, қожаны қудалаған Кеңес үкіметінің солақай саясаты Ерлепес ишанға да қауіп төндірді. Амалсыздан туыстарын Өзбекстанға жасырын түрде көшіріп, өзі қартайған анасын қимай елде қалады. Бір күні ишан анасына:

– Апа, біз қуаландыға түстік. Үйімізге де түней алмайтын жағдайға жеттік. Не істеймін? Ақылыңды айтшы, – деп қиналыпты.

Уақыт Рамазан айы болса керек. Сонда анасы:

– Балам, мен де текті жердің қызы едім. Киелі әулетке келін болып түстім. Тәуекел! Ата-баба аруағына сыйынайын, жауабын күт, – депті.

Әз ана түнімен көз ілмепті. Аллаға сыйынып, медет сұрайды. Құран оқып, жеті жерге шырақ жағыпты. Таң алдында аян беріліпті. Ертеңіне баласына:

– Мен жақсы түс көрдім. Мешіт ортасындағы алаңға биік дарақ өсіпті. Осы жерден асқанша бұтақсыз көтеріліп, арғы жағында жапырағын мол жайды. Биіктігі соншалықты қараған жанның бас киімі түсердей. Балам, сен өсіп-өнесің. Үкіметтің қолына түспейсің. Мен енді үш тәуліктен соң үзілемін. Жаным шығысымен, денемді қара жерге тапсыр. Топыраққа араластыр. Кәделеуге кідірме. Ұсталып қаласың. Бетімді жап та, жөніңді тап, – деген өсиет қалдырыпты.

Әз ананың жорыған түсі айна-қатесіз келіпті. Айтылған мерзімде анасы өмірден өтеді. Оны жер қойнына тапсырып, Ерлепес ишан дереу жолға шығыпты. Тұтқындауға келгендер жер сипап қалады. Ишан ата болса Өзбекстанға барып туыстарымен қосылыпты. Ұрпақ сүйіп, өсіп-өніпті. Жылдар өте ұрпақтары елге келгенде ұлы әжесіне құлпытас қойып, сахна салады.

 Ишан атамыз «менің аруағым, қасиетім мешіттің жарты кірпіші қалғанша сақталады» десе керек. Киелі адамның сөзі далаға кетсін бе?! Ерлепес ишан салдырған мешіт, қаздырған құдық өткен күндердің куәсіндей әлі тұр.

– Бала кезімізде дарияны сең буды. Дөң-қыратты су басты. Бәріміз мешіттің үстіне шықтық. Мұз үстінде ыққан қоян дауысынан төбе-құйқаң шымырлайды. Ғажабы, мешітті паналаған ел аман қалды. Бұл – ишан атаның құдіреті. Тағы бірде мектеп оқушысы қатты сырқаттанды. Өзі Ерлепес атаның ұрпағы болатын. Әкесі екеуміз баланы мешітке түнеттік. Жақсыдан шарапат, құлантаза айығып кетті, – деген еді Ханзада Қарабураева әже.

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы»

Жанқожа батыр ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<