Емшінің қамшысы

681

0

Жұма сайынғы  қалыптасқан дағдымен отбасымды ертіп Жанқожа бабаның кесенесіне зиярат жасадым. Мап-майда  жауын тамшылары сіркіреп тұр. Қазалыда көптен бері көктен тамшы тамбаған болатын.  Ішімнен «келесі жыл берекелі, молшылық жылы болса  екен» деп тіледім. Ойыма көп жыл бұрынғы көрініс оралды.

«Құмалақ салу, болжам жасау – күнә. Қазір көріпкелмін деп  тағдырыңа сәуегейлік айтатындар көбейіп кетті. Ондайларға мүлде сенбеу керек. Олардың құлағына жын сыбырлап кетеді-мыс» дегенді жиі естиміз.

Осы орайда өзімнің басымнан өткен  жайтты ортаға салсам.  Қазақстанның 40 жылдығы аталатын іргелі кеңшардың аудан орталығындағы шаруашылық ауласының меңгерушісі яғни, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген кезім.

Шаруашылықтың ауласына күн құрғамай вагон-вагон жем, көмір, тақтай, бөрене, өзге де құрылыс бұйымдары, басқа да заттар толассыз келіп, түсіріп, қабылдап үлгере алмай жататын шақ.

Бірде аяқ астынан сырқаттанып қалдым. Сырқат деуге де келмес. Түсімде екі өркеші баладай, аузынан көбігі бұрқыраған дәу қара түйе ізімнен қалмай қуалап жүретінге тап  болдым. Таңды зорға атырамын. Алғашқыда мән бермеген едім. Осы түс бірнеше мәрте қайталанды. Жанғылыш досыма айтсам «жүз грамм арақ жетіспей тұр, тартып жіберсең бәрі сап болады» деп мырс-мырс күледі. «Е-е-е, емі осы екен ғой. Дұрыс айтасың!» деп досым екеуміз жаңағы айтқан емін жасаймыз. Қайдағы қойған?! Тіпті үдеп кетті. Болмаған соң әлдекімдердің сілтеуімен бір емші апаның қабылдауына (есімін атамағаным жөн шығар) бардым.

Шынымды айтсам, апайға  мүлде сенгенім жоқ. Адам қабылдайтын екі бөлмелі жазғы үйдің іші емделушілерге лық толы екен. Кезегім ең соңынан болған соң қабырғаға сүйеніп қалғи бастаған едім. Аппақ киінген жылы өңді емші апай кіріп келгенде ұйқым шайдай ашылды. Кенет… Тура маған қарап «сен бері келші» дегені. Бұрын-соңды кездеспеген адамның топ ішінен өзімді  шақырғанына таңданып қалдым. Қоймаға   жем, көмір, құрылыс  заттарын тиеуге  келіп, мені күтіп тұратын адамдар мен көліктерді уайымдап отырғандықтан, кезексіз кіретініме бір жағынан қуандым да. Шағын үстелде қасиетті Құран кітап, жарқыраған алмас қанжар, қамшы, таспиқ жатқан емдеу бөлмесіне кіруін кірдім. Емші Құран кітаптан әлденені күбірлеп оқып, бетіме тура қарағанда жүрегім дір ете түсті. Жас кезімде сотқарлау өскенімді, анау-мынау көше тентектерінен жасқана бермейтін дағдым болғанын несіне жасырайын. Мына көрініс мені қатты абыржытты. Емші апайдың  жылы, сүйкімді  жүзі қатты сұстанып кетіпті.

«Мойындағың келмейді екен. Қайда барам дейсің ? Түбі жазу жолына түсесің. Осыны жадыңа тұт! Наның қалам-қағазда тұр» деп жанарын қадағанда маңдайымнан шып-шып тер шықты. Осы мезетте емші апай  қамшыны алып арқамнан тартып жібергені… Қатты ұрмаған сияқты еді. Бірақ… қабырғам қақырап, белім үзіліп кеткендей болды. Бақырып жіберуге көрші бөлмеде отырғандардан ұялдым. Өзіңіз ойлап көріңізші… Салмағы 100 келі,  кезінде көше төбелесінің ортасында белсеніп жүріп, талай соққының дәмін татқан  жас жігіттің тәніне  нәзік, қауқарсыз әйелдің жанамалап сілтеген шолақ қамшысы осыншалықты әсер етеді деп кім болжаған?! Орнымнан сүйретіліп зорға тұрдым.

Сыртқа шығысымен өзімді  күтіп тұрған келіншегіме «Білгіш, білгіш дегенге ойына келгенін айтады екен. Апайыңа рақмет! Жазуы несі? Аузымнан ақ майымды ағызып отырған складымды тастап, қағаз кеміретін   есалаң емес шығармын. Өмірі жемеген таяғымды жедім-ау…» деп көшені басыма көтере қарқылдап күлдім. Бірақ, асығыстау айтқан екенмін.

Арада тағы он  жыл өтті. Кеңес өкіметі тараған соң өзім жиырма жылдан артық басқарған шаруашылық ауласын жеке кәсіпкерлікке бейімдеп, тіршілік жасадым. Аллаға шүкір, бөтен болғаным жоқ. Бұрынғы ізбен өзге өңірлерден зат әкеліп, кәсіппен шұғылдандым. Алайда,  жазу жолына ақыры бет бұрдым. Міне, оған да жиырма жыл толды. Жуырда емші апайды көшеден көрдім.  Нағыз қазақ әйеліне  тән парасатты отанасына айналыпты. Қолын алып, мұнан көп уақыт бұрын болжағаны  тура келгенін айттым. Емші апай жылы жымиды. Ал менің көз алдыма қысқа сапты қамшы елестеп, құлағыма шып еткен  даусы естілгендей болды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<