Сағынышым сары ормандай самсаған…

692

0

Нардың белі бүгілген ауыртпалықты қайыспай, сенімі лайланбай көтерген қайран аналар не көрмеді? Менің  Бейбіт әжем 1917 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 1937 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені бітірген.

Бұл кезде училище қысқа мерзімді факультативтік курстарда бастауыш және жетіжылдық мектептерге әдебиет, физика-математика, тарих, география пәндерінен мұғалімдер даярлады. Училищеден география пәнінің мұғалімі біліктілігін алып, Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы бастауыш мектепте сабақ беріп, еңбек жолын бастаған. 1939 жылы Қызылорда қаласындағы №6 жол бойындағы мектепте жұмыс атқарды.

1940-1941 оқу жылында оны Аламесек ауданы (қазіргі Жалағаш) «Қызыл жұлдыз» колхозына мектеп ашуға жіберді. Сол мектепті ашты, келесі жылы ол жетіжылдық болды.

Әжемнің айтқан естеліктерінен есімде қалғаны – қиын заманды бастан кешіргені, елді жаппай сауаттандыру, колхоздастыру, оңай болмағаны. Ол кезде тәжірибесі бар мұғалімдерді алыс, мектебі жоқ елді мекендерге жіберіпті.

– Сол кезде Ерниязов Жолмырза  ағай обкомда қызмет атқаратын.  Қарындасыңды жіберуге тиістісің деген соң партия тапсырмасымен мені қазіргі Жалағаш ауданы «Қызыл жұлдыз» колхозына жіберді. Ел қыстаудан көшіп, енді-енді топтасып жатыр екен. Сөйтіп, үкіметтің тапсырмасымен осында келдім. Ол кезде Қызылордадан Жалағашқа поезбен, әрмен қарай дариядан өтіп атарба, есек арба, түйе мінген кісілермен ілесіп жеттік. Анам сабырлы, көп сөйлемейтін, ажарлы кісі еді. Көрпеше, ыдыс-аяғы бар. Ауыл алыс, қиындықпен зорға жеттік, жіберген жағына барам деп отырып алдым, – дейтін әжем.

– Сол ауылдың артель председaтелі Н.Елемесов, ауыл совет председателі Ерәлі Төремұратов екен. Сол үйде қалдым. Келесі жылы анам тағы да келді. Бұл кезде шалым екеумізге екі бөлмелі үй берген болатын, анам соны көріп қуанып қайтты. Екінші келгенде абыржып, шаршапты, сыр берген жоқ. «Мынау шешемнің қарта білезігін саған берейін деп келдім» деді. Соны кейін маған сыйлады. Атаң Ахметпен бас қосып тоғыз құрсақ көтеріп, Алланың қалдырған 3 баласын өсірдім. Менің әкем мен шешем сауатты, ескіше білім алған кісілер еді, балаларын оқытты 1 ұл, 5 қыз едік – деп сыр шертетін.

Еңбек ете жүріп, соғыстың зардабын тартты.

– 1945 жылы партия мүшесіне қабылдандым. Тапсырма өте көп, талап қатал. Соғысқа бармаған ерлермен бірдей күріш масағын жинаймыз. Жүгерінің сабағын қайырып өткіземіз. Бұғанасы қатып, буыны бекімеген жас балалармен түске дейін оқу оқып, түстен кейін масақ теру. Балалардың маңдайынан тері төгіліп әбден шаршайды. Егістікте бір дән қалмауы керек. Масақ тере жүріп барлығымыздың девизіміз – «Бір дән – жауға атылған оқ».

Ибаш деген қыз, керемет әнші еді, дауысы алысқа жететін. Масақ теріп жүріп айтылған ән құлағыма әлі күнге дейін келеді. Күнде осы тірлік қайталанады. Бір күні тағы бір жүріп өтіңдер масақ қалмасын деп едім, балалар шаршағанын білдірмей қас қарайса да, қайта атызға түсе кетті. Барлық бала екі уыстай масақ жинады. Қаптың ауызын ашқан жоқпын, тез-тез үйлеріне барыңдар дедім. Қуанғандарын көрсең. Өзім отыра қалып жыладым. Биік төбеге шығып арттарынан қарап тұрдым, біреу-міреу ұстаса мен кеттім жауапқа деп.

Соғысқа кеткен азаматтарға ет, күріш, тоқыма бұйымдарын жіберу керек. Партияның тапсырмасын мүлтіксіз орындау мақсат. Қиналып жүріп от пен өрттің ортасындағы қиналған бауырларға көмек беру керек. Біз осы іске барлығымыз бір адамдай жұмылдық, – дейтін әжем.

Майданға аттанған ер азаматтардың орнын жоқтатпай, өздері ашқұрсақ жүрсе де, жеңіске деген үмітін жоғалтпай, барлық ауыртпашылықты көтере білген әжемізді мақтан етемін. Өмірден алған білімі мол еді, оны орынды пайдалана  білді де. «Ұстаздық жолымды өзің жалғастырасың» деп еркелететін. Әйел заты, отбасы берекеті мен бірлігі, отбасы тәрбиесі  және тәлімі турасында жиі айтатын.

– Данамын демеймін, анамын. Ана баласын отқа итермейді ғой. «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бар. Ер жеттің, енді анаңның ақ сүтін ақта, адам бол, өтірік айтпау керегін біле жүр, – деп өсиеті мен тілегін жаудырып отыратын. 

«Мейманды жақсылап қарсы алған үйге бақыт үйір келеді» деген мақалды жиі айтушы еді. Заман ағымын, өмір талабын түсінетін. Өзгенің қайғы-қасіретін бөлісе білетін, адамға шексіз мейрімді еді. Біреуді аяп, қамқорлыққа алудан жалықпайтын. Жетім-жесірге көмек жасап отыратын, онысын ешкімге білдірмейтін. Кейін келіні де жабырқаған жандарға көмектесіп жүрді. Бұл енесінің тәрбиесі еді.

Бейбіт әжемнің мәртебесін арттыру, рухына тағзым ету үшін көше атын беруді ұсыныс етіп, біраз есікті қаққан әкемнің еңбегі ақталса екен деймін.

Әжем 87 жасқа қарағанда дүниеден озды. Аяулы жанның бейнесі ұмытылмайды.

Лаура АХМЕТОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары 

колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<