Жүгері егудің жаңа тәсілі

370

0

Сурет ашық дереккөзден

Аймақта алғаш рет тамшылатып суару технологиясымен жүгері өсіріледі. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл аяқсуды 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бермек. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде дән себіледі деп күтілуде.

Шиелі ауданында «Таң ЛТД» ЖШС қытайлық «Bayan Country Jiarun Agricultural Development CO» компаниясымен бірлесіп, 3000 гектар аумаққа жүгері өсіруді жоспарлап отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Шиелі ауданында болып, шаруалармен жүздесті.

– Өңірімізде өнеркәсіп саласын жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар Мемлекет басшысының ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда. Биыл осы мақсатта 1000 гектар алаң өңделеді, келесі жылы тағы 2 мың гектар тартылатын болады. Жобаның бірінші кезеңінің құны – 3 млрд теңге. Әрі қарай компания жүгері өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Өндіріс іске қосылғанда тәулігіне 1000 тоннаға дейін өнім өңдеуге қауқарлы болмақ. Бұл өңір халқының тұрмыс сапасының жақсаруына септігін тигізбек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 Бүгінде 1000 гектар аумаққа тамшылатып суару құрылғысының магистральді құбырлары жүргізілуде. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Шаруашылық басында 20 техника, 65 адам үздіксіз еңбек етуде.

– Біздің Сыр өңірі табиғатымен ерекше. Төрт мезгілі де шаруаға жайлы. Қол қусырып отырған жұрт жоқ. Аймақ тұрғындарының бір бөлігі ауыл шаруашылығын кәсіп етсе, енді бірі мал шаруашылығына машықтанған. «Таң ЛТД» ЖШС жүгері егудің жаңа бағытын бастап отыр. Бұл облыс көлемінде бірінші рет жүзеге асуда. Ерекшелігі сол, суды үнемді пайдалану әдісін іске асырып көрмек ниеттеміз. Егістік жанынан арнайы су сақтау қоймасын салып жатырмыз. Бұл жерге соңғы рет 1978 жылы күріш егіліпті. Содан бері соқа салынбаған. Әбден тыңайып, бабына келген. Шаруашылық жұмысшыларынан бөлек, жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларға 350-400 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Жұмыс аса ауыр емес. Техникамен тегістелген соң бұта тамырларын қолмен жинап аламыз. Қытайлық компаниямен арнайы келісім-шарт жасастық. Қазір мамандар келіп, тәжірибе бөлісуде. Көктемнің соңғы айы біткенше дән себу жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарлануда, – деді «Таң ЛТД» ЖШС өкілі Сәкен Шағыртаев шаруашылық жұмысымен таныстырып.

Аймақ басшысының қолдауымен бизнесті дамыту бағыты бойынша 12 шақырым қашықтыққа электр желісі жүргізілуде. Бұл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен алдағы бес жылда су үнемдеу технологияларын өндіріске көптеп енгізу қарастырылған. Жалпы облыс көлемінде 2030 жылға дейін су үнемдеу технологиясы арқылы егілетін егіс көлемін 27 мың гектарға дейін жеткізу міндеті тұр.

Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі саласының бірінен саналады. Оның ішінде жүгері – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген дақыл. Осы бағытта облыста бірнеше жоба әзірленді. Соның ішінде «Таң ЛТД» ЖШС-ның жүгері алқабы да бар. Шаруа қожалығына Шиелі ауданы аумағынан арнайы жер қарастырылып, қытайлық компаниямен бірлесе жүгері егу қолға алынып отыр. Бұған дейін Қазалы, Сырдария ауданында жаңбырлатып суару арқылы жүгері егілген. Ал тамшылатып суару әдісі арқылы жүгері егу аймақта алғаш рет іске асып отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіреміз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Сыр өңірі кезінде жүгері егумен де аты елге белгілі аймақтың бірі болғанын өңір жұртшылығы жақсы біледі. Шаруалармен жүздескенімізде іс ілгерілеп келе жатқанын байқадық. Мамандар басты мәселе жерді тиімді пайдалану екенін айтады. Сонымен биыл талай жылдан бергі тоң жібіп, дарқан дала жүгері алқабына айналмақ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы».

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<