Туған жеріне туын тіккен

390

0

Алаштың анасы атанған Сыр елінің топырағынан небір дарабоз дарындар нәр алған. Сабыр мен сыпайылықты, қарапайымдылық пен қайырымдылықты ғұмыр бойы серік етіп, ел-халқы үшін еңбек еткен осындай текті тұлғалардың бірі – Дәуренбек Айбосынов.

Дәуренбектің әкесі Айбосын – есімі елге танымал Жақау батырдың ұрпағы. Қарадан шығып хан атанған Жақау көнекөздердің айтуынша, Қобыланды батырдың жиені көрінеді.

Дәуренбек атамыз 1896 жылы қазіргі «Ақеспе» деген елді мекеннен 40 шақырым қашықтағы Шұбар деген жерде өмір есігін ашады. Шұбар түбегі Үшкөлде орналасқан. Үшкөл өзек арқылы кезінде ақбас толқындары жағаны ұрғылап жататын Арал теңізіне жалғасқан. Осында қоныс тепкен алпыс шақты отбасы асырасілтеу заманында теңіз балығын талғажау етеді.

«Пионер» газеті мен «Балдырған» журналдарына мақала жазатын мені әкем «Балам, Сексеуіл кентінде тұратын Дәуренбек есімді түп нағашың бар. Ол кісі – көпті көрген шежірелі қарт, барып батасын алғайсың» деді.

– Сол бір зұлмат жылдары еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейінгілердің көрген қиямет-қайымы бүгінге дейін көз алдымда. Елді мекенде Үшкөл балық зауыты болатын. Балық аулап, ел-халықтың ертеңге деген үміт отын жағатынбыз, – деп бастаған сонда әңгімесін.

– Адамзат мәңгі дегенде біз ұрпақтан ұрпақ өрбитін жер бетіндегі тіршіліктің жалғасын айтамыз. Демек, саналы ұрпақ бұл өмірде өз қамын ғана емес, өзінен кейінгінің қамын көбірек ойлайды. Егер теңіз төскейіндегі қайықтағы екеудің біреуі өлуі керек болса, сөз жоқ, қарт кетіп, жас қалады. Айтқандай, даңғайыр жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» повесінде бір отбасының жандары түгелімен өздерін өздері теңізге лақтырып, қайықта қаршадай бала ғана аман қалады. Сол бала бертін келе бүтін бір ұрпақтың ғана жалғасы емес, ел ағасы болады. Кешегі сұрапыл соғыс жылдары қан майданда жан беріп, жан алған бауырларымызды азық-түлік, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін түн ұйқымызды төрт бөліп, теңіз төскейінде жүрдік. Оны айтасыз, теңіз бетінде тербелген ескекті қайық үстінде ұйықтаушы едік.

1916 жылғы июнь жарлығының мал мен жанын баққан момын ауылға сепкен қайғы-қасіреті ұмытыла қоймаған бір ауыр кезең еді. 1917 жылдың наурыз айы болатын. Бір күні «Тәжбеннің Жиенбегі әскерден келіпті» деген хабар бұйығы елді селт еткізді.

– Жаным-ау, әскерден қалай босандың? – деген сауал жан-жақтан жауып жатты.

Екі езуі екі құлағына жеткенше ыржия күлген Жиенбек:

– Патша тақтан құлады! – деп құлшына сөйледі.

– Ол заманда, – деп еске алады Кішкене Дәуренбекұлы, – ауылда білім ошағы деген болмаған. Десе де, сауат ашуды мұрат тұтқан әкеміз медреседе білім алып, арабша хат таныған көрінеді. Бертін келе қазақы әліпбиді меңгеріп, том-том кітаптарды жата-жастана оқып, сауатын ашқан екен. Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын түн ұйқысын төрт бөле отырып оқығанын айтушы еді. Сондай-ақ Мұхамеджан Сералин редактор болған «Ақиқат» деген журналды да үзбей алып отырған. Жатаған үйінің бір бөлмесін кітапхана етіп жасақтап та қойған көрінеді.

1919 жылдың қаңтар айы сақырлаған сары аязы мен ақбас боранын қоса ала келеді. Осындай мазасыз күндердің бірінде Қабырға болысындағы бесінші ауылға суыт жүрген ат шаналылар келеді. Олар тайлы-тұяғына дейін жиналған жұртқа өздерін уездің өкілдеріміз деп таныстырады. Ырғыздан келген екеуінің есімдері Үкібас Қарабасов пен Оразмағанбет Міндетбаев екен. Қалың тонының беліне жалпақ белбеуді шарт буынған Қарабасов:

– Жолдастар! «Ел құлағы – елу» дегендей, өздеріңіз де естіп-біліп жатырған боларсыздар. Патша тақтан құлап, теңдік орнады. Ендігі мәселе осы ауылдың советін сайлау қажет, – деді.

Өкіл советтің мән-мағынасы жайлы тәптіштеп сөйлеп кетті. Ауылсовет председательдігіне, яғни ауыл ағасына кедейден шыққан сауатты да сенімді адамды сайлаңдар деді.

Тосын ұсынысқа таңырқағандар тіс жарып, шешіле қоймады. Сәлден соң төрде отырған білімдар бір кісі сөйлейді.

– Мен білсем, Айбосынның баласы Дәуренбек жас та болса бас болуға әбден лайықты. Көзі ашық, көкірегі ояу, тындырымды, білімі мен жазу-сызуы да бар.

Залды ду шапалақ үні кернеп кетті. Көпшіліктің тоқтамы да осы болды. Сөйтіп жас жігіт бесінші ауылдың алғашқы советіне председатель болып сайланды.

Бұл уақытта Ақтөбе, Арал маңындағы қарулы жасақтар жиі-жиі бой көрсетіп, елдің мазасын ала бастайды. Ел қауіпсіздігін жұмысшылар мен шаруалар, еріктілер отрядтары қорғайды. Олардың дені аш-жалаңаш, жалаңаяқ жүріп соғысады. Осыған байланысты ауылдық совет төрағасының жұмысы да қым-қуыт тірлікке ұштасады. Орынбор губерниясына қарасты Шалқар азық-түлік қабылдау пунктінен Дәуренбектің атына шұғыл бұйрық та келеді. Онда жергілікті халықтан көлік (жылқы) пен азық-түлік үшін төрт түлік мал жинаудың қажеттігі айтылған. Дәукең бұл іске зор сеніммен кіріседі.

Дәуренбектің тынымсыз жасаған тірлігі босқа кетпеді. Ондаған жылқы мен түйе, киім-кешек, азық-түлік толассыз беріледі. Осыған байланысты Шалқар соғыс комиссарының арнайы бұйрығымен алғыс жарияланып, жас жігіттің жігері одан сайын арта түседі.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін «Қызыл отау» шаңырақ көтереді. Оған қоғам қайраткері Сара Есова басшылық жасайтын. Бұл 1927 жылдың көктем айы болатын. Мәдениет ошағын басқарушы С.Есова іссапармен осы ауылға ат басын бұрады. Сараны құшақ жая қарсы алған Дәукең өзін «Қарашоқат болыстық атқару комитеті председателінің орынбасарымын» деп таныстырғанда сыйлы қонақ жатсынбай ауыл-елдің амандығы мен жағдайын тәптіштей сұрайды. Дәукеңнен тұшымды жауап алған ол «Қызыл отаудың» елді аралауға шығатынын, оған жолбасшылыққа уездік партия комитеті мен атқару комитетінің Дәуренбекті ұсынғанын да айтады. Сонымен құрамында қоғам қайраткері Нағима Артыққызы мен екі дәрігер, сот, атеист-лектор және көшпелі кітапхана мен киноқондырғысы бар «Қызыл отау» «Сырғанаты» деген жерге келіп орналасады. Қатар шаңырақ көтерген жеті үйдің іші-сырты тегіс ұран, плакаттармен безендіріліп, газет-журналдар мен том-том кітаптар қойылған. Бұл үйлер Дәукеңнің көрегендігі арқасында тез арада-ақ ауыл тұрғындарының рухани азық алар сүйікті орындарына айналған.

Дәуренбек «Қызыл отау» басшысы Сарамен ай жарымдай жүріп, ел аралайды. Қазақ әйелдерінің арасынан шыққан жаңа өмірдің алғашқы қарлығаштарының бірімен осылай танысып, мол тағылым алады. Көп нәрсеге көзі ашылғанын да айтатын.

Бірде Дәукеңнің назары кезіндегі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған көлемді мақалаға түседі. Онда қазақ ауылындағы кооперацияның алғашқы қадамдары туралы қызғылықты баяндалған екен. Бұл Дәукеңе үлкен ой салады.

Мәжіліс үстінде Дәуренбек ауылдастарына:

– Біз де кооператив ұйымдастырсақ, қалай қарайсыздар? – деген сауалын тастайды.

Жиналғандар толықтай келісім береді. Осы кеңестен соң бар-жоғы үш күн өткенде кооперативке мүше болуға тілек білдірген жүзден астам адам 1100 сом қаржы жинайды. Кооперативті заң жүзінде бекіттіру үшін Дәуренбек Шалқарға келіп, аудандық атқару комитетінің төрағасы Титай Ешімовке ұсыныс жасайды. Бұл жақсылықты естіген Ешімов:

– Рахмет, Дәке! Өзіміздің ойымыз жеткенмен қолымыз жетпей жүрген үлкен істі тындырыпсыз, – деп құшағына алып, қолын қайта-қайта қысады.

Дәуренбекті аудандық жұмысшылар кооперациясының төрағасы Кандагуров те зор ризашылықпен қарсы алады.

– Кооперативтің атын не деп қоясың? – деп сұрайды ол жұмысшылар кооперациясының уставы мен мөрін тапсырып жатып.

Дәукең бұл жайлы ойланбаған екен. Оның көз алдына өзінің туған ауылының келбеті көлбеңдей қалды.  Көк аспандай көлбеп жатқан теңіз, одан бөлінетін шығанақтың қызыл изені мен мол жыңғылы иін тіресе өскен арқа беті ерекше көркем-ақ қой. Осыларды ескерген Дәукең ойланбастан:

– Сарыбасат болсын, – дейді.

Иә, бүгінгі Сарыбасат атауын Дәуренбек ата қойғанын біреулер білсе, біреулер білмес.

Дәуренбек Айбосыновтың Арал халқының шарасыз күй кешкен заманда атқарған ауқымды істері мен ерен еңбегін санамалап айту әсте мүмкін емес. Бертін келе колхоз төрағасы, селолық тұтынушылар одағының басшысы, балықшылар тұтынушылар қоғамының төрағасы, Сарыбасат ауылдық кеңесі төрағасы сияқты қызметтерді абыройлы атқарып, зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шықты.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, сырбаз да ақпейіл, бітім-болмысы бөлек, жомарт жүректі азаматтың айналасына шашып жүрген шапағаты ескерусіз қалған жоқ. 1967 жылы Кеңес одағының 50 жылдығына байланысты «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Облыстық, республикалық деңгейдегі басшылардан алған мақтаулары мен алғыс хаттары да баршылық.

– Мен үшін, – деуші еді Дәукең, – ең басты марапат – ел-халықтың  алғысы.

Расында да солай.

Дәукеңнің дарабоздық дәрежеге жетіп, өркен жаюына бірден-бір жағдай жасап, қолдау болған Құдай қосқан қосағы Ақбөпе. Асыл ана – текті әулеттің, Балқы әулиенің немересі.

Айтқандай, Дәукең ер балаларына хан мен билердің атын берген. Үлкені Шыңғыс аға Айбосынов еңбек жолын Арал аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызметтен бастап, парткабинет меңгерушісі, Жалағаш аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Жалағаш кенті әкімі қызметтерін абыройлы атқарып, еңбек демалысына шықты.

Еңбек жолын Арал аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болудан бастаған Кішкене аға Айбосынов осы ауданның партия комиссиясының төрағасы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы қызметтерін атқарып, туған топырағының тумысы бөлек тұлғасы атанған. Ал Жақау Дәуренбеков ондаған көркем шығарма жазған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды.

Осы орайда көпшілік көкейінде жүрген бір ұтымды ұсынысты оқырмандар назарына салғым бар. Бір елді мекеннің көше атауы Дәуренбек Айбосынов деп аталса, оның өнегелі де өркенді өмір жолы бүгінгі және келер ұрпаққа мәңгілік мұра болып, ұлықталып тұрар еді.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<