Қазақ тілін үйренушілердің қарасы қалың

414

0

Қызылорда – қазағы көп облыс. Бірақ бұл мемлекеттік тілді дамыту ісінде арқаны кеңге салуға болады дегенді білдірмейді. Талай жұмыс атқарылды, алда одан да ауқымды міндет тұр. Осы орайда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша күш салып келеді.

Бүгінде орталық қызметіне жүгінетіндер саны артқан. Оның ішінде еріктілер, кәсіпкерлер, этнос және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, оқуға түсуге, ғылым жолына бет бұруға ниетті жастар жиі хабарласады. Олар өз өтінішіне сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілі курстарын оқып, сертификат алады. 2022 жылы 2200-ден астам мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкері, этнос өкілдері мен ерікті тыңдаушылар мемлекеттік тілді орталықтың оқу-әдістемелік кешендерінде түрлі дағдылар арқылы меңгерді. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында 621, 2024 жылдың 4 айында 719 тыңдаушыға арнап курс ұйымдастырылса, соның 365-і мемлекеттік тіл курсын таңдаған.

Тіл үйренуге арналған әдістемелік құралдар тұрақты түрде жаңарып, толығып отырады. Соның бірі – мемлекеттік тіл үйренушілердің ортадан жоғары және жоғары деңгей тыңдаушыларына арналған «Асыл сөз» оқу-әдістемелік кешені. 2013 жылы оны әзірлеп, жарыққа шығаруға орталық қызметкерлері Н.Мұсаева, Л.Есбосынова, Ә.Бақытова, В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Н.Құрман, облыс әкімінің кеңесшісі А.Сағымбай атсалысты.

– Одан бөлек, 2015 жылы «Қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойындар» әдістемелік кешені көпшілікке ұсынылды. Ол жаңа тақырыптағы сөздерді, грамматикалық материалдарды, тұрақты сөз тіркестерін ойын арқылы үйренуге, тіл үйренушілердің әртүрлі жағдайда сөз саптау мәдениеті мен өзара қарым-қатынастағы белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді. 2018 жылы мемлекеттік тілді оқыту курстарында «Оқыту сағаты» бөлігін ұйымдастыруға, қазақ классиктерінің шығармаларын тіл үйренушілер арасында насихаттауға бағытталған «Қызықты әңгімелер әлемі» атты тілдік тапсырмаларды орындау жинағы әзірленді. Орталық қызметкерлерінің құрастыруымен 2022 жылы қазақ тілін қарапайым деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін оңай әрі жылдам үйренуге ықпал етуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағы жарық көрді. Жинаққа бабалардан қалған өсиет сөздер, батырлар жыры, терме, айтыс, ән-өлеңдерден үзінділер енген. Бұл бір жағынан тыңдаушылардың сауаты мен есте сақтау қабілетін арттыруға септігін тигізеді. Енді жинақ тыңдаушыларының оқылым, жазылым дағдысын дамыту мақсатында көмекші құралдар әзірлеу жоспарланып отыр. Өзге өңірлердегі тіл орталықтарына да қолжетімді болуы үшін жинақтың электронды нұсқасы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында жарияланды, – деді орталық директоры Мартана Дәулетбаева.

Ал былтыр «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» баспадан шығып, тіл орталықтарына таратылды. Осы орайда әдістемелік құрал редакциясын басқарған «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, орталық жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңес мүшесі Ж.Исаева, негізгі авторлары орталық директорының орынбасары Ж.Ерекешова, ғылыми кеңес мүшесі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы М.Меңдібаева екенін атап өтуге тиіспіз.

Тілдік білім көрініс табатын орынның бірі әлеуметтік желі болып тұр. Оны пайдаланушылардың бәрі бірдей сауатты жазады дей алмаймыз.

– Орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше тұрақты ақпараттық-танымдық айдарымыз бар. Мысалы, «Тіл – қазына», «Сөзтүзер», «Practical english», «Оқуға ұсынамыз», «Ұлылар ұлағаты», «Кино time», «Трендтегі сленгтер» және тағы басқа. Тіл мәселесі жас талғап тұрған жоқ. Сондықтан балабақша, мектеп, жоғары оқу орны болсын, ана тіліміздің қадір-қасиетін ұлықтайтын іс-шаралар көптеп өткізілуде, – деді Мартана Дәулетбаева.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<