Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен

4611

0

Баяғы заманда қазақ ішінде өтірік айтатын екі-ақ адам болыпты, оның бірі – Тазшабала, бірі Алдаркөсе екен. Тазша өтірікті өлеңмен айтса, Алдар арсыздан әлсіздің ақысын алып беретін адал алдампаз болыпты.

Бүгінде заман тазы ма, адам түлкі ме, әйтеуір жағадан алып, аяқтан шалып, жымысқы әрекетін көзіңді бақырайтып қойып жасайтындардың жанымызда жүргенін байқай алмай қаламыз. Олардың қасында Тазша тосылып, Алдар аңқиып айдалада қалатын шығар.

Өйткені, олар – осы заманның алаяқтары.

Алаяқтар жеңіл пайда табуды көздеп, діттегеніне оңай әрі тез қол жеткізудің психология­лық тәсілдерін әбден меңгерген. Құммен жүре ме, сумен жүзе ме, іздегенін құрыққа ілген соң ізін жасырып кететіндері көп. «Өркениетке» алғаш өткендер де – солар. Ақпараттық технологияларды, мемлекеттік бағдарламаларды жеке пайдалары үшін оңай қолдана біледі.

Алайда, заң бар, қырағы құқық қызметкерлері бар, қолға жиі түсіп жататын сол алаяқтардың тажал әрекеттері жағаңды ұстатады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы осы ала жіп аттайтын алаяқтардың жолын бөгеуге арналған. Ол бойынша өзгенің мүлкін жымқырушы, алдап алушылардың немесе кісі сенімін теріс пайдаланушылардың мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептік көрсеткішке де­йінгі мөлшерде айыппұл салынады. Сондай-ақ, түзеу жұмыс­тарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады. Қылмысты бірнеше рет жасаған жағдайда, қылмыс деңгейіне байланысты бас бостандығынан айыру жазасы заң аясында он жылға дейін созылуы мүмкін.

Соңғы кездері тым жиілеп бара жатқан алаяқтық оқиғалардың ортасынан әйел кісілер көбірек бой көрсетіп жүр екен. Соған сай алдаушылардың арбауына оңай түсетіндер де – нәзік жандардың өзі.

Нақтырақ сөйлесек, Қызыл­орда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған бірнеше мәліметтегі мән-жайға тоқталып өтейік.

Осыдан бір жыл бұрын өзінің танысынан «ірі мөлшерде несие алып беремін» деп 175 мың теңге алған әйел кісі әлі күнге дейін «болып қаладымен» болдыртыпты. Жақында осы іс бойынша түскен арыздың ізімен Жалағаш ауданының 42 жастағы азаматшасы анықталып, ұсталды.

Алаяққа алданатындардың көбі жер, пәтер мәселесінің төңірегінде жүреді. Әкімдік жерді де, пәтерді де әркімнің кезегіне қарай беріп жатыр. Оны күткісі келмегендердің алдынан алаяқтар шығып, «қамқор қолын» созады. «Көпқабатты үйлерден пәтер алып беремін» деген желеумен сеніміне кірген адамға 542 мың теңгесін бере салған сабаз ақыры полиция­ға арызданған. Бұл «қамқор жан» Арал ауданының бұрын сотты болған 39 жастағы азаматшасы екен, ол да бүгінде беті көншарық болып отыр.

«Әндіжанда бір апам бар, онан да өткен сорақы» дегендей, аймағымыздың атын былғап жүрген бір алаяқ қала тұрғынының 7 миллион теңгеге жуық ақшасын алдап алған. Елу бес жастағы азаматша әлгі кісінің баласын «Қазақмыс» мекемесіне жұмысқа орналастырамын деп уәде берген.

Дәл осы жолмен, сенгіш жанның 1200000 теңгесін алған жаңақорғандық әйел де тұтылды. Жалақысы жоғары жұмысқа орналастырамын деген оның өзі енді заң аясында тар қапасқа орналаспақ.

«Қала орталығынан пәтер алып беремін және жер комитетіне жұмысқа тұрғызамын» деген қызылордалық 28 жастағы әйел де майлы қасықтай жылпылдап жүріп, аңқау жерлесіміздің 755 мың теңгесін қақшып түскен.

«Пәтер алып беремін» деген пәтуаға сеніп, 2 миллион  теңгесін бере салған қызылордалық 49 жастағы тұрғын да ақыры полиция­ға арызданған. Осы арыз бойынша қолға түскен күдіктінің басқа да қылмыстары қылтиып шығып, 4 жыл 6 айға сотталып тынды.

Полиция департаментінің мәліметтерінде мұндай мысалдар көп-ақ екен. Бұл, әрине, көңіл тоқтықпен айтатын нәрсе емес.

Дегенмен, біз қылмысты ашу құқық қызметінің міндеті деген масылдықтан аулақ болуымыз керек. Бұл қылмыспен әрбіріміз күресуге тиіспіз. Аяқ­асты «қамқор» бола қалатындардан сақ болғанымыз жөн.

Әрине, әкеңнен қалған болмаса әркімнің малын малданам деу бекершілік, ол түбінде опа таппайды, ұрының арты қуыс. Соны біле тұра алаяқтар да аяғын тартпайды. Ал, бізге жақсы мен жаманды айы­ру сонша қиын болғаны ма?

Сөз басында «алаяқтардың тажал әрекеттері…» деген тіркесті тегін қолдана салғанымыз жоқ. Құранда «дәжжәл» деген сөз кездеседі, қазақшалап «тажал» дейміз. Ал, аудармасында «өтірікші», «алаяқ» деген мағына береді екен. Бұл жайында Мұхаммед Пайғамбар: «Қиямет таянғанда өтірікші алаяқтар шығады, олардың әрбірі өзін пайғамбармын дейді», – деп олардың түр-сипатына дейін айтып кетіпті.

Егер аңдап қарасаңыз өтірікшінің түр-сипатын жазбай тануға болады. Олардың өңі қан-сөлсіз келеді, өйткені өтірік беттің қызылын кетіреді. Күлегеш болады, тез сөйлейді, асығыс жүреді, сені мақтаңқыраған сөздерді қайталап отырады. Сұрай қалсаңыз бос уақыты көп, жаны ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді сүйе­ді.

Енді, танып жүрсеңіз ­болады…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<