Бала әкеден кем туа ма?

1054

0

 Фото: ашық дереккөз

«Бала әкеден ширек кем туады» деген сөз бар. Үлкендердің айтуынша, бұрынғылар қазіргі жастарға қарағанда зерек, көп кітап оқитын, соған сәйкес ақылды әрі байсалдырақ болған. Шынында солай ма? Жастар, әрине, әкелерінен ерекшеленеді. Бірақ бұл олардан ақылы кем деген сөз емес.

Зерттеушілер жастардың орташа IQ деңгейі аға ұрпаққа қарағанда жоғары деген пікір айтып жүр. Бұл құбылыс Флинн эффекті деп аталады. Ол адам интеллектінің табиғаты туралы қандай қорытынды жасау­ға мүмкіндік береді? Алғаш 1980 жылдары Джеймс Флинн ашқан құбылыс орташа IQ көрсеткіші үнемі өсіп отыратынын білдіреді, яғни, жаңа буынның бұрынғысына қарағанда интеллект коэффициенті жоғары болады.

Психолог Лиза Трэхан 14 мың адамның IQ тестілерінің нәтижелерін қарастырған. Оның қорытындыларына сәйкес, тестілеудің орташа баллы 1950 жылдардан бері шынымен де тоқтаусыз өсіп келеді. Ғалым: «Флинн эффектінің болуы күмән тудырмайды» деген қорытынды жасаған.

Бұл құбылысқа бірнеше түсініктеме бар. Соның бірі – халықтың тамақтану сапасының, жалпы жағдайының жақсаруы, яғни, Флинн эффекті адамға өркендеуге мүмкіндік берсеңіз, оның санасы өздігінен өсіп, өркендейтінін дәлелдейді. Басқаша айтқанда, қазіргі IQ көрсеткішінің жоғары болуын өткен ғасырда адамзат өзінің әлеуетіне жетуге кедергі келтіретін бірқатар денсаулық проблемаларынан құтылуымен ішінара түсіндіруге болады.

IQ көрсеткішінің жыл санап өсуі орын алған әлеуметтік өзгерістерге де қатысты. Қазір адамзат жаңа интеллектуалды және психикалық дағдыларды дамытуға мәжбүр. Заманауи қоғам мен IQ тест нәтижелері арасындағы байланысты түсіндіретін басқа да гипотезалар бар. Мысалы, бүгінде қарқынды интеллектуалдық жұмыс­ты қажет ететін салаларда көп адам еңбек етеді. Мектептер де өзгерді. Бұрын оқушылар көбірек есте сақтауы керек болса, қазір басты назар себеп пен салдарды түсінуге аударылады. Сонымен қатар, мектептен кейін оқуын жоғары оқу орындарында жалғастырып жатқандар көбейді.

Тіпті, адамдардың ойын-сауық түрлері де жетілдіріліп, барынша күрделене түскен. Барлық адамдар бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы хат жазысып, күн сайын өте көп ақпарат тұтынады, яғни, үнемі жазумен, оқумен айналысады. Ол аз десеңіз, сүйікті сериалыңыз қалай аяқталатынын алдын ала болжауға тырысудың өзі сізді ақылдырақ ете түседі.

Флинн эффекті адам санасының біз ойлағаннан әлдеқайда икемді және бейімделгіш екенін көрсетеді. Ойлау үшін жауапты құрылымдар бізде туа­бітті қалыптаспайды, әлеммен әрекеттесу кезінде құрылады. Демек, қазіргі қоғамның талаптарымен бетпе-бет келіп отыр­ған бізге өткеннің өлшемін білу де, жаңашылдыққа ұмтылысты  ұғынуда өте маңызды.

Рүстем АЙБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<