Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы: «Сыр елінде симпозиумның салтанатты көші бастау алды»

1830

0

Сыр елінде суретшілердің халықаралық симпозиумы өтуде. Осы орайда газет тілшісі Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязовпен жолығып, саланың бүгіні мен болашағы жөнінде аз-кем әңгімелескен болатын.

Өмірбек Орынбасарұлы, Сыр еліне қош келдіңіз. Суретшілер симпозиумының әсері туралы ой бөліссеңіз…

– Симпозиум негізінен тақырып аясына қарай ұзақ мерзімге созылады. Әр суретшінің ерекше көзқарасы бар. Бүгінгі жобаның ерекшелігі – халықаралық. Бұрын-соңды болғаны республикалық симпозиумдар еді. Сыр елінде симпозиумның салтанатты көші бастау алды. Ал мұндай қолдаудың болғаны бізді қанаттандырады. Бұған еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі суретшілер, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан әріптестеріміз келді. Биылғы шараның бағыты өзгеше. Өнер өлкесінде суретшілерге арналып көрме залы ашылса деген ниет бар. Жоба аясында суретшілер түркітілдес халыққа ортақ Қорқыт бабадан бастап, Сыр топырағындағы қастерлі құндылықтарды туындысына арқау етпек. Бұл өнер қорын байытады.

– Жалпы елімізде суретшілердің шығармашылығын қолдау-насихаттау деңгейі қандай?

– Қазақстанда кескіндеме өнері кенжелеп қалғаны жасырын емес. Өткен жылы Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдығын атап өттік. 10 мемлекеттен 2-3 суретшіден қатысты. Нәтижесінде жиырмаға жуық жұмыс ұлттық музейге, жеті жұмыс Әбілхан Қастеев музейіне табыс етілді. Кейбір облыстарда тәуелсіздік алғалы бері шара өткізілмеген. Жалпы Қазақстан Суретшілер одағы үлкен ұйым. Қатарымызда мыңнан аса суретші тіркелген. Тұңғыш шығармашылық ұйым осы – Қазақстан Суретшілер одағы. Қазіргі таңда он бес филиалымыз жұмыс жасайды және жеті жеке ұйыммен екеуара меморандум бар. Жас суретшілер талабын жетілдіру жұмысы да жүйелі жүргізілуде.

Өз шығармашылығыңызға ойыссақ, сурет салу өнеріне қандай күш жетеледі деп ойлайсыз?

– Адамның ең үлкен ұстазы – қызығушылық. Бейнелеу өнеріне қызығушылығым мектеп жасынан басталды. Алғашында бояужетіспеушілігінен мұғалімнен төмен баға алған кездерім болды. Сонда да сурет салуға ықыласым арта түсті. Кейіннен мектепішілік қабырға газетіне туындыларым іліне бастады. Нағашы атам Оспанғали Қарпықұлы етікші болған. Бейнелеу өнеріне келуім содан дарыған қасиет болуы мүмкін. Ол кезде кішкентай баламын. Байқап отырсам, балықтың сүйегін қайнатып желім жасап, тоғайға барып, қайыңның бұтақтарынан шеге жасайтын. Қайыңның қабығынан ұлтарақ жасайтынын көріп қызығып өстім.

– Баулып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– Темірбек Жүргенов академиясында 20 жылдан астам жұмыс істедім. Сонда жүргенде тәжірибе бөлісіп, бағыт-бағдар берген шәкірттер болды. Ал бейнелеу өнері бойынша жеке дайындап жатқан жоқпын.

Қызым Ғайни Жұбаниязованың мектеп жасынан бейнелеу өнеріне бейімі болды. Қазір дәстүрлі жолын қумаса да туабітті таланты бар. Болашақта бояу өнеріне келуі де мүмкін. Оны уақыт көрсетеді. Бір ұлым дизайнер мамандығы бойынша білім алуда. 

– Бір картинаға орта есеппен қанша уақыт жұмсайсыз?

– Әр туындыға әртүрлі уақыт кетеді. Бір деммен салатындары болады. Кейде бір картина бір-екі жылға созылуы мүмкін. Бұл үшін сабырлылық пен ептілік керек. Жақсы үйлесті деген жеріңнің өзі кейін қарағанда өзгеріс талап етеді.

Әлі аяқталмай жүрген картинаңыз бар ма?

– Осыдан үш жыл бұрын Оспан батырға байланысты шығарма бастағанмын. Жаңадан мағлұматтар қажет етуде. Сол жағын толықтыра түсуім керек болып тұр.

Кенесары ханға байланысты картинам болды. Бүгінде көп оқулықтарға шығып жүр. Сол суреттемені шөбересі Напуса Әзімханқызының архивтегі жинақтаған материалдар негізіне сүйеніп жасадым. Ауызша түпнұсқаға негіздеп бейнеледім. Шығарма шынайы салынса өз бейнесін көркемдей түседі. Сол еңбегім көп жерде негіз ретінде қабылданып жүр. Өзім соған іштей қуанамын. Картина арнайы бір тұлғаға арналса көп мағлұмат талап етеді. Бір жағынан ғылыми жұмыс ретінде де қорың арта түседі.

– Туындыларыңызға көбінесе қандай тақырыптарды арқау етесіз?

– Бейнелеу өнерінде түрлі жанр бар. Менің картиналарым негізінен  лирика жанрында салынады. Суретшілер көбіне-көп мінезіне келетін тақырыптарды кескіндейді. Туындыларымда махаббат, бейбітшілік жайлы бейнеленеді. Соңғы кезде әлемдік деңгейдегі жағдайға байланысты да шығармаларым бар. Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдығына орай өткен халықаралық көрмеде Украинадағы соғысқа байланысты көзқарасымды білдірдім. Мақсатым – жер бетіндегі тыныштық пен тұрақтылықты арттыруға үн қосу.

Өзіңізге ұнайтын суретшілерді атай аласыз ба?

– Көңіліме ұнайтын суретшілер қатары қалың. Түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатын сурет салу өнері бүгінге дейін қасиетін жоғалтпай, сақталып келеді. Бұл саладағы дарынды өнер өкілдерінің көптігінен деп танимын. Оны әрі қарай жандандырып, халықтың назарына ұсынып жүрген азаматтар жетерлік.

– Жас суретшілерге айтар ақыл-кеңесіңіз.

– Алдымен дұрыс бағыт ұстанып, соған жету жолды қарастырып алғаны абзал. Бойындағы кішкене талант ұшқыны болса соны дамытып, кемелдену керек. Ең біріншіден, сынға сынып қалмау керек. Сын, ескертпе адамды жетілдіре түседі. Әрине, жолымен айтылса.

– Салыстырмалы түрде Сыр суретшілері қай деңгейде деп есептейсіз?

– Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, республика бойынша бейнелеу өнерін дамытуда Алматы, Атырау қалалары жақсы деңгейде көрініп жүр. Кеше Орал қаласында жеке көрме өтті. Алдағы күндері Павлодар өңірі ұйымдастырмақ.

Қызылордадан шыққан қылқалам шеберлері Қазақстанның сурет өнерінің дамуына үлкен септігін тигізіп жүр. Сырдан шыққан суретшілер Ләтипа Қожықова, Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтар, Ағымсалы Дүзелханов, Қадырбек Қаметов, Қайырбай Зәкіров, Сахи Романов, Салихитдин Айтбаев қазақ сурет өнерінің тарихындағы таңбалы кескіндемешілер. Мұны мақтаныш тұтамыз.

– Арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<