Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылыс басына барып, ондағы жұмыс барысын пысықтады.
Алдымен сол жағалауда салынып жатқан көпсалалы медициналық мекемеде болды. Тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емхана 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған. Жалпы мұның құрылысына 14 млрд 780 млн теңге бөлінген.
Бұдан кейін облыс әкімі Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады. Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«СБ» ақпарат





