Ардагерлер – ел ұйытқысы

170

0

Шиелі ауданында ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтіп, оның жұмысына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Шиелі ауданының әкімі Н.Ахатов және пленум мүшелері, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.

Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы өз хабарламасында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өмірлік тәжірибесі мол аға буынмен бірлесе іске асқанын жеткізді. Алдағы уақытта да оларға деген құрмет пен қамқорлық аясы кеңейе түспек. Ал академик Өмірзақ Озғанбаев қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр еліне деген құрметі ерекше екенін өз лебізінде білдірді. Оның ішінде Шиелі ауданының көркеюіне деген сүйсінісін де жасырмады. Бұл – халықтың ынтымақ-бірлігінің жемісі.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл өз баяндамасында есепті мерзім аралығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттер туралы да тарата айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың табыс кірісі төмен, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарды қамқорлыққа алу жөніндегі тапсырмасына сәйкес республика аумағында «Іскерлік және жанашырлық» пилоттық жобасы қолдау тауып, қазір біздің облысымызға да еніп отыр. Осыған орай аудан, ауыл, мекеме ардагерлер ұйымдары өмір сүру деңгейі төмен зейнеткерлерге, жалғызбасты қарияларға қамқор кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізуге тиіспіз. Ауданда ардагерлер ұйымдары жоқ мекемелер әлі де бар. Сондықтан еш жерде есепте тіркелмеген ардагерлерді бастауыш ұйымдарға есепке алу жұмыстарын жандандыруымыз керек. Сонымен қатар ардагерлердің шипажайларда демалуы, қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруі туралы  мәселелерді де қарастырудамыз, – деді ол.

«Ақмая» ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова  аудандық ардагерлер кеңесінің есепті мерзімдегі жұмысына жақсы баға берді.

Пленум мүшелігінен шыққан азаматтар орны жаңа өкілдермен толықтырылды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қорытынды сөзде жиынның үлгілі ұйымдастырылғандығын айтып, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар берді.

Өмірзақ Озғанбаев ардагер Киікбай Исмайловқа Құрмет грамотасын тапсырды. Сондай-ақ бірқатар белсенді ардагерлер облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<