Шиелі ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Балаби бұл күндері сән-салтанаты келіскен, әлеуметтік жағдайы да жақсарған ауылдардың қатарына жатады. Кешегі кеңестік кезеңде де «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы кеңшар озық шаруашылық саналатын еді, сондағы еңбек еткен еңбеккерлердің сабақтастығы әлі күнге жалғасып келе жатыр. Олардың көпшілігі және бүгіндері еңбекке араласқан ұрпақтары нарықтық қатынастың да қыр-сырына қанығып, қатарынан қалмай тіршілік етуде.
Бұған жергілікті атқару орындары да барынша қолдау білдіріп, жағдай жасап келеді. Дегенде ауылдан қалаға көшу үрдісінің әсерінен туған ауылды тастап, орталыққа орныққандар қатары да бұл ауылда аз емес. Тура мәліметті алдыға тартсақ, қазіргі кезде ауылда 633 отбасы, 4 мыңға тарта халық өмір сүріп жатыр.
Округте 1 орта мектеп, әуез мектебі, 3 балабақша, ауылдық мәдениет үйі және кітапхана, 1 дәрігерлік емхана, 1 жеке дәріхана, 1 ветеринариялық пункт, 1 пошта байланыс бөлімшесі, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, 10 жеке дүкен болса, аудан орталығымен де қатынас жолға қойылған. «Балаби – Қызылорда» бағытына 2 қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Осы мақаламызда білім беру саласын баса айтқымыз келіп отыр. Оның өзіндік себебі бар. Өткен жылы №50 Абай атындағы орта мектебін бітіруші түлектің 32-cі ҰБТ-ға қатысып, оның 20-сы жоғары оқу орнына түсті. Оның ішінде 9 -ы мемлекеттік грантты жеңіп алса, 11-і «Серпін» бағдарламасы аясында оқып жатыр. Білім – біздің болашағымыздың кепілі. Ертең бәсекеге түсудің тірегі. Осы орайда Балаби ауылындағы білім беру ошағының тарихына шолу жасағанды жөн санап отырған жайымыз бар.
Ауыл азаматтарының белсенділігінің, қайраткерлігінің арқасында соңғы сексен жыл көлемінде бұл елді мекенде мектеп төрт рет жаңалап салынды. Соңғысы жаңа типтегі 900 орындық білім ордасы 2015 жылы 1 млрд, 200 млн теңгеге бой көтеріп, оның игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр. Оның алдында 1975 жылы салынған 640 орындық мектеп ғимаратын шағын орталық ретінде ел игілігіне пайдалануда.
Ал ауылдағы алғашқы мектеп қашан салынып еді? Бұл туралы бізге жасы 85-ке тақалған Шиелі кентінің тұрғыны Мұқтар Шәймерденұлы ақсақал баяндап берді:
– Өзімнің анам Бибіхадишадан естіген әңгімем еді, – деп ақсақал сөзін бастады. – Ауылымыз ол кезде Бәйгеқұм ауылдық кеңесіне қарасты болған екен. «Талаптан» колхозындағы жетіжылдық мектептің қабырғасы алғаш рет осы ауылдың түлегі Пахретдин Ашировтың белсене араласуымен асарлатып қаланыпты. Сол кезде, яғни, 1937 жылы 18 жасқа енді толған балаң жігіт мектеп мұғалімі әрі комсомолдың хатшысы болса керек.
Өмір-өзеннің мың бұралаңы секілді қоғамдық өзгерістер де әр жылдары аударылып, төңкеріліп тұрары заңдылық. Ол кезде елге РайЗО деген мекеме басшылық жасайтын-ды. Ауылдағы жетіжылдық мектептің қабырғасы қаланып, төбесін жабар кезінде оған ағаш жетіспей қалады. РайЗО басшысының алдына барған Пахретдиннің салы суға түсіп шығады. «Мектепті өз уақытысында бітіріп шығасыңдар, қажетті ағашты «Оқшы Ата» мешітін бұзып аласыңдар», дейді басшысы. Бірдеңе десең, қарсы жауап айтсаң, «халық жауы» аталғандардың, атылғандардың жолын құшып кете беруің әбден мүмкін. Мешіттің дүниесіне тиісуге діннен хабары бар адам қорқады. Екі оттың ортасында қалды деген нақ осы… Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі. Жас жігіттің салы суға кететіні содан. Пахретдин мұңға батты. Аллаға сыйынып, күнде бір мал құрбандық шалып, айналаға таратумен болды. Тек жетінші күні ғана бір тоқтамға келгендей болып: – Жеңеше, – дедім анам Бибіхадишаға. – Басқа салғанды көрерміз, бүгін амалсыз мешіттің ағашын алуға барамыз, қазаныңызды, ыдыс-табағыңызды алыңыз, басында мал сойып, құран оқимыз», – дейді. Мешітке келген соң да ол қатты қиналыс тапса керек. Қайта-қайта Жаратушыға жалбарынып, құранын оқып, қолына құрал-сайманын алады. Өзімен ере барған жас балаларды мешіт ағашын бұзуға жолатпай, бұл жұмысты тек жалғыз өзі атқарып шығады. Міне, Балаби ауылындағы №50 Абай атындағы мектеп алғаш 1937 жылы осылай салынған болатын. Кейіннен осы мектептің алғашқы директоры болған Әзімхан Исмайлов оны онжылдық дәрежесіне көтеріп, көлемін ұлғайтты. Ол кісінің інісі Асанхан Бәкірұлы осы білім ордасында 29 жыл бойы басшылық жасап кейінгі ұрпақ қолына эстафетаны тапсырды. Ұлғанша Найманбаева да осы білім ордасында айтарлықтай өнегелі еңбек етті. Қазір мектепке білім саласы майталманының бірі Халықбек Әлтаев басшылық жасап келеді.
Ал сөз басында өзіміз дерегін келтірген Балаби ауылында алғашқы мектеп іргесін көтерген Пахретдин Аширов 1939 жылы әскер қатарына алынып, Фин соғысына қатысады. 1942 жылы Отан қорғауда шейіт болады. Соңында Нәзира, Нағира деген қарындастары ғана қалады, олардан өрбіген ұрпақтары еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп жүр.
Француз ойшылы Жан Поль Сартр «Болмыс және ештеңе емес» деген еңбегінде: «Адам дүниеге келеді, кетеді. Артында ізі қалса – болмыс, соңында ізі қалмаса – ештеңе емес» депті. Сол айтпақшы, Пахретдин Аширов ағамыз – Отан қорғауда қыршынынан қиылып, ұрпақсыз өтсе де, болашаққа із қалдырған адам. Әділеттіліктің салтанат құруы үшін ол, әрине, атаусыз қалмауы тиіс. Әрине, оны әуелі ауылдастары, №50 Абай атындағы мектеп ұжымы жүзеге асыруы тиіс деп ойлаймыз.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы,
Балаби ауылы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<