«Мәпеледің қанаттыға қақтырмай,
Жат есіктің босағасын бақтырмай.
Санамызға талап отын маздаттың,
Жалғыздықтың күңгірт шамын жақтырмай»…
Әкеден ерте айрылып, жасынан жоқшылықтың қамытын киіп, балалықтың балғын шағын армандап өткен қайраткердің анасына арнауы. Бір шумақ өлеңде бүкіл қазақтың батыр аналарын сипаттағандай мазмұн бар. Ғұмырын ғибратқа толтырып, ұлты үшін ұлы қадамдарға барған ұлт жанашырының қайраткерлік келбеті уақыт көшінде саф алтындай жарқырай түсті. Санасын сақпен, ғұмырын ғұнмен жалғаған исі қазақтың жоқтаушысы аз болған ба? Қазақтың қилы заманын қисынға келтіре алмай өткен боздақтар мен қоғамның қалтарысында қияң қылықтан аулақ болған тұлғалардың тұғыры қашанда төр болмақ.
Ұлттың ұлт ретіндегі айғағы – туған тілі. Ана тілі арқылы барлық құндылық пен болмыс сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Қазақ қоғамы тар жол тайғақта да болмысынан ажырап қалмаған. Іргесі бүтін, бірлігі мығым болуды мақсұты санап, бағалысын бойтұмардай сақтады. Сондай тағдырлы азаматтың бірі Ш.Шаяхметовтың туғанына – 85 жыл толып отыр. Алаш көсемі Ә.Бөкейханұлының: «Ұлтшыл болмасаң, ұлтқа қалай перзент болмақсың» деген ғибраты болар істің басында жүрген азаматтың жігерін жанып, намысын қайраған болар. Бүгінгі тақырыпқа арқау болып, тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміздің мәдениет майданындағы атқарған ілкімді істерін бағамдап, ертеңгі ұрпаққа насихаттау – парыз.
Қазақта болмысы бөлек, епті, елгезек адамға «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға берген. Ш.Шаяхметұлы жігітке тән жеті өнерді меңгерген, ұлттың қамын жеп, жоғын түгендеу үшін жаратылған біртуар азамат. Парасаты биік, адамдығы айрықша азаматтың мемлекеттік тілді тұғырына қондыру жолындағы еңбегі зор. Күннің нұрындай шуақты, шыңның қарындай таза ниетті азаматтың асқақ арманы елдік пен еркіндікті еңселі ету болды. Алдымен адаммен қарым-қатынас жасаудың ерекше үлгісін танытып, ағалық жолмен «боламын» дейтін жастың белін буып, қанатын қомдады. Ол химия саласының маманы бола тұра әдебиетті сүйді, мәдениетпен бірге жасады. Жоғары қызметте жүріп уақытын мемлекет мүддесіне арнаған қайраткер. Алғаш боп өңірлерде тіл оқыту орталықтарын ашу бастамасын көтерген де Ш.Шаяхметов. Осы ретте, автордың: «…Ана тілін үйрену, меңгеру негізінен балабақшада, мектеп қабырғасында қалануы керек. Онсыз ешбір тіл бойға құт болып дарымайды, ойға опа болып жарымайды» деген сөзі тілге деген шексіз құрметі болар. Осыған ретте,тоқырау жылдарында ешқандай негізсіз жабылып қалған қазақ мектептерін қалпына келтіру үшін өзі басқарған министрліктің назары осы мәселеге ауды. Соның нәтижесінде тек 1989 жылы ғана 150-ге жуық қазақ балабақшасы және 80-нен астам қазақ мектебі жаңадан ашылып, жұмыс жасай бастады.
Жұмыр басты пенденің теңбіл тіршіліктен тұрлау табуы оның көзі тірісінде жасаған қызметімен өлшенері анық. Қазақ көшінің бағытын түзеп, тәуелсіздік жылдарының елең-алаңында атқа қонған арда азамат. Кісіліктен гөрі кішілікті серік ете жүріп, елі үшін еңселі істерді еңсере білген іскерлік қабілеті ұрпақтың мақтанышына айналды. Айналасын әзілмен көмкеретін абзал ағаның сол ғұмырындағы ғибратты істері бүгін мен болашақтың алтын көпіріне айналарын өзі сезді ме екен?
Ана тілін өркендету жолында табанды күрес жүргізген қайраткердің мына бір сөздері оның зор тұлғасын айшықтап тұрғандай әсер қалдырады: «…Істің тоқетері – ең әуелі қазақ қауымына деген жанашырлық, ізгі ниет керек, құлық қажет. Бұл үшеуі болмайынша, мемлекеттік тіл жөнінде жасалып жатқан шаралар орта жолда тынады, ешқашан нәтижесі болмайды» деген. Мәртебелі істі мерейлі ету жолындағы маңызды қадамдар мен оңтайлы шешімдер қабылдай білген қарымды қаламгер. Әсіресе оқу-ағарту саласын біріздендіру, бір жүйеге келтіру үшін аянбай еңбек етті. Тәуелсіздік жылдары Түркия елімен алғаш болып кадр даярлау мәселесі бойынша келісімге отырып, жүзеге асырған жан. Қазақстан мен Түркияның оқу-ағарту саласындағы салған сара жолы бүгінгі күні зор маңызға ие. Іскерлік қабілетінің тағы бір көрінген сәті, ол айналасындағы білімі мен білігі жоғары мамандардың тың идеяларына қолдау білдіріп, іске асуына мұрындық болатын. Яғни жауапкершілік артқан кісіге сенім де білдіре алатын қабілетке ие. Өзінің білгені мен түйгенін ізбасар інілеріне үйретуден жалықпаған десек, оның шәкірттері «Шәкеңнің шинелінен шыққанбыз» деп көрген қамқорлықтарын ілтипатпен айтып жүреді екен. 19 ғасыр бедерінде Ахаң аңсаған тәуелсіздік пен Жахаң армандаған ағарту министрлігі Шайсұлтанның тұсында жүзеге асты. Алаш арыстарының есімін бұлайша байланыстыруымыздың өзіндік сыры бар. Шайсұлтан Шаяхметұлы киелі Әулиеатаның перзенті. Демек Торғай өлкесінен түлеп ұшқан А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының кіндігі байланған құтты мекенде Шайсұлтанның да дүниеге келуі кездейсоқтық емес. Тарихты таразылай келе, Кеңестік кезеңдегі қазақ қоғамының ілгері басуына атсалысқан, мемлекеттік маңызы бар мәселелердің мінберінде жүрген екі азаматты атар едім. Оның бірі – темірдей Т. Жүргенов, екіншісі – Ш.Шаяхметов. жұбайы Алма —– қызының айтуы бойынша, барға мақтанбайтын, жоққа қажымайтын жан. «…Бұл кісі 1986 жылы көп қиындық көрді деп бастайды бір естелігінде. Колбиннің түкірігі жерге тимей, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған сәт. Тиісерге қара таппаса керек, сол кездегі жоғары оқу орындарына түскен қазақтардың үлесі көп дегенді әр жиналыста айта берген екен. Сол сәтте білім министрі болып тұрған Шайсұлтан өз аяғымен аралап жүріп, әрбір оқу орнындағы қазақтар мен орыстардың үлесін анықтаса керек. Осылайша нақты статистиканы Колбиннің назарына ұсынып, керісінше орыстардың саны көп деген тұжырым жасайды. Осыдан кейін Г.В.Колбин бұл мәселеге қайта оралмаған екен.
Қоғам қайраткерінің: «Шенеуніктерді мемлекеттік тілде сөйлетудің бірден-бір тиімді жолы осы. Тілді үйретуге жан-жақты жағдай жасалғандықтан, оны игеру қиынға соқпайды. Оның үстіне үш айлық курста дәріс алған мемлекеттік қызметші тілді әрі қарай тереңдетіп оқимын десе, тағы да үш айға жалғастыруына болады. Үш айда 80 сағат, алты айда 160 сағатта мемлекеттік тілді ойдағыдай үйренетініне сенімдімін»-деген ұстанымы уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
1999 жылы өз жұмысын бастаған «Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы» бүгінде республиканың барлық облыстарында «Тілдерді оқыту орталығы» болып жұмыс жасап келеді. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып, ересектерге мемлекеттік тілді оқыту бойынша маңызды істерді атқаруда. Бүгінде Ш. Шаяхметов атындағы республикалық «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тіл оқыту орталықтарының өнімді жұмыс жасауына қолдау білдіріп келеді. Орталық базасында әзірленетін оқыту платформалары мен әдістемелік құралдар жыл өткен сайын әлемдік деңгейге көтеріліп, ұлттық сипат алуда. Мемлекеттік тілді оқытуға арналған республикалық, халықаралық семинарлардың саладағы орны ерекше. Үздіксіз ұйымдастырылатын кәсіби байқаулар арқылы тіл үйренушілер мен орталық мамандарының нәтижелі жұмыстарын республика деңгейінде насихаттауға, марапаттауға мүмкіндік туды. Соңғы жылдары сандық технология мүмкіндіктерімен оқыту жұмысы жолға қойылып, әдістемелік құралдарды шығаруға қолдау білдіріп келеді. Орталық әдістемелік, ғылыми, техникалық базасы жолға қойылған, тіл үйретудің өзіндік шарттары бойынша жұмыс жасайтын бірден-бір мекеме.
Өткінші өмірдің байлауы жоқ базарына, қайнауы жоқ қазанына әрбір жанның көш керуені келіп кетіп жатады. Тұрмыс деген тұңғиықта тұрлау табу – әрбір адамның арманы болса, сол арманға адаспай, жету үшін қалың қайрат, биік намыс, мұқалмас жігер қажет. Ұлттың ұлы перзенті атанған Ш.Шаяхметовтың ғазиз ғұмыры елінің елдігін еңселі етпек жолында жүрген әрбір жасқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі – өнеге. Қоғамның сан түрлі саласына қолтаңбасын қалдыра отырып, әр іске бел шеше кірісетұғын арда азаматтың дара жолы мәңгілік ел жадында.
Ж.Ерекешова
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының
«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы»
КММ-і директорының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<