Ас беру, жаназа шығару, өмірден өткен адамды жерлеу рәсімдерін ұлттық дәстүр мен ҚМДБ әдістемесіне сай өткізу керек. Сәрсенбіде облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, Сыр жұртшылығына осы сарында үндеу жарияланды.
Осы күні қазалы үйде үш күнге дейін қазан көтермейтін қазақ жоқ-ау. Ет жақынынан айырылып, онсыз да жүрегі езіліп отырған отбасы салттан гөрі салтанатты дастарқанға көбірек көңіл бөлетін болған. Бар-жоғына қарамай, бірінен-бірі қалысқысы келмей өзара жарысқа түседі. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегеннен артық сөз де таппайсың мұндайда.
Алқа мәжілісінде кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев Құдайы астың негізгі мәні – көпшіліктің басын қосып, марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатын тілеу, пендешілікпен жасаған қателіктері мен күнәлары үшін Жаратқаннан жарылқау сұрау екенін атап өтті. Алайда, дастарқан қамымен жүргенде маңызды дүниелер қаперден тыс қалатыны өкінішті.
– Жақынынан айырылған қаралы шаңырақ көпшілікке ас беруді перзенттік міндеті санап, дастарқан жайып, шектен тыс шығындалуға мәжбүр. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда қалтасы жұқалау отбасылар да одан қалысқысы келмейді. Қарызданып-қауғаланып жүріп ас береді. Шын мәнінде шариғатта «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген. Осы сияқты әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан еске алу іс-шараларын ұйымдастыру, өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттелуі қажет, – деді Серік Дүйсенбаев.
Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс, тағысын тағы) тарату да шариғат талабына сай келмейді. Оның орнына сол ақшаға шын мұқтаждардың қажетін өтесе, нағыз сауапты іс сол. Кеңес төрағасы әрбір ысыраптың сұрауы мен обалы барын айта келе, түйткілдің түйінін шешу үшін қоғамдық ұйымдар, халық, әулет, рубасылар мен данагөй ақсақалдарды, зиялы қауым және дін өкілдерін бірге үн қосуға шақырды.
– Қазалы жерлерде азық-түлікті аямай, тойханада дастарқанды жайнатып жіберетіндер бар. Құдайыға емес, тойға келгендей боласың. «Әркім өзі біледі ғой» дегенмен, кей ағайын қалтасы көтермесе елден қалғысы келмейді. Қайғыдан қан жұтып отырған шаңырақтан тамақ ішіп, бос әңгіме айтып, арсыз күлкіге еру дұрыс емес. Қайта туыс-жақыны, көрші-қолаңы, жора-жолдасы демеу болып, қаралы отбасын қамқорлыққа алып, қайғысын жеңілдетіп, барлық шаруадан босатуға күш салуы қажет. Марқұмның жақындары мал іздеп, базар аралап, қарыз сұрап сабылып кетпеуі тиіс. Бұл, біріншіден, ысырапшылдыққа, екіншіден, ол отбасыны шектен тыс ауыртпашылыққа итермелейді. Кісі баласын қаржылық қиындыққа немесе қарызға батырып қою – қиянат іс, – дейді кеңес төрағасы.
Облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев жаназа мен жерлеу рәсімі кезіндегі ысырапшылдық жайына тоқталды. Ислам дінінің қағидалары мен ұлттық салт-дәстүр үйлесім тапқан жағдайда қоғамдағы рухани, материалдық тепе-теңдікті сақтауға болатынын айтты.
– Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, сондай-ақ шапан үлестіру көріністеріне куә болып жүрміз. Біріншіден, бұл қаражат марқұмның отбасынан шығатын болғандықтан бұл да оларға ауыртпалық салатыны сөзсіз. Екіншіден, көбінесе таратылып жүрген дәке орамалды, сөздің шынын айтқанда, ешкім пайдаланбайды. Бар болса, бұрышына түйіп байлаған тиынды ғана алады. Оны марқұмның атынан берілген садақа деп есептейін десек, шариғат бойынша садақаны міндетті түрде емес, ерікті түрде беру керек. Ал халық арасында үрдіс болып кеткен істерді адамдар міндет деп біледі. Ендеше, біреудің шамасы келіп, енді біреудің шамасы жете бермейтін мұндай садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады, – дейді Дастан Құрманбаев.
Қайтқан кісіні жерлеуге байланысты да жарыс өтіп жатқандай. Зират басына құлпытастан бөлек үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу белең алды. Сайып келгенде, марқұмға мұның ешқандай пайдасы жоқ. Соған жұмсалған қаражатты жетім-жесірге үлестіріп, көрші-қолаң, ағайын-туысқа қарайласқан, білім ошақтарын тұрғызу, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығару секілді игі істерге жұмсап, сауабын қайтыс болған кісілерге бағыштаған әлдеқайда дұрыс. Бұл бағытта ҚМДБ «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарып, «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат әдебі» құжаттарын қабылдаған.
Бас имам құжаттағы бірнеше мәселені назарға салды.
– Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіне жетпей жатқан қажетті қаржыны жұмсап, өлі атынан мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Құдайы ас берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс. Біз ұстанатын Әбу Ханифа мазһабында марқұмның жетісін, қырқын, жүзін беру – жаназаға қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах», яғни рұқсат етілген жоралғылардың бірі. Сондықтан алыстан келген ағайынға берілетін тамақты айтпағанда, жалпы жұртқа қонақасы беру дұрыс емес. Көңіл айтуға барған жергілікті тұрғындар да үй иелерін тамақпен әбігерге салмау үшін көңіл қосын білдіргеннен кейін ол жерде көп кідірмегені жөн, – дейді ол.
Келелі жиында мүфтият өкілдері мен ардагерлер ой-пікірлерін ортаға салды. Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов дүние салған жанды жер қойнына тапсыруға дейінгі және одан кейінгі жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты, тағы басқа шараларды өткізу ауданда бірізділікке түскенін жеткізді. ҚМДБ қойған талаптар осылай біртіндеп орындалып келеді. Бұл енді өзге аудандар мен облыс орталығы үшін үлгі болуы керек.
Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Қалқазбек Әжібеков қазалы үйдің иесін асқа арнап жылқы союға, кең дастарқан жаюға итермелейтін өздерінің туған-туысы екенін, бірақ ислам дінінде ысырапшылдық құпталмағанын тілге тиек етті.
– Құдайы ас кезінде дастарқанда бос орын болмайтынын, айналдырған бір сағаттық шарада оның ішіп-жеп тауысу мүмкін емес тағам түрлерімен толтырылатынын көріп жүрміз. Келгендер ақыр аяғында оны пакетке салып алады. Көп жағдайда мейрамханалардың артындағы қоқыс жәшіктері, тамақ қалдығына толады. Өзімізбен бір елде тұрып жатқан өзбек, татар ұлттарында үш күнге дейін қазан қайнатпау тыйымы жақсы сақталған. Жаназаны шығарған соң жыртыс таратуды да тыю керек. Ер кісілерге шаршылауға жетпейтін орамалды, әйелдерге қымбат матаны пайдасыз етіп бөлшектеп беріп, қаралы үйді шығынға батырудың не қажеті бар?! – дейді ол.
Қызылорда қаласындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов ҚМДБ жанындағы «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы ұсынатын қызметтің тиімділігіне тоқталды. Еліміздің барлық өңірінде орталық өкілдігі бар. Онда марқұм болған туысының жаназасы мен жерлеу рәсімін шариғат талабына сай атқарып беруді сұраған мұсылмандардың өтінішіне байланысты марқұмды жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу, қабір басына құлпытас орнату, марқұмның құрметіне арналған құдайы астарда Құран бағыштап, дұға жасау сияқты қызмет түрлері қамтылған.
– Басты мақсат – көпқабатты үйлерде тұратын немесе әртүрлі себеппен жерлеу рәсімі қиындық туғызған адамдарға қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар жерлеу рәсімдері мен қабір көтеру мәдениетін қалыптастырып, бірізділікке түсіру. Орталық қызметі салт-дәстүрге, діни талаптар мен осы заманғы стандарттарға сай жүзеге асырылады, – дейді мешіт өкілі.
Қоғам қайраткері Қорғанбек Қайруллаев жаназада да, тойда да шапан тарату үрдіске айналғанына қынжылыс білдірді.
– Сөздік қорымызда «шапанизация» деген термин пайда болды. Біздің түсінігімізде шапан – қастерлі, кәделі ұлттық киім. Бұрын оны кім көрінгенге сыйламайтын. Қазір кез келген жерге тықпалап, аяқасты қылдық. Жарқыратып киіп жүрген ешкімді көрмейсің. Маңдай тер, адал ақымен келген дүние болғасын обал, – дейді ардагер.
Ақын Мамыр Байдәулетов он шақты жылдан бері құдайы ас басқарған тәжірибесінде кезіккен келеңсіздіктер туралы айтты.
– 17 жастағы бала қайтыс болған үйге барғанымда туыстарының дастарқанға табақ-табақ ет тартып жатқаны жаныма батты. Соған баратын өзіміз. Қазалы үйде төрге озып, жайланып отыру жарамайды. Шариғатты былай қойғанда бұл адамгершілікке жатпайды. Мұны әр адам өзі ұғынуы, әр әулеттің үлкендері құлаққа құя беруі керек. Әдеп, мәдениеттен аспайық. Жас қыршын қайтқан жерде көңіл қосын білдіргеннен кейін сөзіңіз өтетін топты алып шығып кеткен дұрыс, – дейді ол.
Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Нәжмадин Мұсабаев жоғарыда көтерілген мәселелердің шешімін орындау жолы туралы ой білдірді.
– Мәйіт шыққан үйде сол күні қонақасы беруді тоқтатайық. Ертеректе атпен бірнеше түндік жерден келген ағайын марқұмның жетісін өткізіп қайтатын. Осы қонақтарға берілетін асты «қонақасы» дейді. Заманның ағымына қарай оның мәні өзгеріп, жұртты жаппай тамақтандыруға көштік. Бұл – сол отбасы үшін үлкен салмақ. Дастарқанды ықшамдауға қосыламын. Мұны халыққа орындатуда ардагерлермен бірге мешіт имамдары күш жұмылдыруы қажет. Қазір қалада да, ауылда да мешіттер жеткілікті. Қазалы үйдің адамдарынан шақырту алған кезде имамдар мүфтият бекіткен ас мәзірін көрсетіп, сонымен шектелуді талап етуі керек, – дейді ол.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов ел ағаларының елдік мәселелердегі үлесін даралап, зейнеткер мен ардагер ұғымының аражігін ажыратып берді.
– Ардагер деген – үлкендер үшін ең үлкен абыройлы атақ. Зейнетке шыққандардың бәрін «ардагер» деп айту дұрыс емес. Жасы келіп зейнетке шыққандар, үйінде отырғандар зейнеткер деп аталады. Ал ардагер – қоғамдық ұйымға еңбегі сінген, тәжірибесі мол, адамгершілігі зор, қайырымды, мейірімді, ортаға сыйлы, көпке сөзі жүретін, өмір жолы үлгілі, қоғам өмірінен тысқары қалмайтын замандастарымыз, – деп атап өтті ол.
Жиын соңында халықты жерлеу рәсімінде аста-төк дастарқан жаймауға, марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен ғана шектеуге, жаназа намазы мен марқұмның жылдық асына дейінгі ас беруде шапан, ақша таратпауға шақыратын үндеу жарияланды. Сондай-ақ кісі қайтыс болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық асын беру кезінде бекітілген ас мәзірінің қатаң сақталуы талап етіледі.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі мен ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің бірлескен ҮНДЕУІ
Құрметті жерлестер!
Ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды.
Себебі құдайы астарға жайылған аста-төк дастарқан, ас беру үшін қарызға қаржы алу, түрлі деңгейдегі жиындар, жаназа мен жерлеу кезіндегі ысырапшылдық секілді түрлі шектен шығу дәстүрімізге, ата-бабаның салып кеткен сара жолына қайшы келеді.
Жасыратыны жоқ, өлікті жөнелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген нақыл бүгінгі күнге дәл келіп тұр.
Осы ретте облыс тұрғындарына, ағайындарға садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе деген ұсыныс-тілек білдіреміз. Сонымен қатар зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызбауға үндейміз. Ас та төк ас беру мен зәулім зират салуға кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, ағайын-туысқа қарайласу сынды сауабы мол істерге жұмсауға шақырамыз.
Біз, бүгінгі жиынның ұйымдастырушылары, ағайынның көкейінде жүрген мәселелерді ескере келе:
– марқұмды жерлеуде аста-төк дастарқан жаймауға;
– діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге;
– жаназа намазы мен марқұмның жылдық асына дейінгі ас беруде, аталыққа шапан және ақша таратпауға;
– жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге;
– зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар тұрғызбауға;
– руға бөлініп, бейіттер тұрғызбауға;
– қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндейміз.
Құрметті ардагерлер!
Қадірменді ағайын!
Әр нәрсенің өз реті бар. Ас беруде, жаназа шығаруда бар да, жоқ та асып-тасымағаны жөн. «Тумақ бар жерде өлмек бар» демекші, бұл әрбір отбасында болатынын естен шығармайық. Жауапкершілік жүгін сезінейік! Ысыраптан сақтанайық! Үнемшіл болайық! Мұның, ең алдымен, өзіміз үшін қажет екенін ұғынайық!
Осы үндеуді қала, аудан, кент, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, мешіт имамдары, қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері жергілікті жерлердегі тұрғындармен талқылап, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, іске асыруды сұраймыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<