Апта ағымында

908

0

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА САЛЫНҒАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ТАБЫСТАЛДЫ

Жұмыс аптасында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған пәтерлер пайдалануға берілді.

Атап айтсақ, Қызылорда қаласында 84 пәтерлік 6 және Қармақшы ауданында 106 пәтерлі 53 тұрғын үй азаматтарға табысталды. Қызылорда қаласы тұрғындарына тұрғын кілтін табыстау салтанатты рәсіміне Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты. Қармақшылық тұрғындарға баспана кілтін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев табыстап, осы бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.

«AMANAT»: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Сыр өңірінде Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық конкурс қорытындыланды.

Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және тағы басқалар қатысты.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылының тұрғыны Дамир Қадіров «Үздік кооператив» номинациясын жеңіп алды. «Үздік ЖҚШ» номинациясы бойынша бірінші орын Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылынан Александра Григоловаға бұйырды. Ақтөбе облысы Саржанай ауылының әкімі Медет Бекжанов Үздік ауыл әкімі атанды. «Үздік тауар кредиторы» номинациясында Ақтөбе облысы Байқадам ауылының тұрғыны Айгүл Төлеуова жеңіске жетті. Үздік сүт өнімі үшін бірінші орын Абай облысы Қарасу ауылының тұрғыны Дарьян Жанболатоваға бұйырды. Қызылорда облысы Тасбөгет кентінің тұрғыны Гүлзира Ерниязова ет өнімдерін үздік өндіруші атанды.

«Үздік аспаздық өнім» номинациясы бойынша бірінші орынды Жетісу облысы Қарашоқы ауылының тұрғыны Назгүл Шоқанова иеленді. Алматы облысы Қаракемер ауылының азаматы Омар Лимтонов «Үздік көкөніс-бақша және жидек-жеміс өнімдері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ауылдағы үздік аграрлық емес жоба үшін бірінші орын демалыс үйін ашып, кәсібін өркендетіп отырған Шығыс Қазақстан облысы Жаңа Үлбі ауылының тұрғыны Жанна Абуғалиге берілді. Ал Батыс Қазақстан облысы Дарьинск ауылының тұрғыны Сергей Каверин «Үздік қайта өңдеу кәсіпорны» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, Қызылорда облысы Бесарық ауылының кәсіпкері Мұрат Сәрсенбаев жобаға қолдау білдіргені үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Байқауға қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасы – мемлекеттің Еңбек адамына деген қамқорлығының жарқын үлгісі, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың қарапайым әрі түсінікті құралы екенін атап өтті. Олар Мемлекет басшысына және «AMANAT» партиясына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Биыл ауылда аталған жоба аясында үлкен өндірістік орталық салынды.

Осы күні «AMANAT» партиясының Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ашылған Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайындағы жаңа терминалдың жұмысымен танысты.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Оған ҚР Премьер Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, еліміздің барлық өңірлерінен келген облыс әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер қатысты.

Семинар барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперацияны дамыту, өнімдерді қайта өңдеу және өткізуді ұйымдастыру бойынша панельдік сессия отырысы ұйымдастырылды.

ШИЕЛІДЕ «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында партия қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында шиелілік партияластар кент орталығында орналасқан «Анаға тағзым» аллеясының ауласын және скверлерге тазалық жұмыстарын жүргізілді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акцияға 40 тан астам адам қатысып, нәтижесінде 1 тонна көлемінде қоқыс шығарылды.

БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Партия алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ибраев Уәлихан Серікұлы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Қабылдауда азаматтар облыс көлемінде бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін арттыру, этносаралық қатынастарды нығайту, қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастыру және өзге де тақырыптар бойынша өтініштері мен ұсыныс-тілектерін айтып, басқарма басышысы орынбасары тарапынан жауабын алды.

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ XVІІI СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Апта барысында облыстық мәслихаттың XVІІI сессиясы өтіп, күн тәртібінде облыстық бюджетті нақтылау бағытындағы 15 мәселе қаралды. Сесссия отырысында аймақ басшысы халық қалаулылары алдында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында халық игілігіне бағытталған жұмыстардың өңірде жүзеге асуы бойынша да кеңінен ақпарат берді.

ПАРТИЯЛАСТАР ДЕПУТАТ БОЛЫП САЙЛАНДЫ

Апта басы жағымды жаңалықпен басталды. Өңірімізде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына ұйымдастырылған бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайлауда партия мүшелері халық сенімен ие болып, қалалық және аудандық мәслихаттардағы бос орындарды иемденді.

Яғни, №19 сайлау округі бойынша қалалық мәслихатқа Рүстем Ізтелеуов, Қармақшы аудандық мәслихатына №1 сайлау округі бойынша Марат Асылов, №4 округ бойынша Қуаныш Айдарбек, Сырдария аудандық мәслихатына №11 сайлау округі бойынша Руслан Қаскиев және №12 округ бойынша Гүлбану Смайлова және №3 сайлау округі бойынша Шиелі аудандық мәслихатына Әбдіәзиз Мұстафаұлы депутат болып сайланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<