Корейлер Қызылордаға қалай қоныстанды?

283

0

Қызылорда облысында ұзақ жылдан бері тұратын этнос өкілдерінің бірі – корейлер. Қазір жергілікті халықпен біте қайнасып, осы топыраққа әбден сіңген. Біз, шәкірттерім Балжан Молдабек, Қымбат Бейбітшілікқызымен бірге корей ұлтының Қызылордаға қоныс аударылу тарихын зерттеген едік. Соны Қазақстан халқы бірлігі күнінде оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бұл зерттеуді жазу үшін А.Аманованың  «Социально-культурное развитие диаспор Северо-Восточного Казахстана в 1937-2005 гг. (на материалах Павлодарской области) еңбегін, архив қорындағы, БАҚ-та жарияланған материалдарды пайдаландық.

ХХ ғасырдың 20-жылдары Кеңес үкіметі Қазақстан жеріне басқа ұлт өкілдерін қоныс аудару саясатын қайта қолға алды. 1928 жылдың 18 қаңтарында КССР Орталық атқару комитеті Бүкілодақтық қоныс аудару комитетіне Қазақстан Республикасындағы қоныс аударуға жататын жерлерді анықтап, құрылысы жүріп жатқан «Түркістан-Сібір» теміржолының бойындағы егін егуге жарамды жерлерге адамдарды орналастыруды тапсырды. Ал 1928 жылдың 21 ақпанында 1928-1931 жылдарға есептелген Солтүстік Қазақстанға 400 мың адамды көшіру туралы бесжылдық жоспарына қосты. 1927 жылы Қазақстанның ауыр индустриясындағы жұмысшылар саны 10,2 мың адам болса, 1939 жылға қарай 192,4 мың адамға жетті. 1920 жылдың соңы  мен 1930 жылдың басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру мақсатында, Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар Қазақстанға  әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясатымен  қатар жүрді. 1928-1930 жылдары Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әр түкпірінен 65 мың отбасы көшіп келді.

1931 жылы  Голощекин  КСРО-ның орталық аппаратына Оңтүстік Қазақстаннан (сол жылдары Қызылорда облысының басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына кіретін) 1500 отбасыны Қазақстаннан тыс жерлерге депортациялауға рұқсат сұрады. Оған берген жауабында «Қазақстан жері кулактарды депортациялау жері болып саналады, сондықтан қазақстандықтарды Қазақстанның ішінде қоныс аудару мүмкіндігін қарастырыңыз»  делінді.

Бүтіндей бір халықтарды депортациялауды КСРО  басшылығы соғыс қаупі туғалы жатқан ауданда алдын алу жұмыстарын жүргізумен түсіндірсе, екінші бір себебі, игерілмей жатқан жаңа жерлерді тегін жұмыс күшімен  қамту болды.

Қазақстанға көшірілген бірінші лектегі халықтар қатарында Батыс Украина шекарасына жақын аймақтарға қоныстанған поляктар  мен немістер болды. 1936 жылы көбісі солтүстік аймақтарға қоныстандырылды. Олар сол кездегі Ішкі Істер Халық комиссарының ауылшаруашылық еңбек поселкаларына алдын ала бекітілген кестемен орналастырылды.

1941-1942 жылғы деректерде Қызылорда облысында поляк тілінде тәрбие беріп оқытатын балабақшалар мен мектеп сыныптарын ашу туралы мәліметтер, Қызылорда қаласына арналған фотоальбомдарда «Поляктар Қызылордадан отанына қайтуда» деген Қызылорда вокзалы бейнеленген фотосурет бар. Бұдан облыс көлемінде поляк ұлтының өкілдері көп болғанын көруге болады.

Қазақстанға қоныс аударылған халықтардың екінші легінде корейлер болды. 1937 жылдың  21 тамызында КСРО Халық Комиссарлар кеңесі мен БКП (б) ОК бірлесе қабылдаған №1428-326 сс қаулысы қабылданды. Бұл қаулыда Қиыр Шығыс өлкесінен корей халқын басқа жерлерге көшіру туралы айтылды. Молотов пен Сталиннің қол қойған құжаты ұйып жатқан бір халықты аяқастынан дүбірге салып, бауыр басқан жерінен кетуге мәжбүрледі. Корейлер көне қойған жоқ, алайда бас көтеріп өз ойын, қарсылық білдіргендері отбасынан бөлініп, айдауға жіберді.

1937 жылдың 1 қыркүйегінде Кеңес Одағының балалары мектептерге гүл шоқтарын алып барған күні корей халқының депортациясы басталды. Қазақстандағы негізгі әкелінген жері Оңтүстік Қазақстан облысы болды. 1937 жылы Қызылорда облысының көп жері Оңтүстік Қазақстан құрамында болды, дәл осы Қызылорда облысына корейлер орналастырылды. Кейбір тарихи зерттеулерге зер салып қарасақ, бұл жерлерге қоныстандыруға не себеп болғаны айтылады. Сол кездегі партия құжаттарында бұл жерлер аз игерілген, халық көшпелі мал шаруашылығымен айналысады, үйлер жоқтың қасы деген мәліметтер болды. Ал шындығында Сыр бойы атам заманнан игеріліп, адамдар көп орналасқан аудан болатын. Осылайша Ішкі Істер Халық комиссариатының мәліметі бойынша,1937 жылы Қазақстанға 90 эшелонмен 20789 отбасы, 98454 корей ұлтының өкілі көшіріліп әкелінді. Олар клубтарда, мешіттерде қоныстанды. Ал 400 адамы бұрынғы шошқа қораларда, 100-і кейін түрме болған, бұрынғы патша әкімшілігінің ат қорасында орналастырылды. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарына қоныстандырылған отбасылардың да  жағдайы мәз болған жоқ.

Қазақстанға 30856 адамы бар 104  жер шаруашылығымен айналысқан колхоз көшірілді, 5390 адамы бар 13 балық шаруашылығы колхозы, 10782 жұмысшы, 15047 қызметкері және мыңдаған аралас колхоз мүшелері, артель жұмысшылары, тағы басқа жерде жұмыс істегендер келді.

Соның ішінде халықтың көп бөлігін, яғни қоныстанғандардың үштен біріне жуығын сол кездегі халқы аз және нашар дамыған Қызылорда  облысына  жіберу жоспарланған  болатын.

Мәселен, Арал ауданының басшылығы қоныс аударғандардың 279 отбасын балық зауыттарына, 48-ін кеме қатынасына, 10-ын «Солтрест-2», «Аралсульфатқа» және басқа да мекемелерге орналастыруды ұсынды.

Қазақстанда 70 дербес корей колхозы құрылды, оларда 8037 отбасы 35724 адам болды. Бұған қоса, 13 балық шаруашылығы колхозы құрылды. Бірінші келген жылы тек корейлер тұрған колхоздар 26860 гектар дәнді, бақша және техникалық дақылдар ексе, 1939 жылы 38482 гектарға егіс еккен. Осы колхоздарда 104 мал фермасы болған. 1940 жылдың өзінде Қызылорда облысында корейлер 25026 гектар жерге дақылдар еккен.

      Л.ЖҮНІСОВА,

Ж.Қизатов атындағы № 23 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<