ӘЛЕМГЕ ҚАУІП ТӨНДІРГЕН ҚАТЕЛІКТЕР

650

0

Ядролық бомба жаппай қырып-жою қаруы саналады. Оны алғаш ойлап тапқан американдықтар тажал қаруын сынақтан өткізу үшін 1945 жылы тамыз айының 6-сы мен 9-да Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тастады. АҚШ-тың әлемдік үстемдігін болдырмау мақсатында Кеңес Одағы да атом қаруын жасауға кірісті. 1949 жылы Семей полигонында КСРО-ның алғашқы атом бомбасының сынағы жүзеге асырылды. Міне, сол кезеңнен бастап екі алып держава жойқын қару бойынша әлемге үстемдік жасауға ұмтылды.

Өткен ғасырдың 60-шы жылда­ры­ның басында АҚШ өз ядролық зы­мырандарын Түркия мемлекеті ау­мағында орналастырғанын білген КСРО басшылығы оған жауап ретінде ракеталарын Кубаға орналастырды. Бұл жағдай 1962 жылдың қазан айында үлкен шиеленіске алып келді. Әлем ядролық соғыстың сәл-ақ алдында болды. Ақыр соңында екі ел басшылары ақылға келіп, Түркия мен Кубадағы зымырандарын алып кетуге келісті. Осылайша ядролық соғыс қаупі сейілді. Бұл – тарихтағы баршамызға белгілі жайт. Ал осы жылдары небір жаңсақтықтар салдарынан талай рет ядролық соғыс қаупі төнгенін біз біле бермейміз. Төменде солардың бірқатары туралы деректерді келтіріп отырмыз.

Арзан чип тудырған дүрбелең

1980 жылы 3 маусым түнгі сағат екіде АҚШ-тың Әуе шабуылына қарсы қорғаныс орталығының штаттағы қызметкері прибор бетінен өзгерісті байқап қалды. Бұған дейін ұдайы «ракета шабуылы 0» деп көрсетіп тұратын компьютер бетінде «2 ракета шабуылы» деген жазу тұрды. Үрей тудыруға осының өзі-ақ жеткілікті еді, келесі секундтарда прибор бетінде «220 ракета шабуылы» деген жазу шықты. Бүкіл Америка бойынша әуе дабылы қосылып, бортында атом бомбасы бар бомбардировщиктер бірінен соң бірі аспанға көтеріле бастады. Континентаралық баллистикалық зымырандар қондырғыларына  дайын тұру туралы бұйрықтар берілді. Әлем он минуттай уақыт ядролық апокалипсис шегінде тұрды. Бақытқа орай, команда берілмей тұрып мамандардың біреуі ұшып келе жатыр деген ракеталардың ра­­дар бетінен еш көрінбегеніне назар аударады. Дабылдың жалған екені анық­талып, бомбардировщиктерге аэро­­­дром­­ға қайтуға бұйрық берілді. Бар­­лы­ғы да «уфф» деп демдерін бір-ақ алды.

Жалған дабылдың себебін табуға үш күндей уақыт кетті. Барлығына кінәлі компьютердің ақаулы чипі болып шықты. Бар болғаны 46 цент тұратын чип осындай дүрбелең тудырған еді.

Телефон станциясындағы ақау

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғына таман американдық әуе қарулы күштері алыс қашықтықтан сигнал қабылдайтын радиолокациялық станциялар жүйесін жасап, іске қосады. Олардың негізгі міндеті кеңестік зымырандар ұшырылған жағдайда тез арада хабар беру болатын. Бұл станциялар арнаулы жүйе бойынша әуе қарулы күштерінің Небраскадағы стратегиялық орталығымен, сондай-ақ Вайоминг штатындағы әуе қорғанысы орталығымен және барлық ракеталық базалармен тікелей байланыста  болды.

1961 жылдың 24 қазанында әуе қарулы күштері орталығы мен радио­локациялық станциялардың бай­ланысы кенеттен үзіліп кетіп, әскерилерде абыржу басталды. Станциялармен резервтік жүйе арқылы да байланыса алмады. Мұнан соң кәдімгі қалалық телефон байланысымен хабарласпақшы болды. Ұзақ гудоктардан басқа жауап болған жоқ. Әлдекім станцияларды жер бетінен жоқ қылып жібергендей. Бұған бір ғана логикалық түсіндірме болуы мүмкін. Кеңес Одағы барлық радиолокациялық станциялар мен әуе шабуылы қорғаныс күштері орталығын бомбалап, енді өз ракеталарын  Америкаға ұшыруға кірісуде. Ал оның соңы заманақырға әкеліп соқтырады.

Тез арада стратегиялық В-52 бомбардировщиктердің экипаждары өз кабиналарынан табылып, бұйрық күтіп тұрды. Болашақ ұрпақтардың бақытына орай әуе кезекшілігінде жүрген В-52 ұшағының экипажы жоғарыда айтылған радилокациялық станциялардың бірінің үстінен ұшып өтіп, ешқандай бомбалау ізін байқамады. Бұрынғы қалпынша радарлары түгел станцияның бейбіт пейзажды жағдайын көрген командир қажетті жерге хабарласты. Осыдан кейін барып, барлығы тынышталды.

Ал барлығына кінәлі телефон станциясындағы болар-болмас ақау болып шықты. Барлық радиолокациялық станциялардың  командалық орталықтар және базалармен байланысын реттеп тұрған осы телефон станциясы екен. Сол түнгі ақау барлық байланысты үзіп жіберіпті.

 Жаңылыс хабарлама

Төтенше жағдайлар туралы хабар беретін жүйе әдетте тұрғындарға жақындап келе жатқан дауыл немесе торнадо секілді табиғи қауіп-қатерлерді хабарлау үшін пайдаланылады. АҚШ-та мұндай жүйе қырғи-қабақ соғыс кезінде құрылып, Кеңес Одағы тарапынан болатын ядролық шабуылдан сақтандыру үшін пайдаланылды. Әрбір сенбі сайын одан Американың барлық радиостанцияларына ешқандай маңызы жоқ телетайп хабарларын жіберіп тұрды. Оны байланысты тексеріп тұратын қатардағы тест деуге болады және оған ешкім де назар аудармайтын.

Алайда, 1971 жылы 20 ақпанда телетайп байланысының қатардағы қызметкері Вейланд Еберхарда аң­даусызда қауіп-қатер сигналын шатас­тырып алады. Ол «бұл жай ғана тест» деген сөздің орнына «бірнеше минуттан кейін АҚШ  президенті халыққа арнайы хабарлама жасайды» деген сөзді қосып жіберген. Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қатардағы американдықтың ұғымында президент мұндай байланыспен тек бір ғана жағдайда, ядролық шабуыл бас­талғанда ғана шығады деген түсінік қалып­тасып қалған болатын. Демек, атом бомбалары Ресей жақтан ұшып шыққаны.

Әлгі хабар үздіксіз берілумен болды, ал тұрғындар болса сасқалақтап, жақындарына, туыстарына хабарласып, соңғы сөздерін айтып, кінәсі болса, кешіруін сұрап жатты. Орталық ма­мандары қателік кеткенін бірден түсін­генімен, дабылды тоқтатын қа­жетті кодты біразға дейін таба алмай әуре-сарсаңға түседі. Тек 45 минут өткеннен кейін ғана қажетті код табылып, қателік туралы хабарлай алды. Осыдан соң халық тынышталып, жайбарақат қалыпқа түсті. Бұл оқиғаның өте қауіпті жағы болғаны рас. Өйткені, КСРО мен АҚШ ядролық шабуылдан сақтанып, күдік тудыратын кез келген жағдайға әрекет жасауға дайын тұратын. Егер де американдықтар елдегі бомбапаналарының барлығын ашып, өз тұрғындарын жасыра бастаса, Кеңес Одағы басшылығы бұны қалай қабылдайтыны, қандай әрекетке баратыны белгісіз болатын. Егер дүрбелең одан да ұзаққа созылғанда оның ақырын болжау қиын болар еді.

Виртуалды соғысты шындыққа балаған

Бұл оқиға 1979 жылы 9 қарашада бас­талды. Әуе қарулы күштерінің қатардағы бір офицері кезекшілік орнындағы компьютерге ойын бағдарламасын енгізеді. Ойын бағдарламасында Кеңес жағы Америка бағытына жүздеген ракета ұшырады. Бірақ бұл офицер компьютердің орталық басқару аппаратымен бір жүйеде екенін білген жоқ. Ол ойын бағдарламасын қосып жібергенде орталықтағы компьютерлер Ресейдің атом бомбалары АҚШ бағытында ұшып келе жатыр деп Пентагонға дейін белгі берді. Кейіннен бұл жайында сенатор Чарлз Перси «барлығы да зымырандар көп ұзамай жетеді деген сенімде болды» деп еске алады.

Дереу барлық ракеталық шахта­ларға шабуыл жайлы хабарлап, зымырандарды жіберуге дайындалу туралы бұйрық берілді. Кеңестік бомбардировщиктердің жолын кесу үшін әскери ұшақтар аспанға көтерілді. Президенттік әуе командалық пункті орнын ауыстыру үшін ұшып кетуге дайын тұрды, бірақ Джимми Картерді ешкім таба алмай қойды. Осы мезгілде әуе күштерінің қолбасшысы ақпаратты тағы бір мәрте тексеріп алуды жөн санап, радиолокациялық станцияларға хабарласып, не болып жатқаны туралы мәлімдеуді бұйырды. Олар бәрі жақсы, тыныш, күдік тудырарлық ештеңе жоқ деп мәлімдеді.

Сол күні әйтеуір телефондардың дұ­рыс істегеніне тәубе дейсің, осындайда.

Үрей тудырған

ғылыми тәжірибе

1995 жылы 25 қаңтарда Норвегия ғалымдары солтүстік шұғыланы зерттеу мақсатында ешқандай қауіп-қатері жоқ ракета ұшырады. Қырғи-қабақ соғыс кезеңі артта қалған болса да, ресейлік радар америкалық баллистикалық зымыранға ұқсас дүниені анықтағанда дүрбелең басталады. Мұндай жағдайға арналған нұсқамаға сәйкес сол кездегі президент Ельцинге АҚШ-қа жауап соққы беру туралы шешімге келуге небәрі он-ақ минут уақыт берілген. Белгіленген тәртіпке сәйкес ядролық чемодан ұдайы президенттің жанында болуы керек. Оны ашатын код тек президентте қана болады. Әйтсе де, Ельцин бұл хабардың растығына сене қоймады, сондықтан да қызыл кнопканы басуға асыға қойған жоқ. Ал бірнеше минуттан соң ракетаның мұхитқа құлағаны, ешқандай зардабы болмағаны туралы ақпарат жетті. Кейіннен белгілі болғандай НАСА ғылыми мақсаттағы зымыран ұшырылатыны туралы 30 мемлекетке, оның ішінде Ресей де бар, хабарлаған екен. Алайда, оған тіпті де мән бермеген.

Күн сәулесінің

кесірі

Кеңестік подполковник Станислав Петров 1983 жылдың 26 қыркүйегінде өзінің әріптесі ауырып қалғандықтан оның орнына «Серпухов-15» коман­далық бекетіне кезекшілікке шығады.  Бұл қырғи-қабақ соғыстың ушығып тұрған шағы. Бір жыл бұрын КСРО ғарыштық «Ока» дабыл жүйесін енгізген болатын. Міне, осы жүйе сол күні қауіп туралы сигнал түсірді, яғни АҚШ ракета шабуылын бастағаны туралы ескертті. Протокол бойынша Петров өз кезегінде бірден Юрий Андроповқа мәлімдеуі тиіс. Ал бас хатшының жауап соққы жасауға шешімге келуіне 10-12 минут ғана беріледі.

Подполковник жағдайды сараптай келе хабар беруге асықпады. Ол «Ока» жүйесі жалған сигнал түсірді деген шешімге келеді. Өйткені, АҚШ Кеңес Одағына соғыс ашатын болса, ракеталарды бір ғана базасынан ұшырып қоймасы анық еді. Соңынан оның күдігі толығымен расталды. Барлық кінә сигнал қабылдағыштардан болып шықты. Бұлттан шыққан күн сәулесінің әсерінен қабылдағыштар жалған сигнал жіберген. Кейіннен бұл ақау қалыпқа келтірілді.

Бұл оқиға талай жыл құпия болып келді. Кейіннен жария етілген кезде  БҰҰ және басқа да шетелдік қоғамдық ұйымдар зейнеткер С.Петровты арнайы марапаттады.

Әскери жаттығудан

туған қауіп

1983 жылы НАТО Еуропа аумағында үлкен әскери жаттығуын өткізді. Оның мақсаты Кеңес Одағы ракеталық шабуыл жасаған жағдайда оған тойтарыс берудің әрекеттерін қалыптастыру болатын. Ол кез КСРО мен АҚШ арасындағы салқындықтың қайтпай тұрған шағы. Жаттығудың ауқымдығын АҚШ-тан 19 мың әскер жіберілгеннен-ақ байқауға болады.

Сол кезде микрофонды тексеру барысында президент Рейган «мен жаңа ғана КСРО-ны заңсыз деп таптым. Бомбалау бес минуттан кейін басталады» деген сәтсіз әзілін қосып жіберді. Алайда, НАТО-ға мүше елдер КСРО барлау жүйесі өздерінің әскери құпия байланысын соншалықты бақылауда ұстап отыратынан хабарсыз болатын. Кеңес үкіметі әлгі хабарламадан кейін бірден жауап соққы беруге дайындықты бастайды. Шұғыл түрде НАТО ел­деріндегі құпия резиденттеріне қажетті нұсқауларын жібереді.

Бүгінде Андроповтың ядролық че­мо­­дандағы кызыл түймешікті баспау­­­­ы­­на себеп болған екі версия айтылады. Оның біріншісі Ұлыбританиядағы агент Олег Гордиевскийге, екіншісі Кеңес жағына жұмыс істейтін ФРГ аза­маты Штазиге байланысты. Олар құ­пия мәліметтерге қол жеткізіп, Еуропа жерінде жүріп жатқан дайындық бар болғаны әскери жаттығу екенін жеткізген.

«U-2» ұшағы салған әлек

Куба дағдарысы асқынып тұрған 1962 жылдың 27 қазанында американдық «U-2» шпиондық ұшағы Солтүстік полюс маңайын барлап қайту тапсырмасымен кезекті рет ұшып шығады. Ұшу жолын дұрыс анықтап отыру үшін пилот Чарльз Модсби астрономиялық навигацияны пайдалануы тиіс болатын. Бірақ солтүстік шұғыласының әсерінен белгіленген курсынан жаңылып, Кеңес одағының шекарасын кесіп өтеді.

Кеңес жағы оның қандай мақсатта ұшып келе жатқанын білмеді. Ол ядро­лық қаруы бар ұшақ болуы да мүмкін. Сол себепті аспанға бірнеше МиГ көтерілді. АҚШ жағы да өз тарапына ядролық қарумен жарақтанған екі «F-102» истребителін жібереді. Оларға берілген тапсырма  «U-2»  ұшағын кері қайтару.

Егер де екі жақтан жеткен ұшақтар арасында қандайда бір түсінбеушіліктер орын алып қалған жағдайда оның соңын болжау қиын еді. Әйтеуір сәтін салғанда шпиондық ұшақ жанармайы таусылуға жақындағаны туралы екі жаққа да апат сигналын жібереді. Содан кейін көп ұзамай қайтар жолын дұрыс тауып, аман-есен оралды. Келесі күні прези­дент Джон Кеннеди мен бас хатшы Ники­та Хрущев кездесіп, Кубадағы раке­талық дағдарысқа қатысты бейбіт шешімге келді.

«В-59» сүңгуір қайығы

Дәл сол күндері Мәскеу АҚШ-тың Кубаны қоршаған блокадалық аймақта жүрген кеңестік сүңгуір қайықтармен екі аптадай байланысқа шықпау туралы тапсырма берген болатын. Басты мақсат –  американдық кемелерге байқалып қал­мау. Сол күні американдық «USS Beale» эсминеці блокадалық аймақта су астында жүрген кеңестік «В-59» сүңгуір қайығының үстінен тереңге тастайтын зарядтарды жаудыра бастады. Бірақ олар ұрыс жағдайында емес, жаттығуларда қолданылатын зарядтар еді. Олардың негізгі ойы сүңгуір қайықты су бетіне шығару болатын. Алайда, сүңгуір қайық командирі Валентин Савицкий оларды нағыз миналар деп түсінді. Ол тіпті екі ел арасындағы соғыс басталып кетті деген оймен  борттағы  ядролық торпедолармен қарсы жақтың кемелерін атқылауға дайындық жасауға тапсырма берді. Бұл жағдайда олар жоғарыдағы кемелерді жарып жіберетін және өздері де түгел қаза табатын. Тәртіп бойынша Мәскеумен байланыс жоқ кезде ядролық зарядты ату үшін қайықтағы лауазымы үлкен үш офицер бірдей шешімге келуі  керек. Олар – командир, оның саяси істер жөніндегі орынбасары Иван Масленников және ІІ рангалы капитан Василий Архипов болатын. Командир мен И.Масленников ату туралы шешімге кел­генмен, В.Архипов қарсылық біл­дірді. Ол салқынқандылық танытып, әріп­­тестерін сабырға шақырды. Мәскеу­мен байланысқа шығу үшін су бетіне кө­­терілуге көндірді. Не керек, ақыр соңын­да сүңгуір қайық ешқандай тосын жағ­дайға килікпестен елге аман-есен оралды.

В.Архипов флоттағы қызметін абы­роймен атқарып, вице-адмирал дәре­жесінде зейнетке шығады. 1999 жылы өмірден озды. Сол уақыттағы құпия жағдайлар  2002 жылы Кариб дағдарысының 40 жылдығына арналған Гаванада өткен конференцияда ғана жария етілді. Сол кезде ғана әлем Архипов туралы естіп білді. АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Макнамара сол күндері ядролық соғыстың тұтанып кетуіне сәл ғана қалғанын баяндады. Ал АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік мұражайының директоры Томас Блэнтон «Василий Архипов есімді офицер әлемді аман сақтап қалды» деген пікір қалдырды.

Міне, атомдық қару айналасында осындай оқиғалар орын алған. Мақаланы оқыған оқырман жо­ғарыдағы оқиғаларда айтылған даталарды туған күні ретінде атап өтуіне де болар. Өйткені, осы күндері ғажайыптың арқасында ядролық апокалипсиске жол берілмей аман қалды ғой.

Атом қаруын ауыздықтау – адам­заттың арманы. Осы орайда Қазақстан – жаппай қырып-жою қаруынан ерікті түрде бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет екенін мақтан тұтамыз. Елбасы Жарлығымен Қазақ жерінен  ядролық қарулар аластатылып, сынақ алаңы жабылды. Алайда, адамзатқа төнген қауіп-қатер толастамай отыр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<