Өлмейтұғын артында сөз қалдырған…

638

0

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған... «Сыр бойы» – аймақ баспасөзінің қара шаңырағы деп аса зор мәртебемен ардақтала аталатын басылым. Басылымның сарғайған парақтарына көз салсаңыз, ХХ ғасырдың күнгейін де, көлеңкесін де көрсетіп, сол жылдардағы жан жадыратар жетістіктеріміз бен көңілімізге кірбің салар кемшіліктерімізді қаламның ұшымен түртіп, тұтас бір дәуірдің жылнамасын жазып шыққан. Бүгінгі «Сыр бойы» тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі қиындық пен қызыққа толы әр күннің куәгері.
«Сыр бойы» 90 жыл көлемінде аймақ халқының сырласы мен мұңдасы болып, көзайымына айналды. Содан болар, «Осы газет несімен қымбат?» деген ой мазалап, лебізімді ақ қағаз бетіне түсіру үшін қолыма қалам алған жайым бар. Мен «Сыр бойының» кезіндегі қызметкері ғана емес, сонау 60-жылдардан бергі оқырманы ретінде басылымның аты да, заты да түбірінен түгелдей өзгергенінің куәсімін. Бұл газетте небір танымды тұлғалар, айтулы азаматтар, қарымды қаламгерлер қызмет еткен. Өлмейтұғын артында сөз қалдырған олар жайлы да айтарым бар. Сонымен…
Қайдасың, қайда,
сол жылдар…
Әлі есімде, біздің «Бірлестік» ауылы заманында ақ бас толқындар жарыса жүйткіп, жағаны ұрғылап жататын Арал теңізінің қойнауына қоныс тепкен. Ұлы Отан соғысынан туған топырағына аман-есен оралған марқұм Аққали әкем газет-журналды жастана жатып оқушы еді. Айтқандай, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қарымды қаламгер Әбдірейім Есендіков есімді ағай дәріс беретін. Әбдірейім ағай: «Еркін балам, сенің шығарма жазуға бейімің бар, қаламыңды ұштап, жазуға кіріс» дейтін үнемі. Менің бала кезден қолыма қалам алып, жазуға талаптануыма осы Әбдірейім ағайдың септігі тигенін күні бүгінге дейін сағынышпен еске аламын.
Ол кезде ауылға газет-журналдарды «Попов» атты кеме таситын. Күн сайын түс ауа жаңғырық салатын «Поповқа» сол кездегі хат тасушы марқұм Кішкене есімді ағамен бірге ескекті қайықпен барушы едік. Өйткені, кезіндегі «Ленин жолы» («Сыр бойы»), «Қазақстан пионері» газеттері мен «Балдырған» журналдарына жазғандарымды жіберіп жүретінмін. Ұмытпасам, 5-сыныпта оқитын кезім болар, «Ленин жолына» парталас досым Айжарық Әбішев жайлы жазған «Балықшы бала» деген тырнақалды туындым жарияланды. Бұдан кейін де қысқа да нұсқа мақалаларым «Ленин жолында» жарияланып тұрды.
1968 жыл болатын. Журналист мамандығына оқытатын жалғыз ғана жоғары оқу орны кезіндегі С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетіне ат басын тіредім. Өкініштісі сол, шығарма жазудан 5 те 4, қазақ әдебиетінен 5, ал қазақ тілінен 4-тік баға алған менің оқуға қабылдануға мүмкіндігім болмады. Себебі, сол жылы журфакқа түсушілерге шет тілі пәнінен емтихан тапсыру аяқ астынан енгізілді. Шет тілінен дәріс алмаған менен «тапсырамын» деген жазбаша келісім алынды. Алдымызға ағылшын тілінде жазылған бір ғана сөйлем беріліп, осыны тәржімалау тапсырылды. Қолымызда ағылшын-орыс тілінде жазылған сөздік те бар. Аудармаға жанталаса кіріскенмін. Белгіленген уақытта сөйлемді аударма жасауға мүмкіндік болмады. Алдымен сол кездегі журналистика факультетінің деканы Тауман Амандосовқа барғанмын. Ол кісі қамқорлық қолын созғысы келіп-ақ еді, бірақ емтихан қабылдаған орыс әйелі келісімін бермеді. Енді қайда барамын? Айдап отырып «Лениншіл жас» газетіне барып жазғанымды қалдырып кеттім, көп ұзамай «Шет ауылдағылар шет тілін қалай оқиды?» деген көлдей материалым жария­ланды. Осы жазбаның септігі тиген болар журфактан дәріс алып, мамандығын иелендім. Жазба үстінде досым, қарымды қаламгер Қази Данабаевтың бітім-болмысы еріксіз ойға оралады. Өйткені Қази екеуміз Аралдың толқынында туып, бесігімізді толқынның тербеуімен бірге өстік. Оқуға түсіп, сол кездегі ұлағатты ұстаздардан бірге дәріс алдық.
Әуелбек Қоңыратбаев ағамыз қызық адам болатын. Киім киісі, жүріс-тұрысы аса қарапайым. Тірі шежіре дерсің. Ол кісі лекция оқыған кезде аудитория іші сілтідей тына қалатын. Лекция соңынан:
– Әй, Еркін, Қази, менің мына мақаламды «Ленин жолына» Қомшабайға апарыңдар, – деп апта сайын жұмсап алатын.
Біздер қуана-қуана жүгіреміз, өйткені біздің де жазғандарымыз бар, содан да «Ленин жолына» барғымыз келіп-ақ тұратын. Бір бөлмеде Қомшағаң, Жақсылық Түменбаев, Әбдіхан Айдаров, Рыс­ты Бекбергенова апай отыратын. Қомшағаңнан тапсырма алатынбыз.
…Ұмытпасам, 70-жылдардың қазан айы болса керек. Ол кезде мен Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде қызмет істейтінмін. Сол кездегі газет редакторы марқұм Ізхан Досмағамбетовтің тапсыр­масымен «Қараөзек» қой совхозының қысқа әзірлігі жайлы мақала жазуға іссапарға шыққаным бар. Совхоз директоры  Зиянсыз Мыңбаев, ал бастауыш партия ұйымының хатшысы әкемнің туған інісі, яғни, үзеңгілес ағам Әбжәми Сұлтангереев болатын. Астыма Әбжәми аға өзінің қызмет көлігін берген. Іссапар барысында қой отарларын аралап, малшылар қыс­тауларының жай-күйімен, жем-шөптің, қора-қопсының дайындығымен егжей-тегжейлі танысқанмын. Сөйтсем, шаруашылықтың қысқа әзірлігі сын көтермейді. Жем-шөп жеткіліксіз дайындалған, малшылар қыстаулары мен қой қоралары жөндеу көрмей аңғал-саңғал күйінде тұр. Қыс болса – қыр астында. Сонымен сын мақалама «Қараөзекте қар жау­май ма?» деп ат қойып, аудандық газетке ғана емес, облыс­тық газет – «Ленин жолына» жолдағаным бар.
Мақала жарыққа шыққасын «Қараөзек» қой совхозы басшыларының мәселелері аудандық партия комитетінің бюросында «май шаммен» қаралып, совхоз директоры сөгіс, партком хатшысы ескерту алып, естерін әрең жинағандары бар. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қатал да ­талапшыл басшы Қонысбек Қазантаев болатын. Айтқандай, осы шаруашылықтың партком хатшысы әрі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі Әбжәми ағам ескерту алғасын реніш білдіреді екен десем, қайта: «Дұрыс жазғансыз, айтпаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Біздің «Қараөзекке» де қыс келіп, қар жауады, дайындыққа кірісеміз» деп жылы ғана жымиып, алғыс айтқаны күні бүгінге дейін есімнен кетер емес.
Біздің қаламгер болып қалыптасуымызға заманында осы газетте қызмет істеген талай текті тұлғалардың септігі тигенін айта кету ләзім. Киелі де шуақты шаңырақтағы қаламы ұшқыр, ойлары өткір талай азаматпен сыйлас та сырлас, тұз-дәмдес болғанымызды мақтаныш етеміз. Шынында да облыстық газеттің қызметкерлері «сен тұр, мен атайындар» болатын. Айтайын…
Ақжарқын аға Құрманғали Ажаров, ақ жолмен жаза баспай жүретін Досмағанбет Баекеев, ағайынды Шәкірат пен Шәкізат Дәрмағанбетовтер, даладай дархан Дархан Сапар, сері ағамыз Қомшабай Сүйінішев, сын-сықақтың саңлағы Мырқы Исаев, жүрегі жомарт, алақаны ашық Ақберген Ержанов, белгілі жазушы Жақсылық Түменбаев, ұшқыр қаламды қаламгер Әбдіхан Айдаров, сынның серкесі Өтеген Жаппархан, айтар ойын юмормен өрнектейтін Қайырбек Мырзахметов, салмақты да салиқалы ақын Әскербек Рахымбеков, зиялылығы қолтаңбасынан сезілетін Айжарық Сәдібеков, қарапайым қалпынан айнымай жүретін Нұрпейіс Байғараев пен Шайзада Рахметбеков, қаламы семсер Құттыбай Сыдықов пен Қази Данабаев, арқалы ақындар Рысты Бекбергенова мен Асқар Кіребаевтар қызмет істеген бұл басылымның тарих парақтарындағы тәлімі мол.
Сөзі сойыл,
қаламы семсер
Қаламгер Құтекеңмен, Құттыбай Сыдықовпен мен бала кезден таныс болатынмын. Біздің таныстығымызға оның «Торы» деген әңгімесі себепші болған еді.
Құттыбай батыл, бірсөзді жан болатын. «Тура биде туған жоқ» дегендей, тура айтудан да, жазудан да жасқанбайтын. Содан болар, басына таяқ та тиетін. Кезінде Құтекең:
– Бір оқиға айтайын, – деген-ді, – «Таң» совхозында комсомол комитетінің хатшысымын. Баяғы партия комитетінің қолбаласымыз ғой. Маған партияның анда-мұнда жұмсап отыратыны ұнаған жоқ. Қолыма қалам алдым да «Біз баламыз ба?» деген мақаланы көсілте жазайын. Оны «Ленин жолы» газеті «мен мұндалатып» бергені бар. Сол сол-ақ екен билік басындағылар «Құттыбай деген кім?» деп естерін жиып, аяқтарын байқап басатын болды. Менің тырнақалды туындым осы болатын.
Құтекең республикалық «Заң» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрген кезі болатын. Мен ауданда қызмет істеймін. Бір күні «Заң» газетінде Құтекеңнің «Қ…. қалай қодыраңдайды?» деген айқайлы атпен аудан әкімін сын садағына алған материалы жарық көрді. Мені дереу әкім шақыртты.
– Саған тапсырма, мына Құттыбайдың мақаласына жауап жаз. Болды, бара бер, – деген әкімнің бет-жүзі қарауытып кеткен.
Әкім тапсырма берді екен, қол астында болғандықтан, орындамасқа лаж жоқ. Десе де, бойымды ағалы-інілі сыйлас қаламдас досым Құтекеңнің ренішіне ұшыраймын-ау деген сезік те бар. Сонымен «Заң» газетіне «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарымен «Қ… емес, Құттыбай неге қодыраңдаған?» деген әкім материалы шықты. Ертеңіне ауданға Құтекең келсін. Отты көзінен қаймығып мен отырмын. Жо… жоқ, жылы ғана жымия қараған ол:
– Білем, білем, сендер әкімнің айтқанынан шыға алмайсыңдар. Қатын-баланы да асырау керек ғой. Саған ренжімеймін, бірақ тағы әкіміңді ойсырата жазуға келдім, – деген-ді.
Ұзын сөздің қысқасы сол, Құтекеңе қайта жазуды қойдырып, аудан әкімімен төс қағыстырып, келісімге келтіргенім бар.
Құттыбай журналист қана емес белгілі жазушы болатын. Оның баспадан шыққан «Белгі», «Табиғат трагедиясы», «Қилы-қилы тағдырлар», «Сарын», «Босқындар» атты кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады. Сондай-ақ оның бір томдық шығармалар жинағы «Сырдария кітапханасы» томдығы құрамынан ойып тұрып орын алды.
Иә, марқұм Құтекеңнің 60 жылдық торқалы тойына «шақыру қағазын» таратып жүргенде кенеттен қайтыс болғанын біреулер білсе, біреулер білмес. Тойға емес, қабырғаңды қайыстырар қазаға байланысты қаралы хабар келіп жетті. Құттыбаймен қоштасудың қаралы жиынына иін тіресе жиналған жұртшылықтан көз сүрінеді. Алғашқы сөз кезегін алған Сыр елінің ағасы Сейілбек Шаухаманов: «Құттыбай әділдік жолымен жүріп, әкесін тыңдамауға бар қайсар азамат еді» деген баға берген-ді. Шынында да, Құтекеңе мұнан төмен баға беру әсте мүмкін емес.
Құттыбай – суырылған семсердей еңкеймей өткен ер еді.
Өлеңімен өзіне
ескерткіш орнатқан
1968 жылдың тамыз айы. Кезіндегі ­Н.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титуттың филология (қазақ тілі мен әдебиеті) факультетіне емтихан тапсыру үшін жүздеген жастар бір есік алдында иін тіресіп тұрмыз. Бір-бірімізді танымасақ та әзіл әңгіме өрбітіп те қоямыз. Сонда бір кең иықты, палуан денелі жігіт:
– Әй, жігіттер, «тышқан ініне кіре алмай тұрып, құйрығына қалжуыр байлаған екен» деген бар, – деген-ді.
Сап тыйыла қойдық. «Бұл кім болды?» екен деген оймен қол алысып, аты-жөнін сұрағанмын.
– Мен Қази Данабаевпын.
– Білемін, білемін, білгенде қандай, сен өлең жазып жүрсің ғой.
– Ал, сен кім боласың?
– Мен Еркін Әбіловпін.
– Оу, Еркін, сен екенсің ғой, мен де сені білемін. «Қазақстан пионері», «Ленин жолы» газеттерінде шыққан мақалаларыңды оқып жүрмін, – деген ол мені қапсыра құшақтай алды.
Бітті. Дос болуға одан артық себептің біз үшін керегі де жоқ болатын. Екеуміз де оқуға қабылдандық. Төрт жыл бойы жатақхананың бір бөлмесінде жатып, тонның ішкі бауындай араластық. Содан да Қазидың бітім-болмысын, оның шығармашылықтың шырқау шыңына шыққанын менен артық ешкім де білмейді десем, асыра айтқандығым болмас.
…Қази досымның қайтқанына жыл толғанда ақын Асқар Кіребаев:
– Қази туралы ендігі жерде өз шығармалары айтады. Көзі тірі достары мен қаламдастары айтады. Ол туралы әңгімелер әлі алда, – деген-ді.
Біздің қанатымыздың қатайып, буынымыздың бекуіне облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінің септігі тиді. Біздің студент кезімізде осы газеттің мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі Қомшабай аға Сүйінішев болатын. Біз осы кісінің төңірегінде жүретінбіз. Қазидың өлеңдері «Ленин жолында» Қомшекеңнің қолдауымен жиі-жиі жарияланып жататын.
Әлі есімде, институтты тәмамдаған соң мен Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер, ал Қази облыстық «Ленин жолы газетіне корректор болып орналасты. Аз ғана уақыт жұмыс істеген ол туған топырағы «Қарақұм» совхозына кетті. Шамасы, ата-ананың айтқанынан жаза басуды жөн көрмеген болар. Десе де, бұрқырата жазуды қойған емес. Содан болар 1979 жылы Қызылордаға қайта келіп, облыстың кәсіподақтары шығармашылық үйінің әдіскері, директоры болды. 1984 жылы облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде аға редактор, ал 1989 жылдан өмірінің соңына дейін «Сыр бойы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың кеңесшісі болды. Бұл Қазекеңнің нағыз кемелге келген шағы еді. Оның тосын тақырыптарға жазған мақалаларын оқыр­мандар іздеп жүріп оқитын.
Қази – халқын қалтқысыз сүйген азамат. Қази – қаламы ұшқыр журналист. Қази – дарабоз жазушы. Қази – мәртебелі поэзияны жан-жүрегіне қондырған болмысы бөлек ақын еді…
Қазекеңді ақын еді дегенде, ойыма бір тосын жағдай орала кетпесі бар ма?! Ұмытпасам, 80-жылдар болуы керек. Қази екеу­міз Алматыға ат басын бұрғанбыз. Мақсатымыз – «Жалын» баспасына Қазекеңнің өлеңдер жинағын тапсыру. Өкініштісі сол, Қазекең қос елідей дәптерге жинақталған өлеңдер топтамасын ұмытып, көшедегі телефон жәшігіне тас­тап кетіпті. Табылмады. Сонда Қази:
– Мен енді өлең жазуды қоямын, – деп кесіп айтып еді.
Айтқан сөзден қайтпайтын Қази поэ­зияны қойып, прозаға бет бұрды. Десе де, Қазекең өмірінің соңғы жылдары поэ­зияға қайта бетбұрыс жасап, белгілі әдебиетші-ғалым, ғылым докторы, профессор Құлбек Ергөбек дөп басып айт­қандай, «Өлеңімен өзіне де ескерткіш орнатып кетті…»
Шығармашылығы сан қырлы Қазидың туындыларын жас ақындардың «Көктем тынысы» (1975 жыл),  Сыр бойы қаламгерлерінің «Дария жыры» (1983 жыл), тағы басқа жинақтарда жарық көрген. Қазекеңнің «Гүлдәурен», «Ақ кептер», «Сағыныш екен бала кез» хикаяттары мен оншақты деректі кітаптары қазақ әдебиетіне қосылған теңдессіз туынды болып қалды. Айтқандай, республикалық «Жалын» альманағы ұйым­дастырған әдеби конкурстың бір емес, екі мәрте топ жарған жүлдегері. Журналистік қызметі де жеміссіз емес. Ол бірнеше мәрте «облыстың үздік журналисі» мәртебесін иеленсе, М.Шоқай атындағы сыйлықтың иегері және облыс әкімінің стипендиаты атанды.
Қази досымның ертерек өмірден озғаны жаныма батады. Тағдырдың жазмышына қолдан келер шара бар ма, сірә? Ол күні бүгінге дейін тірі жүргенде небір айтулы шығармалар шыңы биіктей түсер еді. Әттең…

…Қази айықпас дертке шалдықса да, қолынан қаламын тастаған жоқ.
Қазекеңнің қайтыс боларда жазған «Сен аман бол, Қазақстан» атты өлеңі еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» 2008 жылдың мамыр айында жария­ланды. Өлеңге алғысөз жазған айтулы ақын Фариза Оңғарсынова: «…Ақжарқын азамат дүниеден жас кетті. Биыл маусымның басында өмірден озғанына бір жыл толады. Қази ауырып жатқанда маған хат жазып, ішіне өзінің бір өлеңін салып жіберіпті. Ардақты азаматтың сол соңғы жазған өлеңін халық сүйіп оқитын «Егемен Қазақстан» газетіне ұсынуды жөн көрдім» деген.
Қазекеңнің осы өлеңіне сазгер-әнші, жерлесіміз Елена Әбдіхалықова «Сен аман бол, Қазақстан» атты патриоттық ән шығарады. Ендігі сөз кезегін Қазекең айтқан осы жыр жолдарына берелік.
Көтеріп көк жиектен делегейін,
Келесің ақ бауырлы кемедейін.
Мен болмасам, болмайын,
Қазақстан!
Сен аман бол,
Сен үшін мен өлейін.

Құлайын Қызылқұмда қызыл нардай,
Ізіңнен жатайыншы жүзімді алмай.
Саулығыңды тілеймін жаратқаннан,
Қурап, жанып кетсем де түгім қалмай.

Ақ сарайың тартатын көз алыстан,
Ақ сәулесі әлемге тарап ұшқан.
Мен болмасам болмайын,
Сен аман бол,
Жаһандағы жалғызым Қазақстан!
Иә, Құлбек Ергөбек айтқандай, өле­ңі­мен өзіне ескерткіш қойып кеткен Қазекең мәңгі тірі.
Еркін ӘБІЛ,
Жазушы-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<