Масылдық мұратқа жеткізбейді

739

0

Облыста қайырымдылық шараларын қолға алған қоғамдық ұйымдар жетерлік. Солардың бірі – «Ел-арай» қоғамдық қоры. Қор 2015 жылы жұ­мысын бас­тады, жетекшісі – Асхат Байдәулетов.


Еріктілердің ерлігі, еңбегі еленіп жүр. Республикалық және облыстық деңгейде марапатталуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған респуб­­ликалық «Жомарт жүрек» бай­қа­уының облыстық кезе­ңінің жеңім­пазы, «Жылдың үздік ұйымы» атан­ды.


Асхатты көпшілік жақсы таниды. Бала күнінен жаны жақсылыққа құмар азамат қайырымдылыққа ерте аралас­ты. Ерікті болды, өзі секілді жалынды жастарды жанына жинап, көмекке мұқтаж жандардың қасынан табылды. Көптеген қайырымдылық жобасын жүзеге асырды. Әсіресе, әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған отбасыларын назардан тыс қал­дырмай, қолдан келгенше көмегін көрсетуде. Жалғызілікті қарияларға қам­қор­лық танытты. Қордың қайы­рымдылық шаралары жыл­дан-жылға жал­ғасып, ау­қымын кеңейтуде. Түрлі жоба бойынша жұмыс жасау­да. Мәселен, «Ұмытылмас бір күн», «Салауатты өмір салты», «Несібе», «Өзгеге өмір сыйла», «Біз мектепке барамыз», «Жанұяға жылу сыйла» жобаларының жауапкершілігі мен жүгі салмақты. Қиындыққа ұшыраған, мүмкіндігі шек­теулі балалардың ой-өрісін арттыратын, жаттығулар үйрететін, спорттық және ойын-сауық шараларды, танымдық саяхат­тарды ұйымдастыруға ба­ғыт­талған жобаны да бел­сенді атқарып келеді.


Қоғамдық қор жыл сайын 1000 отбасын азық-түлікпен, 2000 отбасын киім-кешекпен, 100 отбасын көмірмен қамта­масыз етеді. Бұдан бө­лек, айтылмағаны қанша… Әсі­ресе, індет өршіген кезде қоғамдық қор жергілікті кәсіп­керлермен бірігіп, аймақтағы ауру­ха­наларға оттегі концентраторын алып берді. Сонымен қатар тігін цехтарында бетперде тігуді үйлестіріп, халыққа тегін таратты. Осы орайда Мемлекет басшысы қайырымдылық пен волонтерлықтың пандемия ке­зінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айнал­ғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтқан болатын. Күрделі кезеңде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылығын білдірген еді.


– Сан қилы тағдыр бар. Бірі жақын­дарынан, бірі ден­сау­лығынан айырылып, жұмысқа жарамайды. Көпбалалы отбасында қажеттілік көп. Кейде ата-ана тапқан нәпақасын жеткізе алмай қалады. Жыл сайын қаншама мүмкіндігі шектеулі бала өмірге келеді. Ал, оларды қалыпты ортаға бейімдеу, назар аудару үлкен күшті талап етеді. Көмекке шын мұқтаж адамдарды бей-жай қалдыруға болмайды. Біздің қор осындай мақсатта жұмысын бастаған болатын. 6 жылдың ішінде тындырымды жұмыс атқарылды. «Көп түкірсе –көл» демекші елмен бірігіп, көңіліне кірбің түскен жандарға пайдамызды тигізудеміз. Қаншама отбасын көрдік. Қолдадық, сенім білдіріп, демедік. Жас балалардың жалындаған үмі­тін сөндірмеуге тырыстық, – дейді ол.


Асхаттың айтуынша, қайы­рымды істерге белсене ат­са­лы­сатын кәсіп­керлердің, жү­регі жомарт жандардың саны өте көп. Игі бастамасына қол­дау білдіріп, қаржылай ­үл­ес қо­суда. Олар өз еркімен өзгеге қуаныш сыйлауға да­йын. «Келісіп піш­кен тон келте болмайды» дегендей, бірлесіп, жұмыла әрекет етіп келеді.

Қайырымдылықты қа­йырлы іс санайтын азаматтар «Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл» деген аталы сөзді ұста­нымдарына айналдырған.


– Кез келген кәсіпкер болсын, басқа адам болсын мәселе айтқан кезде бетімізді қайтарған емес. Қайта қолдай кетеді. Бірде қайырымдылық шарасында жүр­генде демеуші азамат тозығы жеткен үйді көріп, қасынан жай өтіп кете алмады. Үй иесіне қолдау білдіріп, құрылысына қаражат бөлді. Біздің еріктілер істі аяғына дейін жеткізді. Жақсылыққа құмар жандар жасап жатқан жұмыстарын жария етпейді, – дейді ол.


Дегенмен, соңғы уақытта ма­сыл­дық белең алып барады. Аяқ-қолы бүтін, он екі мүшесі сау адамдардың мемлекеттен берілетін жәрдемақыға және еріктілер, қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін көмекке сеніп алғаны жанына батады. Өкініштісі, олардың көбейіп жатқаны. Тіпті, жолдасын жасырып, жалғызбасты анамын де­гендер де кездесетінін жет­кізді. Ер адамдардың отбасы жауапкершілігінен қашатыны – көптеген мәселенің туындауына себеп. Ащы судың жетегінде кеткен азаматтар баласының емес, құтының түбін ойлайтыны жасырын емес. Кейіпкеріміз мұндай отбасылардың көптеп кездесетініне қынжылды.


– Несін жасырамыз, тұрмысы төмен отбасыларына қолдау білдіріп, бір-екі рет көмек­тес­кеннен кейін олар да талпынуы керек ғой. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге де жұмыс таптық. Бірақ ұзамай тастап кетеді. Қолдан келген мүмкіндікті жасаймыз. Бірақ бәрібір өз дегендерін істеп, қалыпты өмірлеріне оралады. Түйгенім, адамда намыс болмаса, бәріне қолын бір сілтейді екен. Осы көріністі көрген біздің де еңсеміз басылып қалады, – дейді ол.


Асхат ата-аналар балаларын құрал ретінде пайдаланатынын да жасырмады.


– Баласын жетектеп, олар­дың кө­зінше жағдайын айтып көмек сұрайды. «Бала ертіп келмеңіз, ол сіздің халіңізді көрмеуі керек. Кез келген бала өзінің ата-анасын жоғары бағалауы маңызды. Ал, оған ата-ана лайық бола білуі тиіс» деп үнемі ескертемін. Бірақ мұны ескеріп жатқан анасы не әкесі жоқ. Біздің балалық шағымыз тәуелсіздік алған тұста өтті. Дүкен сөрелері бос, жұмыс аз. Бір отбасында қаншама бала болды. Бірақ ата-анамыз жасымай, ауыртпалықты сездірмей бақытты балалық шақ сыйлады. Ешкімге алақан жайған жоқ. Жер жыртып, егін екті, төрт түлікті түлетті. Еңбектен бел жазбады. Олар өзгеден көмек сұрауға арланды. Намысы мен ұяты жібермеді. Қазір ше? Керісінше, қит етсе жағдайын айтып, өзгеге өкпелейтіндер көбейген. Масылдыққа бой алдырып, «алма піс, аузыма түстің» күйіне жеткен. Осындай жайларды көріп, жалқаулық жеңіп бара ма деген ойға қаламын, – дейді А.Байдәулетов.


Осы орайда қоғамдық ұйым жаңа тың жобаны іске асыра бастады. Жастардың білім алуына, жоғары оқу орнына түсіп, маман атануына жағдай жасамақ. Оқу орталықтарымен келісім жүргізіп, баланың тегін білім алуына, өзін жан-жақты дамытуға мүмкіндік сыйлауда. Себебі баланы жастайынан еңбекке, білімге баулыса, жоғарыда келтірген мысалдарға бой алдырмайтынына сенімді.

Қолынан келгенше қоғамға пайда келтіруді бақыт санайтын Асхат қайырымдылық ісі бойына рух беріп, жігерлендіретінін де айтты.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<