Облыс әкімінің құттықтауы

1692

0

Ардақты ардагерлер!

Біз «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп үлкенін қадір тұтқан халықтың ұрпағымыз.

Елбасының «Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік», – деген сөзі бар. Қазыналы қарттарымызды ардақтау, оларға құрмет көрсету біз үшін қалыптасқан заңдылық десе де болады.

Дегенмен, Біріккен Ұлттар Бас Ассамблея­сы 1990 жылғы 45-сессиясында 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялады. Бұл – қарттарға халықаралық деңгейде назар аударылып отыр деген  сөз.

Елімізде қарттарды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналды. Аймақтағы егде жастағы азаматтар үшін лайықты өмір сүру сапасын арттырудың кешенді жоспары қабылданған.

Бүгінгі күні облыста 70 мыңнан аса зейнет жасындағы қарт адамдар бар. Оларды әлеуметтік қолдау шараларын тұрақты жүргізіп келеміз. Арнаулы күн аясында әр сала зейнетке шыққан ардагерлерінің тұрмыстық жағдайымен танысып, оларға құрмет көрсетіп отырады. Қазақстанның өзге де жерлеріндегі сауықтыру шипажайларынан бөлек облыс төңірегінде де сауықтыру орындары ашылып, демалуға, емделуге мүмкіндік жасалған. «Сыр мейірімі» жобасы аясында 225 жалғыз басты қарттар, мүгедектер, өзін-өзі күте алмайтын науқас және аз қамтылған азаматтар түскі ыстық тамақпен қамтылуда. Бюджет қаражаты есебінен жыл сайын ардагерлер Нұр-Сұлтан қаласын тамашалап қайтады.

Мемлекет басшысы: «Біз майданда қаза тап­қандарды ұмытпаймыз. Ардагерлерді құр­мет пен ілтипатқа бөлейміз», – деген болатын.  Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай 4335 Ұлы Отан соғысының ардагеріне және оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Ардагерлердің коммуналдық қызмет шығындарының өтелуі облыстық бюджет тарапынан шешілуде.

Ардақты аға буын өкілдері!

Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпағына ұлылығын ұялата білген ардагерлерімізді құр­меттеу – азаматтық парызымыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, абыройлы еңбектеріңіз – жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге, игілікті істеріңізді жаңа заманға лайықты жаңғыртады.

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Облыс әкімі

Гүлшара Әбдіқалықова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<