Ортақ алаңдағы ойталқы

907

0

Өткен аптаның соңында Шымкент қаласында респуб­ликалық «Qalam» қорының ұйымдастыруымен «Qalam» медиа-платформасының Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы баспа және электронды БАҚ-тың бас редакторларына арналған кездесу жиыны өтті. Оңтүстік өңірдегі 3 облыс басылымдарының өкілдері жиналған айтулы басқосуда еліміздегі ақпарат құралдарының бүгінгі беталысы мен көптеген мәселелері сөз болды.

«Отандық БАҚ-қа бірігу қажет»

Жасыратыны жоқ, әлемдік пандемия қазақстандық медиаға да айтарлықтай әсер етті. Осы кезеңде еліміздегі көптеген ақпарат құралдары өздерінің табысынан айырылды. Қаржылық қиындықтарға кезікті. Басылымдардың таралымы шектеліп, кейбір газет-журналдар өздерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бірқатар өңірде тілшілердің жалақысы айлап төленбеді.

Ал ақпарат агенттіктері мен медиа-порталдар, интернет сайттардың кейбірі қауіпті індет кезінде мыңдаған оқырман жинаса, кейбіреулері, керісінше, өз аудиторияларынан айырылып қалып жатты.

Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келген еліміздің көптеген БАҚ өкілдері ортақ мәселелерді шешу үшін бір платформаға бірігуді жөн деп тапқан.

– Көктемде Алматы қаласында «Qalam» медиа-платформасы құрылды. Өйткені, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына өздерінің мәселелерін ашық айтып, кеңесетін ортақ алаң қажет болды. Пандемия қазақстандағы БАҚ-тың аудиториясын екі есеге өсірді. Медиа саласына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Сонымен қатар, пандемия кезінде қазақстандық БАҚ өте қатты соққы алды. Кейбір басылымдар жабылды. Осының бәрі қазақстандық БАҚ-қа бірігу қажет екенін көрсетті, – дейді аталған медиа-платформаның жетекшісі, «Exclusive.kz» республикалық сараптамалық онлайн-журналының бас редакторы Қарлығаш Еженова.

Бүгінде аталған медиа-платформаға еліміздің 20-дан астам ақпарат құралдары қосылып үлгерген. Шымкент қаласындағы кездесу – өңірлердегі БАҚ өкілдерімен пікірлесудің қорытынды жиыны. Мұндай кездесулер осыған дейін Алматы, Өскемен, Петропавл, Ақтау қалаларында өткен.

Медиа-платформа не береді?

Бұл – кездесуге жиналған әріптестеріміздің көкейіндегі басты сауал болды.

– Медиа-платформа өңірлердегі ақпарат құралдарының дамуына бағытталған. Платформа ортақ алаңға біріккен басылымдарға құқықтық көмек көрсетеді. Кез келген тақырыптағы факт-чекинг, контент алмасу, бірігіп алға жылжу, тәжірибе алмасуды үйлестіреді. Өңірлердегі ақпарат құралдарының қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы түрлі ірі компаниялардың жарнамаларын өңірлердегі БАҚ-тарға жариялауға қолайлы жағдай жасауға атсалысады, яғни, ақылы қыз­мет бойынша бағыт-бағдар береді. Біріккен түрлі медиа-акциялар ұйымдастыру, өңірлердегі журналистердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс істейді. Облыстарда кенжелеп қалған түрлі жанрлардың жандануына үлес қосуды қалаймыз. Түрлі интернет-ресурстардың төл өнімдерінің көбеюіне, мультимедиалық соны жаңалықтарды меңгеріп, өз контенті мен тұрақты оқырмандарын қалыптастыруға үйретеді, – деді Қ.Еженова.

Осы уақытқа дейін еліміздің БАҚ саласында түрлі медиа-платформалар мен бірлестіктер құрылып, көбісінің жұмысы орта жолдан тоқтағаны белгілі. «Qalam» қоры директорының орынбасары, журналист-сарапшы Нәзира Жәрімбеттің айтуынша, аталған алаң ешқандай жасырын мүддені көздемейді.

– «Qalam» медиа-платформасы – коммерциялық жоба емес. Мемлекеттен болмаса, басқа да ұйымдардан грант ұтып алып, соны жүзеге асыру үшін құрылмаған. Қаржылық сауаттылықты айтпағанда, өңірлердегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдарына құқықтық көмек керек екендігіне күн сайын көз жеткізіп келеміз. Бір ғана авторлық құқық мәселесінде қаншама шешілмеген түйткіл бар. Платформа осылардың оң шешілуіне бағыт-бағдар беріп, жан-жақты қолдау көрсетпек, – дейді ол.

– Маған бүгін басымызды қосып отырған медиа-платформаның бірнеше артықшылығы ұнап отыр. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір басылымдар өз құқығын қорғау үшін адвокат жалдауға қаржы таппайды. Ал, бұл алаң өзіміздің заңгерлеріміз арқылы көмектесеміз дейді. Қазақстандық БАҚ ортақ мәселелерді шешу үшін біріксе, еліміздің медиа саласында үлкен өзгерістер болар еді, – деді жиында «ҚОҒАМ ТV» телеарнасының құрылтайшысы  Шаһизада Әбдікәрімов.

«Тілге бөлінбеу керек»

Оңтүстік шаһардағы жиын­ға журналистерден бө­лек, сая­саттанушылар да қатысты. Олар да қазақстандық БАҚ-тың бүгінгі беталысын бағамдап, өз пікірлерімен бөлісті.

– Өздеріңіз ардақ тұтар ақсақал қазақ журналистикасының майталманы Намазалы Омашевтің: «Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені көздеген үлкен бір мәселе көтеріле қалса, біздегі БАҚ-тардың сөзі бір жерден шықпай, әрқайсысы әртүрлі тақырыптарды қозғап кететіні бар. Отандық журналистикадағы алауыздықтың бірінші себебі, отандық БАҚ-тың екі тілге жарылуында. Қазақ газеттері шуылдап айтқан мәселеге орыс газеттері көз жұма қарауы – біздің елде қалыпты нәрсе. Ұлттық идеяға, құндылықтарға байланысты тақырыптарда орыс газеттері көп жағдайда қалыс қалады. Ал орыстілді БАҚ көбіне-көп әлеуметтік жағдайларды, мә­селен төтенше жағдайларды, әлеу­меттік проблемаларды құлпыртып, ушықтырып жазуға келгенде алдына жан салмайды. Екіншіден, қазақ тілді басылымдардың сөзі де үнемі бір жерден шыға бермейді. Оның да өз себебі бар. Кейбір газеттер үнсіз қалған мәселелерді, өзге басылымдар құр жібермей, белсене кірісіп жатады. Дегенмен, өз басым, отандық БАҚ-тағы алауыздық бірінші кезекте орыс және қазақ тілді БАҚ-тардың арасында деп есептеймін» деп айтқаны бар. Сондықтан, қазақстандық БАҚ бір платформада бас қосамыз десе, алдымен тілге бөлінбеуі керек, – дейді қызылордалық саясаттанушы, философия ғылымдарының PhD магистрі Нұршайық Әбдуәли.

Оның айтуынша, кейбір басылымдар қоғамның іргетасын шайқалтуы мүмкін екенін өзі де білмей қалады. «Көзге көрінетіннің бәрі жазылуға және айтылуға тиіс» деген қағиданың ықпалында кетеді. Бұл – бекер нәрсе, ешбір мемлекет өзінде болып жатқан оқиғалардың бәрін емін-еркін жариялай бермейді. Алдымен қоғамға кері немесе тиімді әсерлерін екшеп алып, содан кейін өз мүддесіне ыңғайлап береді.

– Демократияның отаны саналатын АҚШ-та журналистер мемлекеттің мүддесі мен жеке бастың мәселесін шатастырмайды. Біздің журналистердің бір сүрінетін жері – осы. Себебі БАҚ туралы заңды жетік біле бермейді, тәжірибелері де кемшін болуы мүмкін, – дейді Н.Кәменұлы.

P.S: «Qalam» медиа-платформасы кеңінен таныстырылған Шымкенттегі жиын соңында 3 облыстан келген БАҚ өкілдері кеңінен пікірлесіп, өз ойларын ортаға салды. «Ортақ алаңда бірігуден бас тартпаймыз» деген олар жыл соңына дейін Алматы қаласында жиналатын болып тарқасты.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Қызылорда-Шымкент-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<