Құрылтай

Қазалылықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысуда

7

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Елімізде «Таза Қазақстан» тазалық акциясы тек науқан ғана емес, ол әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысына, өмір салтына айналып келеді. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген ҚР Конституциясына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларының талаптарын сақтау әрбір азамат үшін міндеттелді.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тазалық мәселесін әрдайым назарда ұстап, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға ерекше көңіл бөлуде. Тазалық – тек қоғамдық жұмыс емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін айта отырып, аудан әкімі осы бағыттағы шаралардың маңыздылығын үнемі атап өтеді.

Бүгінгі аудан орталығында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен тазалық жұмыстарына Әйтеке би кентіндегі барлық мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, аудан жастары мен «Жасыл ел» жастар жасағы белсене қатысып, санитарлық тазалық жұмыстарының жүргізілуіне өз үлестерін қосты.

Аудан орталығы – Әйтеке би кентінде жүргізілген тазалық жұмыстары барысында «Қазалы мәдени-демалыс кешені», Т.Бөріқұлақов көшесі, Батыс теміржол өткелі мен Т.Бөріқұлақов көшесінің бойы Қ.Пірімов сынды орталық көшелерде бей-берекет өскен шөптер шабылып, бағаналарды сырлау, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

Таза әрі көрікті орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстар аудан тұрғындарының ауызбіршілігімен, туған жерге жанашырлығымен алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мен ауданның көркін арттыруға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүзеге асырыла беретін болады.

Қазалы ауданы әкімдігі