Құжаттағы құнды дерек

797

0

Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың қонақжай қазақ халқына тағзымының белгісі. Халқымыздың жалпыұлттық бірлігінің, ынтымағының күніне орай облыс­тық мемлекеттік архивінде тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әбілдаев өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету еліміздің рухани қағидаты болып қалыптас­қанын атап өтті. Қатысушылар архив қорынан дайындалған тарихи-құжаттық көрмемен танысты. Мұнда халықтар достығын айғақтайтын құнды құжаттар жинақталған. Оның ішінде 1937 жылы күштеп жер аударылған корей халқы, соғыс жылдарында келген шешен, түрік, грузин, неміс ұлттарын қабылдау, орналас­тыру, азық-түлікпен, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы деректер бар.

Архивтің бөлім басшысы Жанат Алтынбаева қиын-қыс­тау заманда Сыр өңіріне еркінен тыс қоныстандырылған ұлт өкілдеріне қатысты шетел азаматтарынан да мұрағат қызметіне сұраныс көп түсетінін атап өтті.

– 2011 жылы АҚШ азаматы соғыс кезіндегі құжаттардан өздері, ата-әжесі туралы мәлімет алды. Әулетінің тарихы туралы дерек тапқанына қатты қуанып, бізге алғыс айтты. Тағы бір мысал, 1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысында Ресей тұтқынына түскен Австро-Венгрия азаматтарын қазақ жеріне жер аударуға шешім қабылданған. Сол шешім бойынша Сыр еліне тұтқындардың алғашқы легімен келген жүз адамды Перовск қаласы мен Қазалы уезіне екіге бөліп орналастырған екен. Бұл оқиға туралы біздің архивте сақтаулы деректер бар. 2018 жылы екі австриялық журналист келіп, сол тақырыпта зерттеу жүргізді. Өз шежіресін зерттеп, бабасы жүріп өткен жолмен елімізге келушілер де өте көп, – деді Ж.Алтынбаева.

Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы Светлана Крюгер жастарды қазақ тілін терең оқып-білуге, кеңінен насихаттауға шақырды.

– Өзімнің ұлтым – неміс. Соғыс жылдарында ата-әжелерім Қазалы ауданына жер аударылған. Олардың қазақ халқына деген алғысын, ризашылығын естіп өстік. Бір үзім нанды бөліп жегенін ұмытпайтын. Сол кісілер қазақ халқына деген сыйластықты, қазақ тіліне деген махаббатты бойымызға сіңіріп кеткен шығар деп ойлаймын. Атам мені қазақ балабақшасына берген. Өзі де қазақ тілін жақсы білетін. Университетте де журналистика мамандығын қазақ тобында оқыдым. Өмірдегі көптеген жетістігім – қазақ тілін жетік білгенімнің арқасы, – деді ол.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<