Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет- әрбір азаматтың міндеті

1582

0

Елімізде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданғаны баршаңызға мәлім.

Осы заңмен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңының күші жойылды.

Жаңадан қабылданған заңның 1-бөлігінің 6)-тармағында, сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу деп түсіндірме берілген.

Қарапайым тілмей айтқанда, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәржесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі пара алу не пара беру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңның басты мақсаты мен міндеті қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу арқылы іске асыру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіретін қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып саналады. Сондықтан да оны болдырмау, алдын-алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар іске асырылуда.

Осы бағытта алдына үлкен мақсаттар қойған елдің жемқорлықты жеңуге деген ықыласы да, пәрмені де мықты болуы керек.

Біздің еліміздің тәуелсіздік алған соң басқа басымдықтардан бұрын, ең алдымен құқықтық мемлекет құруды мақсат етуінің өзі осы кез келген саланың дамуын құқықтық жақтан мінсіз қамтамасыз етуге негізделсе керек.

Одақтас елдер ішінде алғаш рет жоғарыдағы қағидаларды құқықтық тұрғыда жүйелеп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдауы Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күресті ымырасыз жариялағанын дәлелдейді.

Міне, осы құқықтық құжат өмірге келген 1998 жылдан бері сыбайластықпен күрестің, парақорлықты жоюдың, кеселді болдырмаудың,

індеттің алдын алудың тетіктері қолданылып келді және ол одан әрі жаңадан қабылданған заңмен реттеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 02.09.2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тіртібінен түскен жоқ.

Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет.

Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері ат салысуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек деп атап көрсеткен болатын.

Осыған байланысты қолданыстағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 43-бабының 4-бөлігіне төмендегідей өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:

бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;

бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан жағдайлардың жиынтығы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болатындығы бекітілді.

Елімізде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілген.

Әрине заңды қабылдауда бір бөлек те, оның іс жүзінде өзін дәлелдей білуі тағы бір бөлек әңгіме. Өйткені, кейбір заңнамалардың тәжірибе жүзінде кемшін тұстары анықталып, соған орай түзетілген, толықтырылған, мейлінше өзгертілген кездері аз емес.

Еліміздегі жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдырылған күш те, қаржы да жеткілікті. Осыдан бірнеше жыл бұрын жемқорлық деректерін жасырып қалмай, дер кезінде жария еткен жандарды ынталандыру мақсатында арнайы қор жасақталып, дерегі дәлелденген азаматтарға ынталандыру сыйлықтары берілген болатын. Бұл өз кезегінде парақорлықтың кеңінен етек алмауына ықпал еткені анық. Сонымен қатар бұл тетік қарапайым азаматтардың

кемшілікке төзбеуіне, өздері кездескен жемқорлық фактісін құзырлы орындарға хабарлауына түрткі болған еді. Қоғамдағы кемшілікке төзбейтін жандардың ынталандыру сыйлығын алғанын көріп, өзгелер де айналасына бей жай қарамайтын болды. Әділдіктің барына, құқық бұзушылардың жазаланатына сенетіндердің де саны көбейген.

Ол Үкіметпен жақында жаңа тәртіппен бекітілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларынан кейін одан әрі артады.

Қызылорда қалалық соты бұл тақырыпта түрлі дөңгелек үстел, семинар сабақтарын өткізіп келеді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте күштік құрылымдардың өзара тиімді жұмыстары талқыға салынса, сот қызметкерлері, судьялар қатысқан семинарларда саланы жемқорлықтан таза ұстаудың тетіктері сарапқа салынады.

Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Сондықтан, қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп түсіну қажет.

А.Қараманов,

Қызылорда қалалық сотының

Бас маман- сот отырысының хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<