Ойын алаңқайында бір топ бала жүр. Екі топқа бөлініп, жарысып жатыр. Бір кезде керісе бастады. Шамасы, ойыннан от шыққан. Ақыр аяғы төбелеске ұласып, біреуі оңбай таяқ жеді. Балаларды сол маңдағы үлкен кісі таратып жіберді. Алаңда екі бала қалды. Бірі жерде жылап отыр. Екіншісі басын төмен салып, соған қарап тұр. Шамасы, екеуі ағайынды-ау деп топшыладым. Біршама уақыттан кейін әлгі жерде отырған бала атып тұрып, екіншісіне айқайлап жылай бастады. «Неге ағам бола тұра қорғамайсың? Саған таяқ жесем де бәрібір ме?» деп көпқабатты үйлерге қарай жүгірді. Артынан ағасы да аяңдай басып барады.
Осы көріністен кейін, бала кезімдегі бір оқиға есіме түсті. Мен 3-сыныпта оқимын. Әпкем 5-сыныпта. Сабағым ерте аяқталғанымен, әпкемді күтемін. Екеуміз бірге қайтамыз. Оның шашы өте сирек болатын. Ұстарамен анам жиі алатын. Қалың болып өсу үшін. Бірақ одан нәтиже болмаған секілді. Әлі жұқа… Сол бесінші сынып оқып жүргенде тағы шашын сыпырып тастады. Әпкем ебіл-дебілі шығып жылады. Ата-ананың айтқанына қарсы шыға алмайсың.
Не керек, сол күні сабаққа бірге бардық. Ол өз сыныбына, мен өз сыныбыма бөліндік. Қыс кезі болатын. Әдеттегідей сабақтан кейін әпкемді тостым. Шықты. Бірақ бұл жолы соңында бір топ бала бар. Бәрі де әпкемді қаумалап жүргізер емес. Әрине, мазақтап, қалпағын тартып алмақшы. Ересек қыздың тақырбас болғаны оларға да оғаш көрінуде. Көзі мөлдіреп маған қарайды. Қасына жетіп бардым. Әншейінде зорға арқалап келетін сөмкемді арқамнан қалай жұлып алғанымды білмеймін. Қолыма алған күйі әлгілерді шамама қарамай соға бастадым. Әпкем қалпағын басып отыра қалған. Мен оны айналып, жолатпай жүрмін. Сол күн екеуміз ұзақ болғандай көрінді. Мектеп айналасын мың айналып шығатын денешынықтыру пәні мұғалімінің де қарасы көрінбей қойды.
Ызаланып, жылап та алдым. Маған қосылып әпкем жылады. Біз кешіккеннен кейін әкеміз мектепке келген. Әлгі балалар әкем көрінгеннен жым-жылас болды.
Иә, бауыр – бәрінен биік ұғым. Бұл сөзді бала күнімізден ұғынып өстік. Бір үйде 5-6 бала болғаннан кейін, ата-анамыз, үлкендер жағы «Сендер бауырсыңдар, бір-біріңе қамқор болыңдар» деген сөздерді жиі айтатын. Алдымыздағы аға-әпкелеріміздің киімін киіп, сөмкесін ұстадық. Кейде жаңа киімді қалап, қиғылық салғанда анамыз «Ол сенің бауырыңның киімі» дегенде қоя салатынбыз. Бір көрпенің астында бір-бірімізді құшақтап ұйықтап, бір нанды бөліп жедік. Үлкен отбасында ағайындылар бір дастарханнан дәм татып, бірге ойнап жетілді.
Ал қазір бауырымен араздасып, бір-біріне теріс қарап отырғандардың әрекетін жиі көріп те, естіп те жүрміз. Қырық пышақ болған бауырлардың арасына түсіп, араша сұрайтындар да кездесіп жатады. «Бауырын қатыгездікпен сабады», «Бауырына қорлық көрсетті» деген хабарларға да құлақ үйренгендей. Қалыпты әдетке айналып бара жатқаны қынжылтады.
Жақында бір аулада тұратын ағайындының араздасып, қорасын екіге бөліп, қоршауын биік етіп өріп тастағанын естідік. Сондағысы ата-анадан қалған қара шаңырақты бөлісе алмаған. Бауырлар арасында туындаған жанжалдан олар сан тарапқа бөлінген. Бірін-бірі аға-іні санамай, көрген жерде танымай өте шығуға серттесіпті. Ауылдың ақсақалдары бір құрсақтан тарағандарды татуластыруға бекінгенімен, ештеңе шықпаған.
Кейінгі кезде қоғамда мұндай оқиғалар белең алғаны жасырын емес. Мүлікке таласып бір-бірімен келісе алмай қырықпышақ болғандарды жиі естіп жүрміз. Ең өкініштісі – бауырын ерекше сыйлайтын халықтың мұндай келеңсіздіктерге жол беруі қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны. Расында, бір анадан туғандар арасында мейірім, сыйластық, кішіпейілділік жойылып бара ма? Қалай өзі? Оған не себеп? Отбасындағы тәрбиенің осалдығы ма?
Сан түрлі тізбекті тізуге болады. Қиындыққа тап болған бауырын демеудің орнына өз тіршілігін алаңсыз кеше беретін ағайынның іс-әрекетін көріп өскен ұл-қыз бұл сөздің парқын түсінбей өтеді. Тіпті кейбір ата-ана балаларын бөліп-жарып қарайды. Олардың арасындағы қарым-қатынасты түзеудің орнына, керісінше, ушықтырып жібереді. Салдарынан ағайын арасындағы араздықпен өмір бойы күресіп өтеді. Көз көрген соң, кейде іштей қынжыласың. Бір туғанның бір шаңырақ астында шүйіркелесіп отырғанын қалайсың. Сонда «отбасы», «әулет» деген шағын мемлекеттің іргесі сөгілмес еді. Алайда, бұл мәселе қоғамда өзекті болып тұр.
Қазақ «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас» «Бауыр бәрінен қымбат» дегенді неге айтты? Кешегісін ойлап, болашағын болжап отыратын бабаларымыз ұрпағына осындай аталы сөз қалдырған. Бауырдың татулығын ұлағат еткен. Осылай туыстық байланыстың маңызы мен мәнін жете түсіндірген. «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың» деп те ескерткен.
Әрбір отбасында тәрбиеленіп жатқан бала «бауыр» деген сөздің мағынасын біліп өсуі тиіс. Сонда ғана бүгінгі қоғамда мәселеге айналған ағайын арасындағы араздық азайып, бауырлар бір-бірінен безінбейді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<