Қазақ дубляжы мектебін ашуға ұсыныс бар – Рауан Кенжеханұлы

754

0

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы агенттік тілшісімен қазақ дубляжының бүгіні жай-күйі туралы тілдескен еді.

– Рауан Кенжеханұлы дубляж жасаудың басты талаптары қандай? 

– Студиялардан қазақ дубляжы мектебін құрайық деген ұсыныс бар, қазір талқыланып жатыр. Саланың қыр-сырын білетін мамандарды даярлау өзекті мәселе. Дубляж жасау оңай сияқты, бірақ түпнұсқа тілде айтылған сөзді аударудағы дәлме-дәлдік, дыбыстың естілуі мен айтылуы, еріннің жыбырлауы жоғары біліктілікті талап етеді», – деді Рауан Кенжеханұлы агенттік тілшісіне сұхбат бере тұрып.

– Бүгінгі қазақ дубляжының бет алысы қалай?

– Менің ойымша, Қазақстанда телевизиялық дубляж көп, әлдеқайда ілгері кеткен, өйткені Кореяның, Түркияның телесериалдарының аудармасы жүріп жатыр. Әбден машықтанған, үйренген топтар пайда болды. Осындай жұмыстар көбейген сайын оның сапасы да арта түседі. Бұл шығармашылық сала сондықтан оның шегі жоқ, жетілдіре беруге болады.

– Қазақ тілінде дубляждалған әлемдік кино премьералардың көрермендері аз емес пе? Оны қалай көбейтуге болады?

– Кинотеатрлар залдың көрерменге толғанына мән береді. Сеансқа билет сатылмаса, адам келмесе ол фильм қолайлы уақытқа қойылмайды, сондықтан алдымен сынақтан өтеді. Бұл жерде кинотеатрға өкпе айтпай, қолын қайырмаған жөн. Өйткені, бұл кәсіп, оның есебі бар. Бұл мәселені шешудің амалы – қазақ тілінде дубляждалған фильмді көруді өзімізден бастап, белсенділік таныту керек. Мысалы «Ойжұмбақ» мультфильмі қазақ тілінде шыққанда күмән болды, бірақ екінші аптада көрермендер легі екі есе артты. Себебі кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс барын, билеттер сатылып жатқанын көрді, сәйкесінше сеансты көбейтті, тіпті, билет таппай қалған жағдай болды.

– Қазақ дубляжы мамандарының кәсіби деңгейі қандай? Сапа сын көтере ме?

– Әлемдік премьераларды аударуға көптеген маман тартылады. Оның ішінде тіл және медиа мамандары, кәсібилік жағынан күмән болмауы керек, өйткені әлемдік студиялардың талабы өте жоғары, кездейсоқтық жоқ. Оның ішінде тәжірибеге, техникалық жабдыққа және сапаға ерекше мән береді. Рөлдерді дубляждауға келсек, алдымен кастинг жүреді, ол жерде үздіктің үздігі таңдалады. Бізде қазақ тілінде дубляж жасайтын дауыс иелері, яғни мамандар жеткілікті.

– Әңгімеңізге рақмет!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<