Жан жадыратар жарасым

1069

0

Тамыры терең, мәуелі бәйтерекке айналған отбасылардың қай-қайсының да еңбекпен өніп-өсіп, көктеп-көгергенін байқаймыз. Ата-бабаның ізгілікке толы жолын жалғастырып, үлкен әулетке айналған  аралдық Төрехановтар отбасын көпшілік үлгі тұтады.

Отағасы Мейрамбек Төреханов – Қамбаш ауылдық мәдениет үйінің есепшісі. Ал, жары Құралай Жақыпова – №21 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз.  Ерлі-зайыптылар 2005 жылы отау тікті. Қазір 6 бала тәрбиелеп отыр. Биыл шаңырақ көтергеніне – 15 жыл. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан отбасы қазақы құндылықтарды берік ұстанады. Жарасымды отбасының үлкені Мерей 9-сынып оқушысы, кішісі 3 жаста. Балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін ата-ана бос уақыттарын тиімді пайдаланады.

Отанасы Құралай – он сауса­ғынан өнері тамған жан, мәнерлеп оқудың шебері. Аудандық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы. «Жыл мұғалімі» және «Білікті тіл маманы» аталымының иегері. Тынымсыз еңбекті жаны сүйетін кейіпкеріміз кәсіпкерлікті де қолға алған. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға жасалып жатқан жеңілдікті мақсатты пайдаланып отыр. Қорасында төрт түліктің бәрі бар. Балаларына арнап құрт-майын жасайды. Дастарханынан ағарғаны үзілмейді.

– Отбасы – шағын мемлекет. Іргетасы мықты болуы үшін әке рөлі маңызды. Бізді анамыз кішкентай кезімізде «әкең келе жатыр» деп тәрбиеледі. Әкеміздің жүзі қатал болғанымен, жүрегі жұмсақ кісі еді. Мен де анам секілді  балаларыма әкенің қадірін ұғындырып келемін.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады. Олардың саналы, білімді ұрпақ болуы  ата-ана жауапкершілігінде.

Бір күн ұрыстан, қырық күн ырыс кетеді. Жолдасым ешқашан балалардың көзінше дауыс көтерген емес.  Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Мәселені оңашада шешіп, жолын табамыз. Қазіргі қоғамда  бүгін үй болып, ертең екі жаққа кетіп жатқандарға куә болдық. Босағасы берік деген шаңырақтың да ортасына түскенін көрдік. Себебі  – сылтау, «мінезіміз жараспады», «тіл табыса алмадық», «табыс таппады» деген сөзді екінің бірінен естиміз. Өмірден түйгенім – ең бірінші кешірімді болу, қиындыққа төзе білу керек, – дейді көпбалалы ана.

Тағдыр қосқандардың көбі Құралай секілді ойласа, құба-құп болар еді. Сәл қиындыққа шыдамай, күйдім-пістімге түсетін олар бәрі бірден бола қоймады деп шағымданады. Өмірдің әр бас­палдағын санап өтуден шаршайды. Арманы қолсозым жерде тұрып, орындала қойғанын қалайды. 

– Әр бала өмірге келген са­йын жауапкершілік жүгі арта түсті.  Күндіз-түні еңбек етуге тура келді. Ешкімге алақан жайған жоқпыз. Несібемізге бұйырған ырзығымызды теріп жүрміз. Қазір 5 баламыз сабаққа барады. Біздің аналарымыз бала туып жүріп, егін даласында бел жазбай еңбек етті. Осылай бізді жетілдіріп, құтты орнымызға қондырды. Шүкір, қазір жағдай түзелді. Бала өмірге келген сайын мемлекет жәрдемақы тағайындайды. Осы жеңілдікті алып, мал басын көбейттім. Бұл да – балаларымның несібесі, – дейді Құралай.

Отағасы Мейрамбек болса, балаларының болашағына әлден алаңдайды. Олардың заман талабына сай жан-жақты білім алуына, кез келген саланы меңгеруге қабілеттері жетсе дейді. Бастысы, ұл-қыздарын шыншылдыққа тәрбиелейді.

Мейрамбек пен Құралайда шаңырақ көтергенде үй де, көлік те болмады. «Жоқ» деп  сағы сынбады. Олар бәріне қол ұстасып бірге жетті. Махаббатқа толы шынайы сезімнің арқасында өмір өткелдерін еңсерді. Қаншама қиын сәттерді бастан өткерсе де, мойымады. Балаларының келешегі үшін аяққа тұрды.

Татулығы жарасқан отбасы өткен жылы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Рухты отбасы» номинациясын иемденді. Жас та болса, шаңырақтың шалқыған шаттығына, ынтымағы мен бірлігіне қарап қазылар алқасы осылай шешім қабылдады.

Бүгінде Төрехановтар отбасы ауыл-аймаққа тындырымды тірлігі­мен, жарасымдылығымен сыйлы.

Сара Адайбаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<