Жойылмайтын мамандық таңда!

3342

0

Жойылмайтын мамандық таңда!Қазақ стратегиялық зерттеу институты сарапшыларының айтуынша, әр заманда кейбір мамандықтарға сұраныс тоқтайды. Есесіне жаңа мамандықтар пайда болады. Бұл – уақыт талабы және өмір заңы.
Жылдар өткен сайын тех­но­логиялар жаңарып, қон­дыр­ғылар ескіреді, құрал-жаб­дықтар металл үйіндісіне айналады. Соған орай мамандықтар да ескіріп, мүлде жойылады. Бұл – технологиялық циклдар алмасуында орын алатын табиғи процесс. Мәселен, баяғы көшірлерді таксистер ал­мастырса, почтальондарды пошта сервисі  ауыстыруда. Бұ­рынғы циклдардың алмасу ұзақтығы ондаған жылдарға, тіптен ғасырға жуық кезеңге созылса, қазіргі алмасудың ұзақтығы 10-15 жылдан аспау­да. Әрине, мамандықтың «қар­таюы» бір сәтте жүзеге аса қал­майды. «Зейнеткерлікке үміт­кер» мамандық туралы зей­неткерлікке кеткен кезінде емес, одан бұрын хабардар болған артық. Сондықтан да мамандық таңдағанда жақын арада жойылатын мамандықты игеруге құлшыныс жасаудың қажеті жоқ секілді.  Әрбір адам заман ағымын түсініп, уақыт талабына сай өзін бейімдеуі тиіс.
Қазіргідей технология күн санап қарыштап дамып бара жатқан заманда бүгін бар мамандықтың күні ертең мүлдем қажетсіз болып қалуы оп-оңай. Ал, енді болашақта қа­жетсіз болып қалатын ма­мандықтарға келсек, аталған институт сарапшыларының пайымынша, қағаз-баспа өндірісі, архив-кітапхана және пош­та байланысы саласы түгел дер­лік жоғалмақшы. Егер зер сала қарайтын болсақ, қазірдің өзінде  интернеттің дамуына және электронды қызметтер ауқымының кеңеюіне байланысты қағаз-баспа өндірісіне деген сұраныстың күрт азай­ғаны байқалуда. Электронды кітаптар, электронды жур­­налдар шықты, қағаз га­зет-жур­налдардың орнын ақы­рындап порталдар мен сайттар басуда. Ақпарат ағымының күн санап өсуіне байланысты қағаз нұсқадағы құжаттарды сақ­тайтын архивтерге деген сұра­ныс та кеміп барады.
«Өлмейтін мамандықтар» деп қай мамандықтарды айтуға болады? Қазіргі таңда мамандар мына үш мамандықты «өл­мейтін» мамандыққа жат­қызып, соларды меңгеруге ке­ңес беруде. Бірінші – маркетинг. Қазақстанда кенжелеп тұр­ған сала. Елімізде жақсы өнімдер көп. Оны сатудың дұрыс жолын білу үшін осы саланы дамыту керек. Екінші – ақпараттық технология. Біздің бүкіл тұрмысымыз, күнделікті іс-әрекетіміз ІТ саласымен ті­келей байланысты. Үшіншісі – басқару. Қазір ақпарат та, сұ­раныс та, жүйе де көп. Оның бәрін бір орталықтандыру керек. Үшеуінің даму қарқыны өте жоғары. Сондықтан үнемі сұранысқа ие. Бірақ жұрттың бәрі осы аталған мамандықтарға ғана бет бұрмайтыны белгілі.
Жалпы өлмейтін мамандық­тар жетіп-артылады. Ол әсіресе асыраушы салада молынан кездеседі. Ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс ешқашан кемімек емес. Өйткені, адамзаттың тыныс-тіршілігінде азық-түлік аса маңызға ие емес пе? Бүгін осы салаға қатысты жүздеген мамандық ішінен біреуіне ғана тоқталып кеткенді жөн көрдік. Ол – ветеринар мамандығы. Кешегі кеңестік кезеңде ветеринария қызметіне аса көп көңіл бөлінгенін жақсы білеміз. Мал дәрігерлері кеңшар мен ұжымшардың ең беделді қызметкерлері саналды. Мал басын аман сақтау мен көбейтуде, таза, сапалы мал өнімдерін молайтуда мал дәрігерлері шешуші рөл атқаратын.
Ал қазір оған сәннен қалған мамандық ретінде қарайтынымыз жасырын емес. Бұл өте қате ұғым. Бүгінгі таңда ветеринарларға әлі де дұрыс мән берілмеуде. Алайда, бұл уақытша ғана құ­былыс деп ойлаймыз. Бұл ма­мандыққа аса қатты көңіл бө­лінетін кез де алыс емес. Уақыт, заман талабы осыған алып келетіні сөзсіз. Кеңестік гельминтология ғылымының не­гізін салушылардың бірі академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген сөзі маңызын ешқашан жоймақ емес. Өйткені, адам ауру­ларының 70-80%-і мал және одан алынған өнімдерден беріледі. Сондықтан да оның алдын алатын мамандарға деген сұраныс арта бермек.
Төмендегі мәліметтерге көз сала кетелік, еліміздегі жоғары оқу орындарының 12-сі ветеринар-маман даяр­лайды екен. Жыл сайын мемлекет 630-640-қа жуық грант бөлуде. Алайда, ауыл-аймақтарда ветеринар жетіспейді. Оның басты себебі грантты жеңіп алушылардың 80%-ке жуығы  қыз балалар. Олар ауылға барып, мал дәрігері және малға қа­райтын маман болып істегісі келмейді.  Мемлекет бұл өзекті мәселенің шешімін табады деп сенеміз.
Біле білсек, малдәрігерлікті тәмамдағандарға қалалық жерде де жұмыс жетерлік екен. Олар ветеринарлық дәріханада, зертханада, емханада, кеденде, аң өсіретін фермада, хайуанаттар бағында және азық-түлік базарларында жұмыс істей алады. Қазір қалада үй жануарларын – ит, мысық, қоян, кептер, тотықұс және т.б түрлерін асырайтындар аз емес. Олар ауырып қалса, кетеринарлық клиника мен ветеринарлық дәріхана қызметі керек болатыны анық. Қазақстан – өркениетті елдер қатарынан табылуды мақсат тұтып, сол бағытта жұмыс жүр­гізіп келеді. Олай болса, дамыған мемлекеттердегідей үй жануарларының есебін алып, олардың уақытылы екпеден өтіп отыруын қадағалайтын ке­зеңге де жетерміз. Ауыл ша­руашылығында мал өнімдеріне деген талап күшейе бермек. Сол кезде ветеринария қызметінің маңызы арта түседі. Сондықтан да мамандық таңдаған жас­тар ветеринар өлмейтін ма­мандық екенін біліп жүргені абзал.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<