Көршілес қырғыз бен өзбек елінен жылына мыңдаған адам Ресей мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне нан табу мақсатымен келеді. Олар еңбекақыларын өз еліне аударады. Нәтижесінде салықтан Қырғызстан 2,5-3 млрд, Өзбекстан 6-7 млрд АҚШ долларын бюджетке түсіріп келді. Бірақ, биыл пандемияның салдарынан шекара жабылды. Ресей мен біздің елде құрылысшылар тапшы болса, көрші екі мемлекеттің экономикасы әлсіреді. Мәселенің жай-жапсарына қанығу үшін өңірдегі құрылысшылармен сөйлесіп көрдік.
Наржігіт Маратұлы Қызылордадағы құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейді. Облысты былай қойғанда, республика аумағында талай нысанның құрылысына қатысқан. Оның айтуынша, гастарбайтерлердің келмеуі алып құрылысқа салқынын тигізе қоймапты. Тек кірпіш зауыттарға қиындық тудырған.
– Қазір өзіміздің қандастарымыз да құрылыстың қыр-сырын меңгерген, – дейді ол. – Әсіресе, үлкен нысандарда, еурожөндеу жүргізуде мен танитын жігіттердің наны жүріп тұр. Өнер ғой бұл. Қазақ баласын өнерден ада деп кім айтыпты?! Гастарбайтерлердің келмеуі керісінше, жақсы болған сияқты.
Аймақта аты танымал «Асар» холдингі қазір көпқабатты тұрғын үй құрылысымен айналысуда. Холдинг иесі Қожахмет Баймаханов маман тапшылығы мәселесін көтеріп жүргеніне көп болды. Оның айтуынша, ресейлік компаниялар да тығырықтан шығар жол іздеп, мемлекетке шекараны ашу мәселесін қарауды өтініп келеді.
– Бізде баланы жұмысшы мамандыққа мектептен баулу керек. Тоғызыншы сыныпты тәмамдағанда, оны өңірдегі колледждерге жұмысшы мамандығына жіберу қажет. Бәрін емес, бейімдері болады ғой ішінде. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе, сол колледжде оқитын кран жүргізушісі техниканы тек теория жүзінде ұғынып жатыр. Кранның қасына барса, басын қасып тосылып қалады. Біз өзімізге өзіміз істеп жүрміз. Сол кран айдауды теориядан көрген баланы маған әкеліп: «Сізде бірнеше кран бар екен. Мына балаларды әкеліп тұрмын. Бұларға үйрету керек еді» десе, мен қуана-қуана қарсы аламын. Үкімет оларға 27 мың теңге стипендия төлесе, мен үстіне 50-60 мың айлық берер едім. Одан бөлек, кірпіш қалаушыны әкеліп, сіздегі құрылыс басында үйренсін десе де, мен солай істер едім. Ертеңгі күні одан шебер тас қалаушы шықса, маған керек маман ғой. Тым құрыса, көмекші бола алатындар шығады. Алты ай бұрын есепшім қайтыс болған. Қазір сол орынның бос тұрғанына алты ай болды. Жұмысшы мамандығын айтпай-ақ қойғанның өзінде, осы таза жұмысқа адам таппай отырмын. Сонда біздегі оқу орындарын бітіргендер қайда? – дейді Қ.Баймаханов.
Расымен, соңғы кездері жұмыс жоқ деп, дипломын сандықтың түбінде сары майдай сақтап қоятындарды да жиі кездестіресің. Әсіресе, көлікте отырып кісі тасымалдап такси болатындардың қатарында жұмыссыз мамандардың қатары қалың. Солардың бірі – Асылбек Бектай.
– Жасым отызға да толған жоқ. Жұмыс берушілердің ұсынатын жалақысы мардымсыз. Амалсыз несиеге көлік алдым да, такси болып жүрмін. Табысым жақсы. Бір мекемеде байланып жұмыс істегеннен осы дұрыс сияқты. Өз билігім өзімде, – дейді ол.
Қазақстанда 3 861 000 көлік тіркелген. Бұл – елдегі әр үйде бір көліктен бар деген сөз. Қазір таксидің де табысы мол деп айта алмаймыз. Бірақ төрт жыл табан ет, маңдай термен оқыған мамандығыңның маманы болмасаң, ол да қиын. Бәлкім, саланың қиындығына кей кісілердің жүрегі дауаламайтын шығар?! Кім білсін?!
– Қазақ десек, өзімізге тиеді?! Бір кездері көші-қонмен «бірлесіп», әр өзбек үшін 5 мың теңге төлеп, жергілікті компаниялар заңсыз әрі арзан жұмыс күшін қолданды. Өзіміздің мамандарды шетке ысырып тастады. Құрылыста гастарбайтерлердің маңызын осылай өзіміз арттырып алдық. Енді келіп, тежеліп қалған құрылыста олардың орнын толтыра алмай отырмыз. Таяқтың екі ұшы бар дейді ғой. Бұрындары осында келіп жұмыс істеп жүрген Рома есімді өзбек азаматына бар білгенімді үйреттім. Газэлектрмен дәнекерлеуге де баулыдым. Үйдің қасбетін істеуді көрсеттім. Қағып алды. Маған 2-3 айда бір мәрте хабарласып тұрады. Алғысын жаудырады. «Болат аға сол кезде маған үйреткендеріңіз қазір кәдеге асып жатыр. Елден шығармай қойса да, табысқа кенеліп жатырмын. Рақмет сізге» дейді. Маған ол мақтаныш емес, қазақтың қарадомалағы осыны үйреніп алса, сол жақсы. Үйретемін деп, талай қандасымызды баулыдым. Бірақ, үйренуге ынтасы жоқ. Темірді жонып келтіру үшін Қызылордадан токарь таппадым. Мен апарған затты олай істей алмаймыз дейді. Ал токарь болу үшін логика мықты болу керек. Біздің балалар бас қатырғысы келмей ме, жоқ әлде логикасы дамымаған ба, білмедім. Ал бос жүрген 2 мың заңгері бар өңірден біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына мықты заңгер таппай жүргенімізді біреу білсе, біреу білмейді, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
Рас, маман тапшылығын жоюды біз мектеп партасынан бастауымыз керек тәрізді. Өйткені, бұрынғы еңбек сабағында ағаш жонып, темір түзейтін балалар қазіргі еңбек сабағында ұлттық тестілеуге дайындалады. Ер балалар екі сабақты 5-ке оқиды. Ол – дене тәрбиесі мен еңбек сабағы. Міне, бұрынғылардың еңбекке баулуын бүгінгілер жарамсыз санап, оның есесіне сабақ оқысын деп жатады. Есейіп қалған оқушысы бар әр үй мұнымен жақсы таныс. Өзіміздің де басымыздан өткен. Бүгінгі балға ұстап, шеге қаға алмайтын жасты осылай шығарып жатырмыз. Бұл – қоғамның дерті.
Қош, тақырыпқа ойысайық. Осы жазда үйіне жөндеу жүргізетіндер ұста іздеп безек қағып кетті. Табылғанының өзінің қалтасында ұзынсонар тізім бар. Сол тізімге 32-інші болып енгенім бар. Мәселен, Жандос Бимұрат есімді сылақшы ұста осы жазда топ болып жұмыс істеп, әрқайсысы орта есеппен 2 млн теңгеден артық ақша тапқанын айтады.
– Бұл тақырып биыл қоғамның қызу талқысына ұшырады. Өзім де көзіқарақты азаматпын. Мамандығым – мұғалім. Қолымның ебі болған соң ұсталыққа шығып кеттім. Бір жағынан мектепте орын жоқ. Орын болғанмен, жұмысқа тұрудың машақаты көп. Қазір табысым жаман емес. Жаз бойы бір жылдық табысымды табамын да, қара күзден бастап отбасымның ортасында боламын. Биыл менің жалғыз өзім ғана 4 млн теңгенің үстінде қаражат жинадым. Кезек көп болды. Жұмысқа көп күн араласпай, тиіп-қашқандардың өзі 2 млн теңгеден аз таппады. Менің ойымша, біз, қазақтар, өз-өзімізге сенуіміз керек. Ал «анау ішіп кетеді, мынау қашып кетеді» деп жүре берсек, гастарбайтерлердің соңынан ергеніміз ерген. Өзгенің қолына ұстатқан 5 теңгенің, сол елдің экономикасына түсетінін ойлауымыз керек, – дейді Ж.Бимұрат.
Десек те, қазір уақыты мен қолында аспабы бар жанның көбі үйін өзі жөндейді. Әкеміз «Балам, өз баспанаңа маңдай терің сіңсін» дейтін. Сол сияқты бүгінгілер білмегенін әлемжеліден қарай салады немесе бір рет ұстаны шақыртып, содан көріп алады. Әрі қарай өзі жалғастырып кете барады. Құралы бардың қолында мүмкіндік көп. Ағашты кесесіз бе, бетіне ою саласыз ба, оны оюлап қиясыз ба, әлде темірді иіп, бұрап келтіресіз бе, мұның бәрін құрал жасайды. Адамның күші жай ғана сеп. Содан болар, дайын сайманды сатып алып, өзінің үйін өзі жөндеп жатқан талайды көрдік. Қоғам дамыды. «Көршілер есіктен қарамай қойды» деп, Қызылорданың құрылысы тоқтап қалған жоқ.
Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<