Жұрт көңілінен шыққан жоба

1118

0

Бүгінде елімізде сәтті жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу.

Жоба шеңберінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мем­лекеттік қызметтерге қол­жетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, ауыл тұр­ғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бірқатар міндеттер шешіледі. Жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылса, өткен жылы оның 30 млрд теңге игерілді. Оның ішінде 1,7 млрд теңгесіне біздің облыстан 2 елді мекен бойынша 31 жоба іске асырылғанын айта кету керек. Республикадан бөлінген қаржыға облыстық бюджеттен қосымша 200 млн теңге қосылып, барлығы 1,9 млрд теңге игерілген.

– Ауыл тұрғындары бек риза. Мемлекет қыруар қаржы бөліп, халықты мазалап жүрген түйткілді мәселелер шешімін тауып жатыр, – деді Қазалы ауданы Майдакөл ауылдық округінің әкімі Қонысбек Құрманбаев Бекарыстан ауылында жүргі­зіліп жатқан жұмыстарға қатысты әңгіме­лескенде.

Иә, ол рас. Облыста биыл 8 ауылдық елді мекенде 52 жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – Бекарыстан ауылы. Мұнда жоба аясында №24 мектептің шатыры жаңартылса, қазіргі күндері жеті көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнан бөлек, үй-үйге ауызсу желісі кіргізіліп, сегіз көше жарықтандырылуда.  Бұл жұмыстарды аудандағы жер­гілікті мердігерлер – «Н Строй-сервис», «Намыс құрылыс», «Нұрас и К», «Сыр маржаны»  және «Қазалы жолшы»  жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­­тіктері атқаруда. Атап өтер­лік жайт, осы жұмыстарға отыз бекарыстандық азамат тартылған. Аталған жұмыс­тардың жалпы құны 930,4 млн теңге. Қысқасы, бір ауылдық елді мекенге 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, тұрғындар ауылға деген қамқорлықты анық сезінуде.

Біздің өңірде биыл бұл жобаны жүзеге асыруға 5 млрд 126 млн теңге бағытталып отыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінгені 4 млрд 636 млн теңге болса, қалған 490 млн теңге облыстық бюджет қаржысы.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқар­масының бөлім басшысы Мәріп Акбар аталған қаржының қайда жұмсалатынын айтып берді.  Облыс бойынша 8 елді мекенде 52 жоба жүзеге асы­рылады  Олар ауыз сумен қам­та­масыз ету – 2 жоба (Бекарыстан би, Жаңақорған кенті). Мектеп құрылысы – 2 жоба (Жақсықылыш, Жалағаш кенті балалар әуез мектебі). Мектепке күрделі жөндеу – 4 жоба (Бекарыстан би, Ақмая, Маханбетов, Шалқия). Денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы (ФОК) – 1 жоба (Жақсықылыш). Ауылдық клуб – 1 жоба (Шалқия). Көшені жарықтандыру – 10 жоба (Бекарыстан би – 8, Ақжарма – 1, Ақмая – 1).

Елді мекен ішіндегі көше­лерді орташа жөндеу – 32 жоба, жалпы ұзындығы 66,4 ша­қырым. Бұл елді мекендер бойынша облыстағы ауыл халқының 15,3%, яғни  68 мың адам қамтылады.

Сонымен қатар, биыл мемлекеттік сатып алу нәтижесі бойынша республикалық бюд­жет­тен бөлінген қаржыдан 460 млн теңге үнемделіп, жалпы ұзын­дығы 19,8 шақырым құрайтын ауыл ішіндегі жол­дарды орташа жөндеуге ар­налған 10 жаңа жобаға қайта бағытталды (Жаңақорған кенті, Жақсықылыш, Бекарыстан би, Ақсуат).

Мемлекет басшысының Жол­дауында әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешу, сондай-ақ ауыл­дағы халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жөнінде нақ­ты тапсырмалар бергені белгілі. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шең­берінде атқарылып жатқан шаралар ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін берумен қатар, ауыл тұрғындарының өмірін барынша қолайлы және жайлы етіп, жалпы өңір эко­номикасына оң әсерін тигізетін болады.

Сонымен аталған жобаны іс­ке асырудың басым міндеттері­нің бірі перспективалы ауыл­дық елді мекендердің әлеу­меттік және инженерлік инфра­құрылымының жай-күйін жақ­сарту және 2026 жылға дейін облыста 53 тірек және 50 спутниктік елді мекендерді қамту жоспарланған.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<