Жылқаман батыр

1005

0

Жылқаман батыр Жылқаман батырды сөз еткенде, алдымен, оның тұстасы әрі жасақ басшысы болған  Сар­тай батыр және 1937 жылы «халық жауы» ретінде аты­лып кеткен Нұрмағамбет Қос­жанұлының «Сартай батыр» дастаны еске түседі.

Ақын әрі жырау Нұрмағамбеттің атал­ған дастанында Жылқаман батыр ерекше жырланады. Жыл­қаман батырдың есімі және оның ерліктері Өмірзақ Жолым­бетовтің зерттеу мақалаларында, Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» тарихи романында, Әбді­сат­тар Оспановтың «Жанқожа батыр» кітабында жеткілікті мәлім­делген. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын өткен ата-бабала­рымыз­дың азаттық жо­лындағы күресі туралы жазылған қазақ­тың төл архиві болмады деп айта алмаймыз. Біздің архивіміз – ақын-жырауларымыз жырлап кеткен дастандар мен жырлар. Сонау заманнан ұрпақтан ұрпақ­қа ауызекі тілде жеткен бұл мұра­ларымызды біздің ұлттық кодымыз деп бағалай аламыз. Егер ауызша жеткен деректеріміз, шежірелеріміз болмаса, біз бер жағы жеті ата, ар жағы 30-35 атаға дейін баратын ұрпақтар жалғастығын қайдан білер едік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде: «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зер­де­леуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, хал­қымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіз­деріне тікелей қатысты» деген болатын. Кешегі кеңес кезеңінде қазақ халқының бостандығы жолындағы ерліктерін дәріптемек түгілі, атын атауға тыйым салып, тіпті жырға қосқан Нұрмағамбет Қосжанұлын және басқа көзі қарақты ақын-жырауларымызды атып, асқаны құпия емес. Сондықтан Жылқаман батыр секілді тарих қойнауында есімі мен ерліктері көмулі жатқан бабалар рухын жаңғыртып, болашақ ұрпақ үшін негіздеп жатсақ, бір парызымыздың орындалғаны деп білеміз. Жыл­қаман батырдың ұр­пағы, құрылыс саласының мама­ны, бүгін­де жет­пістің бесеуіне келіп қалған зей­неткер, «Жылқаман» ЖШС ұжы­мы­ның басшысы Нұраш Ідіріс­ұлы кейінгі ұрпақтар атқарып жатқан игілікті істер туралы былай дейді:

– Жылқаман батыр бабамыздың ерлік істері мен мергендігі туралы ауыл қарияларынан есті­ге­німізді бала кезімізден құла­ғы­мызға сіңіріп өстік. Бабамыз Арал ауданының Ақбасты елді мекенінде дүниеге келген. Ал бір уыс топырақ Қарақалпақстанның Нұрата өңірінен бұйырыпты. 2004 жылы Қарақалпақ жерінен батыр жатқан зираттан топырақ әкеліп, өзінің туып-өскен жеріне белгі қойып, Жылқаман батырды еске алып, насихаттау мақсатында Арал ауданының Ақбасты елді мекенінде Құран бағыштап, ас бердік. Сол жерде жан-жақтан жиналған Жыл­қа­ман батырдың ұрпақтары ал­дағы уақытта атқарылар істерді жоспарлап, уағдаластық. Со­ның нәтижесінде 2006 жылы рес­пуб­ликалық газет-журналдарда Жыл­қаман батыр туралы мақалалар жарық көрді және Ақтөбе облысы Шалқар қаласында батыр бабаның есіміне көше берілді. Сол жылы Жылқаман ұжымының қолдауымен «Жылқаман батыр» атты кітап мың дана болып шығып, халыққа таратылды. Құрастырушы – осы елдің азаматы Аманжол Сақыпұлы. Жылқаман баба ұрпақтары, қазірде құрметті зейнеткер Шалқар қала­лық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Аманкелді Інжілісұлы, зейнеткер Мүфтулла Тойбазарұлы, көріпкел жеңгеміз Күләй және өмірден озып кеткен ініміз Бекболат Мағ­мия­ұлы осы игі істе белсене атса­лысты. Болашақта да кейінгі ұр­пақ бабаны ұлықтау шараларын жүр­гізе береді деп ойлаймын.
Соны­мен, Жылқаман батыр туралы көнекөз қариялардан естігеніміз бен замандас­тарымыздың жазбаларына сүйене отырып, білгенімізді ортаға салайық.

«Әке – балаға сыншы» деген, бала Жылқаманнан әкесі Отын­шының күткені көп болса керек. Өйткені әкесі «Ер қаруы – бес қаруды» сайлар алдында ұлына деп алдымен Ресейден мылтық сатып алуы тегін емес. Отыншы бір үйір жылқысын дүмбісі ала шұбар бердеңкеге айырбастаған кезде, ауылдастары: «Оны не істейді, қайран, бір үйір жылқы» деп күліпті. Сонда Отыншы: «Ел басына күн туғанда қорғайтын осы «ақшұбар» болады» деген екен.

Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» жырына және ел аузындағы әңгімелерге жүгінсек, Жылқаман батыр 13 жасында әйгілі «Мың бала» жасағының құрамында болып, жасақтың хас батырларының біріне айналған. Арал теңізі, Мұғал­жар тауы, Жем өзені бойынан құрылған «Мың бала» жасағын басқарған әйгілі Сартай батырдың өзі сол кезде 16 жаста көрінеді. Міне, 13-17 жас аралығындағы өрімдей жас батырлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында үш жүздің басы қосылған, Әбілқайыр хан қолбасшылық еткен хас батырлардың қатарына алынады. Сайрам, Шу, Сарысу, Балқаш көлі, Бұланты, Білеуті өзендері маңындағы қазақтың тағ­дыры шешілетін қан майданға атойлап кіреді. Сол жан алысып, жан беріскен ұлы шайқастарда мың баланың бес жүздейі мерт болады. Опат болған 500 жасөспірім туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының әйгілі дастанында мынадай жолдар бар:

Өрімтал елі үшін жанын қиған,

Жаратқан өздеріңе берсін иман,

Халықтың бақыты тек

                                    ғиззаттықта,

Байлықтың пайдасы жоқ

жаудан жиған.

Баян еттім қазақтың бір тарихын,

Білгенім сыртқа сыймай,

                                       ішке сыйған.

Дұға ет, оқи қалсаң бұл дастанды,

Өмірге келген, кеткен мен

бір мейман.

Бұланты мен Аңырақайда болған шешуші шайқастарда Жыл­қаманның аты батырлығымен, мергендігімен шарықтап кетеді. Жылқаман майданға ақшұбарымен қатысады. Ақшұбардың оғын ұртына толтырып алады да, атқан сайын оқтап отырады екен. Мылтығын атқан сайын түтіні түтініне қосылады екен. Жылқаманның өзге батырлардан бір ерекшелігі сол, ол – майданға мылтықпен кіруі.

Жылқаманның сұр мергендігі туралы алдында атап өткен кітап­тарда, дастанда және кейін бірнеше зерттеуші жазған мақа­лаларда нақты айтылады. Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романында Жылқаманның мергендігі бы­лайша суреттеледі: «Үш күнге созылған Құрым бидің асында ат бәйгесі, жорға сүресі өтті. Осы аста Жылқаманның мергендігі төрткүл дүниеге тарап еді. Алтын жамбы атуға ақшұбармен шыққан Жылқаман күн көзінде қылтылдап тұрған бес бірдей күміс тиынды қолымен сыпырғандай бірінен соң бірін атып түсірді. Жас баланың өнері жиналып тұрған алты Әлімді таң-тамаша қалдырды. Байжан би Жылқаманды бауырына басты. Әйтеке би батасын берді. Сол жылғы елдің әңгімесі Отыншының Жылқаман атты баласының құра­лайды көзге атқан мергендігі жайлы еді».

Он үшінде атқа қонған Жыл­қаманның кейінгі өмірі де қазақ елінің азаттығы жолындағы кү­реске толы болды. Ол Қоқан-Хиуа хандықтарынан елді қорғады. Ад­ай-беріш жігіттерімен тізе қосып, түрікпендерді жерімізге кір­гіз­беді. Өңіріміздің батысын баш­­­құрттардан, қалмақтардан қор­­­ғау соғыстарына қатысады. Ре­сей­­­дің отарлау саясатына қарсы шыққан Батыр сұлтан, Сырым Датұлы, Құлбатыр, Сартай, Жан­қожа, То­лыбай, Көтібар, Есет, Бекет батыр­лармен майдандас болады.

Бала Жылқаманның, батыр Жылқаманның мергендігі туралы ел аузында және мынадай әңгіме бар. Бұланты шайқасының алдында үш жүздің би-бағландары бас қосып, Әбілқайырды қолбасшы етіп сайлайды ғой. Содан кейін Електен бері қол жинау, соғыс өнеріне машықтандыру Тама Есет Көкіұлына тапсырылады. Қайрақ, Байрақ, Тайлақ батырлар әлімдердің арасына хабар шалып, қол жинайды. «Мың бала» жасағының жас перілері Сартай мен Жылқайдарлар небәрі 15-16 жаста екен. Ал Жылқаман тіпті жас, он үште ғана. Біреулер соны меңзеп, балаға обал болмай ма дегенді айтыпты. Мұны естіген Жылқаман ақшұбарын қолына алып, ұртындағы оғын торғайларға қарай бірінен соң бірін жөнелтеді. Мылтықтың түтініне түтінін қосады. Бір мезетте барып тоқтап, торғайларды тексеруге адамдарды жібереді. Барып қараса, торғайлар тек тұмсық ұшынан жараланыпты.
Ал «Сартай батыр» дастанында бұл жағдай былай сипатталады. Қырғауыл Қожа «Мың бала» тобын жассынып, Әбілқайыр жаса­ғына қостырғысы келмейді. Жылқаманды баласынып сөйлейді. Бұған намыс­танған Жылқаманды жырау қалай суреттегенін оқиық:

Ашуланып Жылқаман

Қалт, қалт етті, қалт етті,

«Қайтпаймын» деген дауысы

Ақ сұңқардай саңқ етті.

Жалт еткенде ақшұбар,

Мылтықтың даусы таңқ етті,

Қап-қара түтін ішінен

Оқпанның аузы жарқ етті.

Қырғауылдың басынан

Құс телпегі жалп етті.

Мұны көріп тұрғандар

Қарқ, қарқ, қарқ етті.

Дастанда бұдан кейін Жыл­қаманның Қырғауылды жарақат­тамай, қолындағы найзасын, сосын беліндегі темірден құйған қынның бауын дәл көздеп, алдаспанын жерге түсіретіні, қолындағы қамшысынан айыратыны жырланады. Осыдан кейін оның бұл мергендігі Бұлан­ты шайқасында дараланып, Жыл­қаманның аты асқақтайды.

Он үшінде атқа қонған Жыл­қаманның кейінгі өмірі де қазақ елінің азаттығы жолындағы күрес­ке толы болды. Ол Қоқан-Хиуа хан­­дықтарынан елді қорғады. Ад­ай-беріш жігіттерімен тізе қо­сып, түрікпендерді жерімізге кіргіз­беді. Өңіріміздің батысын баш­құрт­тардан, қалмақтардан қорғау соғыстарына қатысады. Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан Батыр сұлтан, Сырым Датұлы, Құлбатыр, Сартай, Жанқожа, То­лыбай, Көтібар, Есет, Бекет ба­тыр­лармен майдандас болады.

Өмірі ат үстінде соғыста өткен Жылқаман батыр не арманың бар деп сұрағандарға: «Ақшұбарымның түтінін түтініне қосқаныммен, оғын оғына қоса алмадым» депті.

Жылқаманның туған, қайтыс болған жылдары туралы екі түрлі пікір бар. Өмірзақ Жолымбетов 1714 жылы туып, 1786 жылы қайтыс болған деген деректі алға тартады. Ал филология ғылымының кандидаты Аманжол Сақыпұлы «Жылқаман батыр» кітабында 1712 жылы туып, 1796 жылы бақилық болған дейді. Үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға алғаш тойтарыс берген 1725 жылы Жылқаман 13 жаста болса, демек, 1712 жылы туды деген дерек қисынға келеді дейді.

Тарихта Жанқожа батырға бата берген Жылқаман батырдың ата-тегі былайша тарқатылады: Кіші жүз-Әлім-Шекті (Жаманақ)-Шыңғыс-Жақайым-Көгіс-Тор­жым­бай-Көшімбет-Қарабатыр-Байшаған-Нұралы-Отыншы Жыл­қаман. Жылқаманның бес әйелі бо­лады. Олардан Есқұл, Досқұл, Тілеу­құл, Қауқай, Әлмен, Дәрмен деген алты ұл туады. Ал олардан тараған ұрпақтар тек Арал, Шалқар маңында ғана емес, Алматы, Астана қалаларында, еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр.
Қазіргі таңда, болашағымыз – ұрпақ­тарымыз бабамызды қадір тұтып, ұмытпай, батыр бабаның ұрпақтары екендігін еске салатындай Ақбасты елді мекенін Жылқаман батырдың есімімен аталуын сұраймыз.

Жанғабыл Қабақбаев,
Қазақстанның Құрметті 
журналисі,

Бердібай КЕМАЛ, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

“Ана тілі” газеті. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<