Жүзеге асқан жоба көп

315

0

Қазір бизнесті дамыту жолға қойылып, несиелік ресурстарға қолжетімділік айтарлықтай жеңілдетілді. Сәйкесінше, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты. Өңірде бұл көрсеткіш 11 процентті құрап отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де облыста 30 млрд теңгеден астам қаржыға 73 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» секілді мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, қолға алған ісін қарқынды жалғастырған кәсіпкерлер көп. Бұған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы  ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.


Сол жағалаудағы жаңа балабақша


Бірінші болып Сырдың сол жағалауына беттедік. Мұндағы тірлік қызу. Көпқабатты тұрғын үйлер, сән-салтанаты келіскен әсем ғимараттар бой көтерген. Құрылыспен айналысып жатқан мекеменің бірі – «Абу-Сер» ЖШС. Ибрагим Әбубәкіров басшылық ететін серіктестік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақшаның іргетасын қалапты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Цеснабанк» АҚ-нан 14 процентпен несие рәсімдеп, оның 7 процентін субсидиялауға мүмкіндік алған. Сонымен қатар аймақтық филиал кәсіпкер алған несие құнының 50 процентіне кепілдік берген көрінеді. Балабақшаның сырт келбеті ғана емес, іші де заманауи үлгіге сай сәнді болары сөзсіз. Қуантарлығы, енді дарияның арғы бетінен салынған үйлерге қоныс аударатын тұрғындар «Баламызды қай балабақшаға орналастырамыз?» деп әбігерге түспейді.

 Тісіңіз ауырса…

Келесі нысан – тіс емдеу клиникасы. Байқағанымыздай, «DENTA  – қала халқына кең көлемді медициналық қызмет түрін ұсынатын орталыққа айналған. Клиника басшысы Гүлназ Қадіровамен тілдескенімізде де, ол мұнда шұғыл көмек көрсетілетінін, терапияның, емдеудің, брекеттеудің және тісті имплантациялаудың заманауи әдістері қолданылатынын жеткізді.

– С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін тәмамдағаннан кейін мемлекеттік ауруханада тіс дәрігері қызметін атқардым. Біраз уақыттан соң қажетті тәжірибе жинап,  жеке ісімді ашуды ойлай бастадым. Әуелде стоматологияны жалға алып, шағын клиникаға 3 қызметкерді жұмысқа қабылдадым. Іс өрге басты. Осылайша, бизнесті кеңейттім. «Банк Центр Кредит» АҚ Қызылорда филиалына жүгініп, қажетті кеңес алдым. Мемлекет ұсынған тиімді мүмкіндіктерді де қалт жібермедім. Соның нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бағдарламасы аясында несие мөлшерлемесін 40 процентке төмендетуге қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер. 

Мұндағы қызмет құны да қолжетімді екен. Ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілген, жайлы интерьер  мен  келушілерге жағдай жасалған. Ең бастысы, көпшілік дән риза. Әрі тіс дертіне осы жерден дауа табарына сенімді.


Полипропилен өнімдеріне сұраныс артқан 

Ары қарай сапарымыз «Полимер-Продукт» серіктестігінде жалғасты. Оның негізгі қызметі – халық тұтынатын тауарларды әзірлеу, соның ішінде полипропиленнен жасалған қаптарды дайындау. Реті келгенде айта кетейік, бүгінде аталған зауыттың өнімдеріне сұраныс едәуір артқан. Дегенмен, компания басшылығы өндірістік шығындарды төмендетіп, шикізат шығаруға ниет білдіріпті. Шикізат сырттан алынбай, өзімізден шықса, шығын 46 процентке дейін төмендейді екен. Осыған байланысты кәсіпкер биыл «Цеснабанк» АҚ арқылы 14 процентпен 50 млн теңге көлемінде несие алған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы банк алдында 25 млн теңгеге кепілдік беріпті. Осының негізінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиенің 5 проценті субсидияланған. Қазір серіктестік импорттық тауарларды ығыстырып, отандық өнімнің қолданылу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Экономиканы өрістетіп, әлеуетті арттыруға атсалысып жүрген кәсіп иелерінің осындай еңбегін елемеске болмас. Себебі, олардың атқарған ісі ауқымды, алға қойған жоспарлары әлі де көп.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<