Әжелер салған әндер-ай…

2250

0

Бүгінде не көп – ансамбль көп, әнші көп. Сазы мен сөзі үйлеспейтін ән көп. «Әу» дегеннің бәрі  әнші. Кезінде Мұқағалидың моншақ жырына Шәмші әсем ән жазды, Розадай әншілер құйқылжыта орындады.

Бізге жеткен осындай өлмес әндер әлі де қазақ даласында қалықтап, шырқалып жүр. Арзан шоулардан шаршағанда дәстүрлі өнердің алтын тінін жалғап, кейінгі ұрпаққа ұлт музыкасының құндылығын дәріптеп, насихаттап келе жатқан ансамбльдер назар аудартады. Сырдария ауданы Аманкелді ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі ұлттық бояуы қанық дәстүрлі халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларынан құралған ерекше репертуарымен әнсүйер қауымды тәнті етіп келеді.

Әжелер ансамблі 1988 жылы аудандық қыз-келіншектер бірлестігінің жетекшісі Фатима Рахманқұлованың бас­тамасымен құрылған. Бастап­қыда ұжымда 16 өнерпазға дейін өнер көрсетті. Олар ауылдық, аудандық іс-шараларға, байқауларға қатысып, концерт қойды. Аз уақыт ішінде ән мен күйді құрметтейтін халықтың көзайы­мына айналды. Халық әндерімен қатар түрлі ұлттардың әуендерін паш етті. Кейіннен топтың құрамы өзгерді. Өнерпаздардың орнын жаңа буын толықтырды. Қазіргі таңда ансамбльде 9 адам өнер көрсетеді. Жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының төсбелгі иегері Күлзакира Аманжолова. Өнер ұжымы 2016 жылы халықтық атағын алды. Ансамбль құрамының ең жасы 54-ті еңсерген, үлкені 81-ге аяқ басты. Әншілердің дені зейнет жасында. 

– Ансамбль құрамындағы әншілердің көбі – бұрынғы мұғалім, сатушы, сауыншы, есепші, дәрігер, мәдениет саласының қызметкерлері. Бүгінде барлығы бір ұжым болып, халық әндерін насихаттап келеді. Ансамбльде Сапаркүл Есмағанбетова, Назира Календарова, Бейсенкүл Иманбердиева сынды Батыр аналар бар. Шайзада Қайырова да көпбалалы ана. Ансамбльді баянмен сүйемелдеп жүрген Пернекүл Ахметова әжелердің әр әннің иірімдері мен нақыштарына терең бойлап, әсем әуеннің күйін келтіру үшін еңбек етіп келеді. Ол биыл 73-ке толды. Әлі тың. Баянды бабына келтіре тартады. Жалпы, ансамбльдің репертуарында 30-дан астам ән жинақталған, – деді өнер ұжымының жетекшісі.  

Расында, халық арасында жүріп, өнері ел жадында сақталған ансамбльдің еңбегі зор. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздардың ісі үлгі, құрметке лайық. 

– Өнерге бала күнімнен жақын болдым. Ән салып, билегенді жақсы көретінмін. Бірақ сауда саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Әжелер ансамблі ашылады дегенді естігенде қуандым. Алғашқылардың бірі болып ұжымға қабылдандым. Осылай бала күнгі арманым кеш те болса орындалды. Ұжыммен бірге талай концерттерде өнер көрсеттік. Қазір республикалық байқауға дайындалып жатырмыз, – дейді Сапаркүл Есмағанбетова.

Бүгінде пандемияға байланысты мәдени іс-шаралар онлайн форматта өтуде. Осыған орай «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі концерттерін тікелей эфир арқылы көрсетуде.  Өнер ұжымының жанкүйер тыңдаушылары да жетерлік. Бүгін тыңдалып, ертең ұмытылып қалатын әндердей емес, шынайы сезімнен туған асқақ шығармалар  тыңдарман бойына рух беріп келеді. 

Өнер ұжымында әжелер тек ән айтып қоймайды. Сонымен қатар олар ұлттық салт-дәстүріміздің жандануына өз үлестерін қосуда.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<