Күміс көмей

2044

0

Ұмытпасам 1964 жылдың көктемі еді. Ауылға концерт келді. Тайлы-таяғымыз қалмай кешкісін клубқа жиналдық. Алақанды қайта-қайта соғып, басталуын күтіп отырдық. Шымылдық ашылды. Концерт жүргізуші шығып, сайрай жөнелді: «Сонау асқар Алатаудың баурайындағы әсем қала, республикамыздың көрікті астанасы Алматыдан арнайы келген «Қазақконцерт» ұжымының бір топ артистері сіздерге өнер көрсетеді» деп бастап, сөз аяғын өзі көркем сөзбен қайырды. Сосын барып, «Сахнада Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков» дегенде қолына домбырасын жеңіл ұстаған елуді еңсерген ақ тұйғындай кісі шыға келді.

Бұған дейін радиодан әндерін тыңдап жүрген керемет әншіні көзбен көргенде қуанып кеттім. Жүсіпбек Елебеков «Қанатталдыдан» бастап, Мәдидің «Қарқаралысын», Сегіз серінің «Гауһартасын», мұнан соң Арқа әндерінің бірнешеуін нәшіне келтіре шырқады. Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Сегізаяғын» шалқытты. Соңында біз әлі естімеген «Жас қазақ» деген әнді беріле айтты. Соғыс жылдары оқ пен оттың ортасына гастрольдік сапармен барғанда Жүсіпбек Рамазан Елебаев есімді майдангер-композитордың Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арнап шығарған бұл ән-реквиемін өз аузынан үйреніп алып, елге алып қайтқан екен. Рамазанның өзі де 1943 жылдың қараша айында қаза тапқан.

«…Қаралы хабарды Жүсіпбек қарашаның 6-сы күні опера театрындағы кезекті концертте, «Жас қазақ» әнін орындауға сахна түкпірінде өз кезегін күтіп отырған сәтте естиді. Калинин майданына бірге барған әнші Камаш Баубекова жүгіріп келіп: «Аға, Рамазаннан айрылдық» деп жылап жібергенде, Жүсекеңнің жүрегі қан қақсап, аспан айналып жерге түскендей күй кешеді.

Концерт жүргізуші қайдан білсін?

– Рамазан Елебаев! «Жас қазақ»! Өлеңін жазған Ғабиден Мұстафин, орындайтын Жүсіпбек Елебеков! Ән Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арналады, – деп хабарлайды. Әншінің көзі тұманданып сахнаға зорға шыққан. Өрт шалған орыс орманы. Жүзі жайнап Рамазан күлімсірегендей болады. Домбырасын құшырлана қысып, қандай құдірет биледі аруағын шақырып, паң көкірекпен аңыратып әнді соза берді. Ән орындалып біткенде зал дүрілдеп, сахнаны жарып жібере жаздады. Көз жасына булыққан Жүсіпбектің тап осы сәтте Рамазаннан айырылып отырған азалы халін ешкім сезген жоқ…» (Өнер зерттеуші, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың жазбасынан).

Жүсіпбек Елебековтің өмірлік серігі болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың айтуынша, алғаш рет Жүсіпбек пен Рамазан 1931 жылы кездескен. Қазақ драма театрында бірге қызмет еткен.

Біреу біліп, біреу білмес, Жүсіпбек Елебеков кім? Өмірдерегіне қысқаша тоқтала кеткен жөн болар. Ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысты, туа біткен талант Жүсіпбек Елебеков 1904 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ, қазіргі Қарқаралы ауданы «Қойтас» деген жерде дүние есігін ашқан. Алғаш рет әншілік өнерге бес жасынан баулыған ұстазы, әкесінің туған інісі Жақыпбек Балғабайұлы екен. 1914 жылы ағасымен «Қоянды» жәрмеңкесіне еріп барған 10 жасар Жүсіпбек Мәдидің алдында ән салып, батасын алыпты. Әйгілі әнші-композитор Мәди Бапиұлының қазіргі айтылып жүрген төрт әні, яғни «Қарқаралы», «Шіркін-ай», «Үшқара», «Қаракесек» Елебековтің орындауындағы нұсқалар көрінеді.

Жүсіпбек әнші 1920-1922 жылдары Семейдегі «Ес-аймақ» труппасында қызмет жасайды. Мұнан соң, көнкөріс қамымен Түрксіб теміржол құрылысы мен ет комбинатында жұмыс істеген. 1931-1935 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ драма театрында, кейін ұзақ жылдар бойы мемлекеттік филармония мен «Қазақконцерттің» әншісі болады. Өнердегі ерен еңбегі бағаланып, «Қазақстанның халық артисі» атағын иеленген, Мемлекеттік сыйлық алған. Әнші 1967 жылдан бастап жаңадан ашылған Қазақтың эстрадалық студиясында ұстаздық етті. Өзінің ізін басып, «Қазақстанның халық артисі» атағын иемденген Мәдениет Ешекеев пен Қайрат Байбосыновты, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Жәнібек Кәрменовті, Мұратбек Жүнісбековті, Ғалым Мұхамединді, тағы басқа шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Жүсіпбек шәкірттеріне: «Менен әннің сүйегін алыңдар, жаныңнан алып жан қосатын, қаныңнан алып, қан қосатын өздерің» дейді екен. Шәкірттері мұны ұққан. Олар әндерін ерекше, бөлек құбылта шырқаған. Бірде Жүсекең қасына Жәнібекті ертіп ауру меңдеп жатқан Манарбек Ержановтың көңілін сұрауға барады. Сонда әйгілі Манарбек әнші: «Жәнібек Кәрменовтей шәкіртің бар, Жүсіпбек сен бақыттысың, менің артымда шәкірт қалмай бара жатыр» деп қамыққан екен. Расында орындаушылық шеберліктері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын Елебеков шәкірттері Арқаның әлеуетті, әуезді әндерімен тыңдаушыларын сүйсіндірді және сүйсіндіріп келеді.

Шәкірттерінің бірі Ғалым Мұхамедин ұстазын былайша еске алады: «Мен Жүсекеңнің студиясына 1970 жылы келдім. Ол кезде оқу орнында Жүсекеңмен бірге Ғарифолла Құрманғалиев та дәріс береді екен. Екеуі қатар жүреді. Біреуі Арқа мектебінің жүйрігі болса, екіншісі Батыс мектебінің дүлдүлі. Елебековтің класында 8 бала оқыдық. Ұстазымыз салмақты болып келеді. Әуелі әрқайсымыздан жағдайларымызды сұрап біледі. Сосын әңгіме бастайды. Арқаның атақты сал серілері Біржан сал, Ақан сері, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Мәди, Балуан Шолақ туралы сөз қозғайды. Сосын осы композиторлардың біріне ерекше тоқталып, үйреткелі отырған ән тарихын баяндайды. Әннің мәтінін жаздырып, әуелі шумағын одан соң қайырмасына түседі. Домбыраның қағысын бірнеше мәрте қайталап көрсетеді. Дауыс ырғағына ерекше мән береді. Жүсекең өте мейірімді ұстаз болды. Бізге көп қамқорлық жасады. Менің «Көк көбелек» деген әнді орындағанымды ұнататын. Сен осы әнді тастамай айтып жүр деуші еді. Бәрі ойымда тұр…»

Енді Қайрат Байбосыновқа келейік: «1967 жылы студияға түстім. Оқу оңай болған жоқ. Бірде екі ұстаз Жүсіпбек пен Ғарифолла оқу корпусының бірінші қабатынан екінші қабатына көтеріліп бара жатты. Мен сол екінші қабатта оқитынмын. Ойламаған жерден екі ұстаздың соңынан ілесіппін. Ғарекеңнің: «Қайрат деген баланың дауысы болмай бара жатыр, әнші шыға ма, шықпай ма білмей жүрмін» дегенін естіп, жүрегім дір ете қалды. Класқа кіргесін Жүсекең мені өзіне шақырып алды. «Бір ән орындашы қане, көрейін» деді. Мен домбырамды қағып-қағып жіберіп «Сұрасаң руымды Қаракесек, досымнан дұшпаным көп қылған өсек» деп басталатын «Қаракесек» әнін бар ынта-ықыласыммен орындап бергенімде: «Шүкір, шүкір, Аллай-Аллай, бірдеңе қонайын деген екен, тәубә-тәубә» деп көзіне жас алды. Мұны қалай ұмытуға болады. Жүсекең жан дүниесі кіршіксіз таза, кішіпейіл, парасатты жан еді…»

Иә, бүгіндері Елебековтің шәкірті Қайрат Байбосыновты білмейтін қазақ жоқ. Егер сол жолы Жүсекеңнің орнында басқа біреу болса, Қайраттың өмір жолы қалай, қай бағытқа бұрыларын кім білсін?!

Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» атты кітабында Жүсіпбек туралы былай деп жазады. «1931 жылдың жазы. Қазақтың мемлекеттік драма театрында концерт жүріп жатыр. Екінші бөлімде сахнаға отызға жетпеген жас жігіт шықты. Аяғында саптама етік, үстінде мақпал шапан, басында құндыз бөрік. Бойы ортадан жоғары, келбетті келген. Жүрісінде салдықтың ізі бар сияқты. Бірақ, ол бірінші қараған кісіге. Концерт жүргізуші «Әнші Жүсіпбек «Сұржекейді» орындап береді» деді. Мен сияқты Арқаның әндерін естімеген кісіге бұл үлкен жаңалықтың басы еді. Жүсіпбек «Сұржекейді» бастап кетті. Дауыстың төменгі регистрінде жай ғана бастап, әннің мелодиясын сағыздай созып, тіпті қай жерінде демін алып отырғанын да сездірмеді. Шумақтың үшінші жолына түскенде кульминацияға қарай бара жатқаны сезілді. Онда да мелодияның арқауы үзілмей, тек дауыс басқышының жоғарғы сатысына шығуға өрмелегенін көресің. Басында жай, қоңыр үнмен бастағанымен, енді ол музыканың екпінін тездете, қыздырып әкетті. Бұл сәтте бет әлпеті де өзгеріп, Сұржекей аттың үстінде келе жатып, сүйгені көз алдына елестеп, күлімсірегендей болды. Қайтадан қоңыр үнге келіп, әлгінде жиіленген жүрегі басылғандай кейіпке енді…».

Қазақ кәсіби музыкасының сардары, белгілі композитор, жарықтық Ақаңның бұл бір әнді суреттегендегісі ғана. Ал ол мұнан да зор Арқаның сан нақышты әрі айбынды әндерінің қаншамасын қалықтатты десеңізші?! Жалпы Арқа әндерін сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыға алғаш әкелген Жүсіпбек Елебеков көрінеді. Көзі тірісінде-ақ «көміс көмей» атанған оның репертуары аса бай еді. Сегіз серінің «Гауһартасын» алғаш шырқап, халыққа жеткізген де осы Жүсіпбек атамыз деп білеміз. Абайға шәкірт болған Әлмағанбетпен кездесіп, оның аузынан ұлы Абайдың 11 әнін тыңдап, түпнұсқада елге жеткізген. Оның орындауындағы «Қанатталдыдан» бастап, «Қарқаралы», «Көкаршын», «Жиырма бес», «Екі жирен» – шын мәніндегі классикалық туындылар. Жүз жылда бір туатын айтулы әнші, құймақұлақ болған. Көзін көргендер мен сүйікті жары Хабиба Елебекованың жазып қалдырғанындай, Жүсекең ықылас қойған әнін бір айтқанда-ақ қағып алып, орындап кете беретін болған. Домбыра қағысының өзі қандай үйлесімді, қандай мәнерлі! Әншінің бірсыпыра әндері Қазақ радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорында» сақтаулы. Бұған қуануға болады.

Қазақ өнері мен әдебиетінің 1936 жылғы Мәскеуде өткен онкүндігіне ерлі-зайыпты Жүсіпбек Елебеков пен Хабиба Елебекова де қатысады. Бұл туралы Хабиба әжеміз былайша еске алып: «Онкүндік қорытындысы бойынша 13 адам жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Соңында онкүндікке қатысқан қазақстандықтар үшін Кремльдің үлкен сарайында қонақасы берілді. Қонақасыға Сталин бастаған үкімет мүшелері келді. Жүсекеңнің орны он сегізінші, менің орным он тоғызыншы екен. Сталинді жақыннан анық көріп отырдым, ол күлімсіреп жайдары отырды», – дейді.

Елге келгесін Жүсіпбек Елебековке «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағы беріліпті. Қытай, Моңғолия, Үндістан елдерінде болып, қазақ әндерін насихаттаған. Хабиба Елебекова «Ән-аманат» кітабында жарының өмірі мен шығармашылығы, орындаушылық шеберлігі, адами болмысы, бірге кешкен ғұмыры жайлы кеңінен жазады.

Білуімізше Жүсіпбек Елебеков әндерін орындаушылардың сегіз рет республикалық конкурсы өтіпті. Осында талай таланттың өнердегі тұсауы кесілді десе болады. Іргетасы 1967 жылы қаланған студия 1995 жылдан бері Жүсіпбек Елебеков атындағы колледж деп аталады. Колледж дәстүрлі ән, эстрада және цирк өнерлерінің басын біріктіріп, іргелі білім ордасына айналған. Түлектері кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мәдениет пен өнер ошақтарында қызмет етуде.

1977 жылы Жүсіпбек Елебеков бүйрек дертімен ауруханаға түседі. Дәрігерлер ақылдаса келе бүйрекке ота жасау керек деп шешеді. Ота жасалғаннан кейін денсаулығы сәл жақсарғандай болады. Жүріп-тұруға жарап, тіпті шәкірттерінің сабағына қатысып, жұмысына барған екен. Алайда бұл күйі көпке созылмай, жағдайы қайтадан төмендей бастайды. Сондай күндердің бірінде жан жары Хабибаға соңғы тілегін айтып, туған жеріне апарып қайтуға өтініш жасаған. Қарқаралы-Егіндібұлақ-Қойтасты көріп, ауасын жұтқысы келген… «…Жүсекең жол бойы пойыз терезесінен Арқаның боз беткейлі, ұшы-қиыры жоқ кең даласына телміріп қараумен болды. Оның көз алдында бүкіл өмірі тізбектеліп өтіп жатқандай еді. Ол мынау кербез даланы, шалқыған өзен-көлдерді, тобылғылы, нұралы, ақ селеулі, боз көделі Арқаны соңғы рет көріп отырғанын жан-жүрегімен түйсінді. Іштей үнсіз бақұлдасты білем», – дейді Хабиба Елебекова.

Алматыға қайтып оралған соң көп ұзамай, тума талант, дәстүрлі әндердің, оның ішінде Арқа әндерін орындаушылардың ақтаңгері, өнердегі ұлағатты ұстаздардың бірегейі, күміс көмей әнші Жүсіпбек Елебеков дүниеден озған.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<