«Aral»: табиғат пен адамның үйлесімі

6

0

ҚР Президенті Телерадиокешенінің «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі Сыр өңірінде жалғасын тапты. Кино апталығының бірінші күні көрермен назарына «Aral» деректі фильмі ұсынылды.

Ауқымды ағартушылық жоба Теле­радиокешеннің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Телерадиокешен 30 жылдан бері Қазақстанның шежіресін үзбей жазып келеді. Ел үшін маңызды оқиғалар, мемлекеттегі өзгерістер мен реформалар, халықаралық бастамалар, еңбек адамдары, түрлі тағдырлар, халық­тың тұрмысы, қоғамның тынысы басты назарда.

– Қазақстанның 20 қаласын қамтитын «Хроникадан болашаққа» атты респуб­ликалық кинолекторий Астанадан басталды. Іс-шарамызды бұлай атауы­мыз тегін емес. Хроника – камераға тү­сіріліп, таспаға сақталатын оқиға. Деректі кино орталығы тәуелсіз Қа­зақстан жылнамасын жасауды жалғас­тыра береді. Әріптестерімізге, облыс әкімдіктері мен кино­театр­лардың бас­шылығына алғыс білдіреміз, – деді ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орта­лығының директоры Ақылбек Шалжанов.

«Арал» деректі фильмін ҚР Прези­денті Теле­радиокешенінің жеке өн­дірістік базасы – Деректі кино орталығы түсірген. Сценарийін Нұрлан Қабдай жазған, режиссері – Зухраб Отаров, Дәулет Әуелбеков.

– Фильмді түсіруге бас-аяғы он күнге жуық уақыт кетті. Түсірілім жұ­мысының далалық жерде өтетініне да­йын болдық. Кейіпкерді осы­дан үш-төрт жыл бұрын сю­жет түсірілімінде байқап қа­лып, көп ақпарат жинап, әбден зерттедік. Атамыз арқы­лы адам мен табиғаттың үйле­сімін, барлығын шынайы көрсетуге тырыстық, – деді ҚР Президенті Телерадио­ке­шенінің ре­жиссері Дәулет Әуелбеков.

Деректі туындыда жарты ға­сырдан астам ғұмырын балық аулаумен өт­кізген Күнтуған Тұр­ғанбаевтың порт­реті арқылы те­ңіздің бүгіні мен бола­шағы көрініс тапқан. Көрсетілімге ор­­талық ма­мандары мен фильмнің бас ке­­йіпкері арнайы қатысты.

– Балық шаруашылығы сала­сында жұмыс істедім. Деректі фильм түсіруге қарт балықшы керек болғандықтан өзім тұра­тын Арал ауданы Қаратерең ауы­лының әкімі үлкен теңізді көрген байырғы жергілікті тұрғын әрі қарт балықшы ретінде мені ұсын­ған екен. Кәсіби шеберлігім бол­маса да ұсы­нысты қабыл алдым. Бір аптадай тү­сірілім құ­рамының қарамағында бол­дым. Өзім балық аулаған орынды көр­дім. Теңіз өткен ғасырдың алпысын­шы жыл­­дарында қайта бастады. Бас-аяғы жиырма жыл­дың ішінде шаңы көтеріліп, та­қырға айналды. Түсірілім ба­ры­сы өзіме ұнады. Бәрі өз ісінің ше­берлері болғасын ешқандай қиындық туған жоқ, – деді Күнтуған Тұрғанбаев.

Көрсетілімнен кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ҚР Президенті Те­лерадиокешенінің ұжы­мын 30 жылдық мерейтоймен құт­тық­тап, теңіз мәселесін дөп бас­қан әсерлі туынды үшін Сыр жұрт­шылығы атынан алғыс айтты.

– Бүгін өзіміз де Кіші Аралға барып қайтқандай әсерге бөлендік. Сәтті тү­сірілген. Кәсі­би актер болмаса да Күн­туған ата­мыз Аралдың тағдырын жақ­сы баяндап берді. Бұл – бір ғана адамның емес, Аралдың тағдыры. Жар­ты сағатқа Арал­дың өткені мен бү­гінін сый­дырғаны көңілге жылылық ұя­латты. Ұлттық құрылтайдың V оты­ры­сында Мемлекет басшысы Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жа­һандық маңызын атап өтті. Арал­дың өз тарихында бірнеше рет тартылып, қайтадан толғаны ту­ралы айтылып жүр. Президент бас­тамасымен атқа­рылып жатқан ауқымды жұмыс нәтижесінде ұлы теңіздің әлі де оралатынынан үміт­тіміз, – деді Мейрамбек Шерма­ғанбет.

Деректі фильмнің мақсаты ақпа­ратты аудиторияға жеткізу ғана емес, сондай-ақ көрер­мен эмо­циясына бел­гілі бір әсер қал­дыруы маңызды. Көр­се­тілім­нен соң біз көрермен пікірін білдік.

– Түсірілім деңгейі өте жоға­ры, тақырып та жақсы ашыл­ған. Балық аулау кәсібінің ерекше­ліктері, теңіздің бұрынғы орны, кейбір дүниелердің жер­гілікті тіл­де аталуы фильмнің ма­ңызын байыта түскен. Аралға табаны тимеген әрбір адамда «теңізді бір көр­сем» деген арманды оят­қан­дай, – де­ді қала тұрғыны Нұр­лан Көбегенұлы.

Кинолекторийдің екінші күні кө­рермен үздік авторлық деректі фильм­дердің қатарындағы «Серт» және «Tra­vel Kazakhstan» туын­ды­ларын та­ма­шалады.

«Серт» фильмі кейіпкерлер оқи­ғасы арқылы 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақ­мола, Қостанай, Солтүстік Қа­зақстан және Батыс Қа­зақстан об­лыстарында болған алапат су тасқынын бүкіл ел болып қа­лай ең­сергенін баяндайды. Сон­дай-ақ апат­тан кейінгі бес ай ішінде Мем­лекет басшысының тап­сыр­масы қалай орын­далғанын көрсе­теді.

Ал екінші туынды – елі­міз­дің ту­ристік әлеуеті мен мүмкін­діктеріне ар­налған фильм. Ол «Қазақстан әлем­дік туризм кар­тасында елеулі аймақ болуға дайын ба?» деген сұраққа жа­уап береді.

ҚР Президенті Телерадио­ке­ше­ні­нің «Хроникадан бола­шақ­қа» респуб­ликалық кинолек­торийі 21 мамыр кү­ні Астана қаласында ресми түрде ашылды. Сыр өңі­рінен кейін Түркістан, Шым­кент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақ­тө­бе, Өскемен, Семей, Пав­ло­дар, Пет­ропавл, Қоста­най, Жез­қаз­ған, Қа­ра­ғанды, Көк­ше­тау, Тал­ды­қорған және Қо­наев қалала­рын­да жалғасады. Қо­рытынды көр­се­ті­лім 25 қыр­күйекте Алматы қа­ласында өте­ді.

Кинолекторий көрерменді ҚР Пре­зиденті Телерадиокешенінің ең үз­дік авторлық деректі фи­льм­дерімен та­ныстырады. Көр­се­тілімдер облыс әкім­дік­тер­інің қолдауымен өңірдегі кино­театр­ларда өтеді. Кіру тегін.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»