Қызылорда қаласындағы Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейінде соңғы қоңырау салтанаты өтті.
Шараға қатысқан қала әкімі Нұржан Ахатов ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған түлектерге алдағы мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған мамандық иесі атануларына тілектестігін білдірді. Айта кетейік, білім ошағы 2015 жылы ашылды, биыл мектеп-лицейді алғашқы 61 жас түлек осы бітіргелі отыр. Бітіруші жастарға еңбек ардагері Сайлаубай Әбіш бата берді.
Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде жарқын жобалар жүзеге асып жатыр. Өскелең ұрпақ игілігіне арнап бой көтерген әлеуметтік нысандар қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, облыс орталығында 5 жаңа «Келешек мектебі» салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ сол жағалаудағы «Оқушылар сарайы» мен заманауи білім ордасы – физика-математика бағытындағы мектеп-лицейі де өркениетке бастайтын өрелі білім ұясы. Ал «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы балаларды бейіміне қарай баулуда.
Еске сала кетсек, жақында «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы қолданысқа берілді. Бұл – жыл он екі ай үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері. Оқушылар үшін аталған лагерь тынығу орны әрі бос уақытын тиімді өткізу болады.
«СБ» ақпарат





