Қазақ халқының сан ғасырлық мәдени мұрасының ішінде құрақ құрау өнерінің орны ерекше. Түрлі-түсті матаның қиындыларынан үйлесім тауып, әсем өрнек жасау – тек тұрмыстық қажеттілік емес, халқымыздың эстетикалық талғамын, шеберлігі мен дүниетанымын танытатын асыл өнер. Бүгінде осы ұлттық құндылықты жаңғыртып, әлемге дәріптеуді мақсат еткен ірі бастамалардың бірі – «Аламан құрақ» жобасы.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Аламан құрақ» жобасы рекорд орнатып, ұлттық өнердің мәртебесін биіктетті. Ұзындығы екі шақырымнан асатын «Барқытбел» құрақ көрпесін тігуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800-ден аса қолөнер шебері қатысты. Түрлі-түсті маталардан құрастырылған алып көрпе тек көлемімен ғана емес, ұлттық нақышы мен шеберлік үйлесімі арқылы көпшілікті таңғалдырды. Облыстан барған шебер Сұлу Әбдіразаққызы өнердің сарқылмас қайнар көзіне айналған бұл қолөнер бұйымы әр шаңырақтың төрінен көрінуге тиіс деп есептейді. Бала кезден тігіншілікке қызыққан оның бүгінге дейін қолынан ине-жібі түспеген. Ақ жаулықты ана құрақ тігу оңай іс емесін айтады.
– Құрақ құрау қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды. Тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Мен бұл жобаға былтыр да қатыстым. Ол Алматыда өтті. Медеу мұз айдынында жүздеген шебердің қатысуымен үлкен көрме ұйымдастырылып, ұлттық өнердің ауқымы тағы бір мәрте дәлелденді. Түрлі өңірден келген ісмерлер бір алаңда бас қосып, қазақы ою мен құрақтың сан алуан үлгісін көпшілік назарына ұсынды. Бұл шара ұлттық қолөнердің тек тұрмыстық мұра емес, мәдени брендке айнала алатынын көрсетті, – дейді қолөнер шебері.
Бұл жетістік халықаралық деңгейде де мойындалды. «Global best of records» ұйымының Азия және Африка елдері бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергенов рекордты ресми түрде тіркеді. Осылайша қазақтың құрақ құрау өнері тағы бір мәрте әлемдік мәдени кеңістікте танылды.
«Аламан құрақ» жобасы 2023 жылы өнертанушы әрі қолөнер жанашыры Нұргүл Абайхан бастамасымен құрылған болатын. Содан бері жоба ұлттық қолөнерді жаңғыртып қана қоймай, оны халықаралық деңгейде насихаттауды мақсат етіп келеді. Астана мен Алматыдағы ауқымды шаралардан кейін Өскемендегі фестиваль жобаның жаңа белеске көтерілгенін көрсетті.
Жобаның авторы Нұргүл Абайханның айтуынша, жыл сайын құрақ көрпелердің көлемі мен саны артып, ұлттық өнердің ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы жоба халықаралық деңгейдегі ең ірі бастамалардың бірі ретінде тіркелуге ұсынылып отыр.
– «Аламанның» ерекшелігі – әр көрпенің артында өз иесі, өз тағдыры, өз тұлғасы тұрады. Шеберлердің жасы алтыдан тоқсан үшке дейін барады. Бұл – бірліктің, шеберліктің, қазақ рухының көрінісі. Елдің әр өңірінен келген аналар мен қыз-келіншектер өз еңбегін бір алаңға жинап, ұлттық мұраны әлемге танытып отыр, – дейді жоба авторы.
Сыр өңірінен қатысқан құрақшылардың жетекшісі Үржамал Жайбергенова бұл сапардың рухани маңызы ерекше болғанын айтады. Оның айтуынша, әр буын өкілінің бір алаңда тоғысуы – дәстүр жалғастығының нақты көрінісі.
– Біздің топта сексен сегіз жастағы әжеміз де, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі шеберлеріміз де бар. Барлығы отыз құрақшы Алтай төріне барып, өз өнерімізді паш еттік. Былтыр Медеуде күміс медаль алған едік, биыл алтын төсбелгіден үміттіміз, – дейді ол.
Құрақ құрау – қазақ халқының тұрмысымен бірге қалыптасқан ерекше өнер. Әжелеріміз бен аналарымыз артылған маталарды қиыстырып, көрпе-жастық, түскиіз жасап, үнемшілдік пен әсемдікті қатар ұштастырған. Әр өрнектің астарында тәрбие, тағылым, өмір философиясы жатқан. Сондықтан құрақ – жай ғана бұйым емес, ұлттың рухани коды.
Бүгінде бұл өнер заман талабына сай жаңғырып, жаңа сипат алып келеді. Шеберлер ұлттық ою мен заманауи дизайнды үйлестіріп, қазақы нақыштағы сәндік бұйымдарды көптеп жасауда. Ал «Аламан құрақ» жобасы осы өнердің тынысын кеңейтіп, жас ұрпақтың қызығушылығын арттырып отыр.
Өскеменде орнатылған рекорд – тек сандық көрсеткіш емес. Бұл – қазақ халқының бірлігі мен руханиятының, ұлттық өнерге деген құрметінің айқын көрінісі. Осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың бай мұрасы әлемге танылып, ұлттық құндылықтардың қадірі арта түспек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





