Бағзы өнерді саф қалпында сақтаған

1197

0

«Адам топырағына тартып туады» деген сөздің жаны бар. Сырдың бойында туып, сүлейлер мұрасын жастайынан жадына түйіп, бекзат өнерді жанына серік еткен Шолпан Биімбетова – атақты Нұртуған ақын жыр мектебінің шәкірті. Өмірлік мұратын өнермен ұштастырған жыршының шығармашылықтағы  еңбегі ерек, шоқтығы биік.

Арал ауданы Сексеуіл кентінде туып-өскен ол – отбасының он үшінші перзенті. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары, алайда өнерден алыс емес еді. Сондықтан шығар, өлең-жырға құштар балауса қыз сөз қадірін терең түйсініп, нақыл, термелерді құмарта тыңдайтын. Ертеден жеткен есті дүниелерді жадына түйіп, оның ішінде Сыр бойы ақын, шайырларының шығармаларына айрықша ден қоятын. Осынау құштарлығы оны жыр әлеміне жетеледі.

Алақандай ауылдан шыққан арманшыл қыз Жезқазған мәдени-ағарту колледжіне түсіп, оны бітірген соң 1994-1998 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде дәстүрлі жыр мамандығы бойынша жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолын сол кездегі Жезқазған  облысына қарасты Жезді ауданындағы «Жезді жұлдыздары» деп аталатын ансамбль құрамында бастаса, кейін туған ауылы Сексеуіл елді мекеніндегі мектепте  музыка сабағының мұғалімі болып еңбек етті.

Халық арасында «Таланттар ауылдан шығады» деген сөз бар ғой. Шындығында, ауылдың табиғаты ерекше, тұрмыс-тіршілігі дәстүрлі ұстанымға барынша жақын, тіпті адамдарының өзі ақеден, әсіресе, көкірегі күмбірлеп тұратын қазыналы  қарияларымен көңілге ыстық болатын.

– Сыр бойында Жиенбай, Нартай, Нұртуған мектебі деп бөледі. Мен сол Нұртуған мектебінің түлегімін. Арал өңіріндегі қыз-келіншектер арасында дәстүрлі жыр өнеріне алғаш жол салған, ішкі дүниеммен үндес, рухани ұстазым Набат Айдәулетова жырау болатын. Жырға енді қанат қаққан кезімде сол кісінің тәлімін алдым. Дәстүрлі өнер иелері біледі, Нұртуған ақын шығармалары – теңіздің толқынындай шалқып барып, басылатын жоғары диапазонды мақам саздар. Осы бағытта ұстаздан үйренгенім көп, – дейді кейіпкеріміз.

Иә, шындығында Сыр сүлейлері шығармаларының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, сөзінің буыны, сазының мақамы әрқалай. Сондықтан толғауы сан алуан жырды төкпелеп келіп, қайтаруында да бұлжымайтын заңдылық бар. Айталық:

«Кәнеки, тілім сөйлеші, көрсетіп көпке өнерді,

Қызыл тілім жел сөзге туғаннан-ақ шебер-ді.

Кім тыңғдайды сөзімді, болмаса әсем, мәнерлі

Басы пұлды болады, болса жігіт өнерлі.

Дүниедегі жандының бірі артық, бірі төмен-ді»

– деп төгілетін Нұртуған жырау туындысын кейіпкеріміз Шолпан Биімбетова әлемнің талай сахнасында әуелете шырқап, көрермен көңілін шалқытты. Әрине, дәстүрлі өнер жолын таңдаған соң жалпы қазақ жырының қай-қайсысы да табиғатына жат емес. Батыс пен Шығыстың, Арқа мен Жетісу аймағының ән-жырларын да нақышына келтіре орындайды. Әйтсе де туған жердің топырағымен дарыған Сыр бойы дәстүрлі өнерінің сипаты бөлек, салмағы басым.

Айтуынша, университет қабырғасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші Әскербек Еңкебаевтан дәріс алған. Жас таланттың дауыс ерекшелігін анықтаған ұстазы оны Батыс өңірінің дәстүрлі әндерін орындауға үйретеді. Оның ішінде, кең диапазонды, көмейден құйыла шалқып барып, шарықтау шегіне жететін Ғ.Құрманғалиевтің әндерін орындауға баулыды. Иә, дауысының ерекше қуаты бар Шолпанның әншілік қабілеті де басым болатын. Сол жылдарда ол республикалық, халықаралық деңгейдегі бірнеше байқаулардың жүлдесін иеленді. Әйтсе де әуел бастан жанына жақын жыршылық жолына түсті. Сыр сүлейі Нұртуған ақынның туындыларын нақышына келтіре орындайтын. Халық ә дегеннен жылы қабылдады. Абайша айтқанда, «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей тыңдаушының ыстық ілтипатын сезінген сайын тынысы ашыла түскендей болатын.

Университет қабырғасында 1990 жылы ашылған «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастырушысы әрі алғашқы меңгерушісі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры  Алмас Алматовтан және белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұловтан дәріс алып, көшелі өнердің көшіне ілесті. Жоғары білімін одан әрі жалғастырып, 2018-2020 жылдары мамандығы бағытында магистратураны бітірген Шолпан Биімбетова дәстүрлі өнерді ғылыммен ұштастырып, ұстаздық еңбек етіп келеді. Дәлірек айтсақ, Қорқыт ата атындағы университетте осы мамандық бойынша дәріс береді. Бүгінде ел ішінде талантымен танылған Күнсұлу Түрікпен, Нұртілек Ақтаев, Марат Сүгірбай, Зағипа Иманғазиева сияқты шәкірттері дәстүрлі өнердің байрағын биік көтеріп жүр. Ұстаздың айтуынша, жыршылықты алып жүретіндер өте аз. Себебі, бұл өнер ежелден табиғи дарын, тума талант арқылы қанат жайып келеді. Сондықтан көп шәкірттері педагогикалық бағытқа бейімделіп, оқытушылық мамандығын таңдап жатады.

–Қазіргі жаһандану заманында шоу-бизнестің жарнамасы «жер жарып» тұрғанда, дәстүрлі өнерге келетіндер саусақпен санарлық деуге болады. Оның ішінде көбіне ауылдан шыққан, аталы сөзді ардақ тұтатын, өлең-жырға жаны жақын, қарапайым отбасының балалары келеді. Алайда көп жағдайда олардың жоғары білім алуына мүмкіндік бола бермейді, Себебі, мемлекеттік грант бөлінісі жетпей жатады. Облыс әкімі тарапынан бөлінетін гранттың да талабы кейде сәйкес келе бермейді. Ал ақылы оқуға түсуді ауыл баласының жағдайы көтермейді. Міне, төл өнерімізді дамытуда осындай өзекті мәселелер бар. Дегенмен дәстүрлі өнер жолын таңдап келген шәкіртті кәсіби деңгейде шыңдауға бар күшімізді саламыз, жеке-жеке дайындаймыз. Бойындағы талантын ұштай отырып, халық алдына шығуға, сахна мәдениетіне қалыптасуға дайындаймыз.

Негізі, жыраулық дәстүр – синкреттік, яғни жиынтық өнер. Мысалы, жыраулықтан бөлек ақын, композитор, педагог мамандар шығуы мүмкін. Біздің міндетіміз олардың қарым-қабілетін айқындап, соған қарай бағыт-бағдар беру, – дейді кейіпкеріміз.

Дәстүрлі өнердің дүлдүлі Шолпан Биімбетова биыл 50 жасқа келді. Ал ұстаздық жолда келе жатқанына 25 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында қазақ мәдениетінің қайнар бастауы – жыраулық өнерімен әлемді аралап концерт беріп, ұлтымыздың інжу-маржанын жаһан жұртына насихаттады. Атап айтар болсақ, Ресей, Корея, Түркия елдерінде, жалпы 20-дан астам мемлекетте жеке концертін беріп, рухани құндылығымызды танытуға қызмет етті. Осындай елеулі еңбегі үшін Мәдениет саласының үздігі атанып, «Құрмет» орденін иеленді.

Мерейтой иесінен алдағы жоспары жайлы сұрағанымызда, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен күз айларында Нұртуған ақын мұрасын насихаттауға арналған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылса, сонымен қатар, жеке шығармашылық концертін беріп, көрерменді көзайым етер ойы бар екенінен хабардар болдық.

Өнер – халықтың қазынасы. Онда ұлттың рухы, қадір-қасиеті, тағдыр талайы, тағылым-өнегесі бар. Сондықтан жылдар өткен сайын осынау құндылығымыздың бағасы биіктей түсері хақ. Бұл орайда бабадан жеткен бағзы өнердің саф қалпында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуіне қызмет етіп жүрген жыршы, жыраулармыздың еңбегі ұшан-теңіз!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<