Айналдым сенен, атамекен

1502

0

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің туған күніне орай ақынның туған жері Аралда іс-шара ұйымдастырылды.

Нақтырақ айтсақ, Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігі Шөмішбай Сариев атындағы «Айналдым сенен, атамекен-ай» атты аймақтық жазба ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Оның шартына сай жыр додасына түскен ақындардың Шөмішбайға арнаған және еркін тақырыптағы екі өлеңі бірлестік жанынан шығатын аймақтық «Арал әлемі» газетінде ай сайын жарияланып тұрды. Мүшәйраға аралдықтармен бірге Астана, Тараз, Ақтөбе қалаларынан да ақындар қатысты.

Аудандық Мәдениет үйінде аймақтық жазба ақындар мүшәйрайсының қорытынды шарасы өтті, 9 ақын марапат мінберіне көтеріліп, арнау өлеңдерін оқыды. Қазылар алқасының шешімімен бас бәйгені Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жеткерген Әбдірейұлы (Тараз), І орынды Аида Мырзабекова (Арал), ІІ орынды Айгүл Күзенбаева (Арал), ІІІ орынды Оңталап Жолдасов (Арал) және Мөлдір Әбірауышова (Арал) иеленді. Ал аталымдар бойынша «Парасатты поэзия» Шолпан Балманова (Астана), «Өр рух» Майданбай Байжанов (Тараз), «Шалқар шабыт» Өтебай Серәлі (Ақтөбе) «Жыр жауқазыны» Рыскүл Сариева (Арал) жеңіске жетті.

Аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов мүшәйра жеңімпаздарын құттықтап, оларға арнаулы дипломдар мен сыйлықтар және ақын Ш.Сариевтің альбом-кітабын табыс етті.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, күйші Мұрат Сыдықов, мәдениет саласының ардагері Базар Қостаева естелік айтты.

Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Қайдасың сен», «Домбыра туралы баллада», «Сағындың ба?», тағы басқа әндер шырқалып, көрермен көңілін шаттыққа бөледі. Аудандық архив пен орталықтандырылған кітапхана ұжымы ақынның шығармашылығынан «Сәлем саған, туған ел!» атты көрме ұйымдастырды.

Аймақтық мүшәйраның жоғары деңгейінде өтуіне ақынның жары Жұмагүл Сариева отбасы атынан қаржылай демеушілік жасап, кітаптарды сыйға тартты.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<