Халықтың ортақ қазынасы

634

0

Халықтың ортақ қазынасы Қазақстан Республикасының түрлі аймақтарында тұратын жүзден астам этностың вокалдық және аспаптық шығармаларының басын қосып, әрбір этносқа тән музыкалық мәдениет пен этникалық ерекшеліктер ғылыми жүйеленген мұндай қомақты еңбекті мен бұрын-соңды кез­дестірмеген екенмін. Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылған жылдан кейін көп ұзамай қолға алынған бұл еңбек Елбасының этностарға қатысты жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының рухани-мәдени жүгін көтере бөліскен.

Атқарылып шығуына көп жыл уақыт жұмсалған бұл зияткерлік еңбектің авторы белгілі фольклортанушы Берік Жүсіпов болғанымен, ол Қа­зақ­стан халқының баға жетпес материалдық емес ұлттық мен­шікті мұрасы болып табылады. Кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде, тіпті сол заманның өзінде де алып империяның құрамында болған бауырлас республикалар тұрмақ, Ресей мемлекетінде де мұндай тақырыппен қолға алын­ған ғылыми еңбек бол­мапты. Зер салып қарап, зерт­теп көрсеңіз, тіпті мұндай тәжірибе әлем халықтарының арасында да кездеспейді екен. Этномузыкатану тәжірибесінде алғаш рет қолға алынып отырған өнертанушы Берік Жүсіповтің бұл музыкалық антологиясының құндылығын Қазақстан халқының ұлттық мәдени жәдігері қатарына қосуға болатын өте бағалы еңбек. Шығармалардың мәйегіндегі елдік рух бірлік туын бекем ұстаған Қазақстан халықтарының алуан түрлі мәдениет үлгілерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ тінге айналдырған мұндай басылым ұлттық өнертануда алғаш рет қолға алынып отырғаны қуантады.

Бір ғана пікірмен бұл үш тілдегі мегажобаны (Қазақстандағы этнос­тардың музыкалық мұра­лары. Музыкалық антология; Музыкальное наследие этносов Казахстана. Музыкальная анто­логия; The musical heritage of ethnic groups of Kazakhstan.Musical anthology) бағалау шынында да мүмкін емес. Өйткені еңбекте не қамтылған деп, күнделікті айтылатын көп сауалдың біріне бұрылғаннан гөрі, этномузыкатану ғылымының теориялық-практикалық жетістіктерін пайдалана отырып, этностардың музыкасы мен ұлттық руханият мәселесін талдауда қамтымаған мәселенің аз екенін ерекше атап өту орынды деп білемін.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты тұжырымдамалары, көп­ұлт­тылық, төзімділік, келісім, этномәдени орталықтардың қыз­меті, этностардың төлтума мәдениеті, әдет-ғұрып, теңқұ­қық­тық, ұлтаралық қатынас, диас­поралардың рухани ошақтары мен ұлтаралық қатынастар саласын ізгілендіру, этностар туралы ғылыми еңбектер, ежелгі дәуірдегі музыка туралы архаикалық, заманауи түсініктер, әлемдік және Қазақстан халқының музыка тарихына шолу, саз аспаптары туралы тұжырым-түсініктер, әлем халықтары музыкасының ортақтығы, музыкалық дәстүрлер, саз өнерінің арғы тегі, ырғақ, рең, әуез, серпін, саз өнеріндегі жүйе туралы түсініктер, шаһар музыкасы және дала мәдениеті, Шығыс пен Еуропа музыкасы, Азия топырағындағы музыкалық мәдениет, модальдық жүйе мен мақамдық ұстаным, байырғы музыкалық теория туралы түсініктер, көші-қон үдерісі және мәдени байланыстар жүйесі, жаңа үрдістер, музыка саясаты, полиэтникалық өнер… Міне, бір кіріспе бөлімнің ғана көтерген мәселесі осындай.

«Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық антология – отандық ғылым саласындағы теңдесі жоқ еңбек. Ал оның авторы Берік Жүсіповтің бұл зияткерлік меншігін Қазақстан халқының баға жетпес материалдық емес мәдени мұрасының басын қосып, ғылыми негіздеген, сөйтіп, этномузыкатануда төңкеріс жасаған алғашқы еңбек ретінде бағалаған дұрыс.


Шахым ГУЛЛЫЕВ,

өнертану ғылымдарының докторы, профессор.

(«Алматы ақшамы», 2015 жыл, 12 желтоқсан).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<