Халық қай кезде жан байлығын мал-дүниеден жоғары қойған. Бұрынғы байларымыздың бір күн жырау жырлатып, бір үйір жылқы айдатып жіберетін жомарттықтары осыны мегзейді. Осынау ұлт құндылығы тәуелсіз елдің де рухани тірегі болды.
2020 жылы аймағымызда төтеннен киліккен қиындыққа қарамастан айшықты оқиғалардың орны аласарған жоқ.
Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде аталды. Осы мерейлі күндердің аясында ұлт тарихында ұлы есімдерін қалдырған тұлғаларды насихаттаған 2 мыңдай мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Қызылорда облыстық драма театрында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай алғаш рет А.Жұбановтың және Л.Хамидидің «Абай» операсы сахналанды. Қойылымға 100-ге жуық театр артисі қатысты. Бұл қызылордалық артистердің опера жанрындағы алғашқы қойылымы болса да, көрерменнің жоғары бағасын иеленді.
«Nur Otan» партиясымен бірлесіп өткізілген «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысында еліміздің үздік айтыскерлері өнер көрсетті. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Е.Төлеубайдың «Абай», Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» спектакльдері сахналанды. Сонымен қатар, театр артистері сахнаға басқа да белгілі драматургтардың шығармаларын алып шықты.
Облыс кітапханаларында әл Фараби мен ұлы Абайдың тағылымына және Алтын Орда тарихына қатысты кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Өткен жылдың мәдениет саласындағы басты оқиғаларының бірі ақтаңгер ақын Мұхтар Ниязовтың үшінші мәрте «Алтын домбыра» сыйлығын жеңіп алуы болды. Бағалы сыйлық Қызылордаға әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерлерінің тізіміне енгізілді. Жыршы, ақын Күнсұлу Түрікпен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне орай күй атасының шығармаларын насихаттау үшін облыстық филармония жанынан «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды.
Облыстың мәдениет үйлері мен клубтарда мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде 7665 шара онлайн түрінде өтіп, қаралымы 1,4 млн көрерменді құрады.
Облыс кітапханаларының кітап қоры 4,478 мың дананы құрады, 58850 данасы жаңа кітаппен толықты. Музейлерде 6641 экскурсия, 850 лекция, 707 көрме ұйымдастырылып, оған 182252 келуші қамтылды. Олардың үштен екісі онлайн түрінде өтіп, 145458 қаралым жинады. Облыстағы архив мекемелеріне 16129 құжат мемлекеттік сақтауға қабылданды. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 23780 сақтау бірлігі сандық жүйеге көшірілді. Облыс архивіне анықтамалар беру қызметі бойынша жеке және заңды тұлғалардан 14321 сұраныс түсіп, қанағаттандырылды.
Елімізде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты барлық іс-шаралар Youtube әлеуметтік желісінде арнайы ашылған «Сыр шаңырағы» арнасында жарияланды. Бүгінгі күнге дейін халыққа осы арна арқылы 600-ден аса видеокөрсетілім жол тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың рухани құндылықтарын арттыру мақсатымен көптеген мәдени жобалар онлайн форматта жүзеге асырылды.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және зерттеу мақсатында ежелгі Бәбіш мола қалашығына және ортағасырлық Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала, Асанас қалашықтарына археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Мәдениет саласына жасалған қамқорлықтар қатары да сиреген жоқ. 18 мәдениет нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бірнеше өнер мен мәдениет үздіктері лайықты марапаттарға ие болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<